Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2026 жылғы 24 сәуірдегі бұйрығымен тегін заң көмегін көрсету мәселелері бойынша бірқатар нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Атап айтқанда, заң консультанттары палаталары ұйымдастыратын мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуге заң консультанттарының қатысу қағидалары жаңартылды.
Жаңа талаптарға сәйкес, аумақтық әділет органдары жыл сайын 25 желтоқсаннан кешіктірмей мемлекет кепілдік берген заң көмегі жүйесіне қатысатын заң консультанттарының тізімін өз интернет-ресурстарында жариялап отыруы тиіс.
Сонымен қатар заң консультанттары палаталары да осы мерзімге дейін өз сайттарында және заң көмегінің бірыңғай цифрлық жүйесінде аталған тізімді орналастырады.
Құжатта құқықтық кеңес беру жеке тұлға жүгінген сәтте тікелей немесе заң көмегінің бірыңғай цифрлық жүйесі арқылы электронды форматта жүргізілетіні көрсетілген.
Бұл ретте құқықтық кеңес беру түріндегі білікті заң көмегін көрсететін заң консультантын өтініш беруші – жеке тұлғаның өзі таңдайды.
Ал сот тағайындаған жағдайларда заң консультантын іріктеу заң консультанттары палаталары қалыптастыратын кестеге сәйкес қағаз және/немесе электронды форматта бірыңғай цифрлық жүйе арқылы жүзеге асырылады.
Сондай-ақ заң консультанттары көрсеткен мемлекет кепілдік берген заң көмегінің есебін жүргізуге міндеттеледі. Есеп тізілімінде көмек сұраған адамның аты-жөні, жүгінген күні, мәселенің мәні, көрсетілген заң көмегінің түрі мен нысаны, сондай-ақ өтініш берушінің қолы көрсетіледі.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін есепке алу қағаз және/немесе электронды форматта заң көмегінің бірыңғай цифрлық жүйесі арқылы жүргізіледі.
Заң консультанттары өздері көрсеткен мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы есепті ай сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың бесінен кешіктірмей қағаз және/немесе электронды форматта заң көмегінің бірыңғай цифрлық жүйесі арқылы қалыптастырады.
Ал заң консультанттары көрсеткен мемлекет кепілдік берген заң көмегі бойынша жиынтық есеп аумақтық әділет органына заң көмегінің бірыңғай цифрлық жүйесі арқылы жолданады.
Сонымен қатар өзгерістер адвокат немесе заң консультанты көрсететін құқықтық кеңес беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін есепке алу қағидаларына да енгізілді.
Құжатта электронды тізілімдегі мәліметтерді, адвокаттық құпияны немесе заң консультантының құпиясын құрайтын конфиденциалды ақпаратты қоспағанда, адвокат немесе заң консультанты заң көмегінің бірыңғай цифрлық жүйесіне енгізетіні нақтыланған.
Сондай-ақ заң консультанттары палатасының үлгілік жарғысына өзгерістер енгізілді.
Атап айтқанда, палатаға мүшелікке үміткердің құжаттарын қабылдау кезінде заң көмегін көрсету саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның интернет-ресурсында және заң көмегінің бірыңғай цифрлық жүйесінде орналастырылған заң консультанттары палаталары мүшелерінің тізілімі тексерілетіні көрсетілген.
Түзетулер аталған құжаттарды Цифрлық кодекс талаптарына сәйкестендіру мақсатында енгізілді.
Бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енеді.
Бұған дейін Қазақстанда тегін заң көмегіне жұмсалатын шығындарды өтеу қағидалары өзгеретіні хабарланған болатын.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
