Жұма, 03 мамыр, 14:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Сот ашықтығы – уақыт талабы

01.02.2023

806 0

Өткен жылы облыстық соттың өндірісінде татуласу шаралары 2021 жылмен салыстырғанда біршама артқан. Бұл жөнінде Қызылорда облыстық соттың төрағасы Әділхан Шығамбаев 2022 жылғы сот төрелігін атқару қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

БАҚ өкілдерімен өткен кездесу барысында облыстық сот төрағасы былтырғы жылы атқарылған жұмыстар барысын атап өтті. Мәселен, есепті кезеңде соттардың өндірісіне 1060 қылмыстық іс, 12686 әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы іс, 18457 талап қою, 516 азаматтық іс, 825 әкімшілік іс түскен. Ал медиация тәртібімен 111 қылмыстық, 1890 азаматтық, 94 әкімшілік іс медиациялық келісіммен аяқталса, татуласу келісімі негізінде 109 азаматтық, 2 әкімшілік іс, ал партисипативтік рәсім тәртібімен 22 азаматтық іс өндірістен қысқартылған.

– Өздеріңіз білесіздер, өткен жылдың басы еліміз үшін оңай болған жоқ. Оның ішінде сот ғимараты да зардап шекті. Десе де күннің суығына қарамастан сот қызметкерлері жұмысты тоқтатпай, жақын орналасқан ғимараттарда отырып жұмыс істеді. Қандай жағдай болса да жұмыс сапасы төмендеген жоқ. Бүгінде сот ашықтығы – уақыт талабы. Біздің өңірде сот жүйесінің ашықтығы толығымен қамтамасыз етілген. Облыстық соттың сайтына, әлеуметтік желілердегі парақшаларда, ютуб каналында сот жаңалықтары үзбей шығып отыр. Сонымен қатар азаматтарға оңтайлы қызмет көрсетіп, кері байланыс орнату мақсатында Call-орталық, әр сотта whats’app мессенжері, телеграмм-бот, талап қою үлгілері жинақталған QR-код үздіксіз жұмыс істеп тұр.

Айта кетейік, облыстық сот төрағасы азаматтардың сот жүйесіне қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында аптасына бір рет  сәрсенбі күні сағат 16:00 ден 18:00-ге дейін азаматтарды жеке қабылдайды. Әділхан Жұмабайұлының айтуынша, қарапайым халықтың басым көпшілігі аймақтағы күйіп тұрған жер мәселесіне байланысты келеді екен.

Баспасөз мәслихатында соттар әкімшісінің басшысы Сағатбек Сүлеймен былтырғы төтенше жағдайлар режимінің салдарын жою бойынша ғимарат толығымен жөнделіп, қазір сот жұмысы қалыпты режимге көшкенін айтты.

– Ғимаратты қалыпқа келтіру жұмыстары он айға жуық жасалып, сот ғимаратының іші-сырты, сот, мәжіліс залдары, дәліз, еден толығымен күрделі жөндеуден өтті.  Сонымен қатар жаңадан жиһаздар алынып, есік-терезелер, шатыр, электр желісі, жылу, кәріз жүйелері толығымен жаңартылды. Облыстық  және қалалық соттың фронт-офистері қайта жасақталып, күту залы, анықтама бұрышы, жеке жұмыс жасау секторы, адвокаттар мен медиаторлар орны, кіріс кеңсесі, балалар ойын алаңқайы талапқа сай етіп жасалды. Бірінші қабатқа LED экран орналастырылды. Экранды сотқа келуші азаматтар сот ақпараттарымен, QR код арқылы талап арыз үлгілерімен, Жоғарғы Сот пен облыстық сот басшылығының жеке қабылдау кестесімен таныса алады. Мұндай LED экранды еліміз бойынша біздің аймақ алғаш рет қолданысқа енгізіп отыр, – деді Сағатбек Болатбекұлы.

Соттар әкімшісінің басшысының айтуынша, облыс бойынша негізі 85 судья болу керек екен. Ал қазір 75 судья жұмыс істейді. Қалған он бос орынға байқау жарияланған. Ерекше айта кету керек,  ғимаратта жұмыс уақыты басталарда және жұмыс уақыты біткен кезде қазақ күйлері күмбірлеп тұрады.  Сондай-а құрпақтар сабақтастығы ретінде облыстық соттың ғимаратында ежелгі билер заманынан бастап бүгін облыстық сотқа дейінгі уақытты қамтитын мұражай ашылды.

Шара соңында баспасөз мәслихатына қатысқан БАҚ өкілдері облыстық, қалалық соттың фронт-офисі, LED экран, сот залдары, мұражай, мәжіліс залының жаңғыртылған нұсқасымен танысты.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: