Жұма, 29 наурыз, 16:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Қарлығашқа қиянат қылмаған

01.06.2021

6947 0

Осы көктемде нағашымның ауылына бардым. Ол жақтағы қара шаңырақ шағын болса да іші берекеге толы. Бірақ үй ескірді. Ескі үйді үлкендер бұзғысы жоқ. Өйткені бұл көпті көрген ата-әжемнің көзі еді. Содан балалары сыртқы бөлмесін ғана бұзып, қалғанына жөндеу жүргізіп, ескінің жанынан жаңа үй көтеруде.

Әрине, тірі адам тіршілігін жасай береді. Жақында ауылға тағы бет алдым. Сөйтсем, ағаларым тірлікті тоқтатып қойыпты. Неге десеңіз, сыртқы кіре беріс бөлменің төбесіне қос қарлығаш ұя салып жатыр екен.

– Жұмысты енді бастағалы отыр едік, қар­лығаш ұя салуда. Сосын жұмыртқалап балапандарын ұшырғаннан кейін жалғастырамыз деп шештік. Әйтпесе қарлығаштарға қиын ғой, – деді нағашы ағам. Іштей көңілім жылып қалды. Дереу құстардың ұясына қарай бардым. Расында, екі қарлығаш өзінше тірлік етуде. Сүп-сүйкімді қос құс бірінен соң бірі аузымен батпақ тасып, ұясын салуда.

Әлгі қос құстың қызу тірлігіне қарап отырып, бала кезімді сағынышпен еске алдым. Балалық шақта «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген мультфильмді көріп өстік. Осы бір кішкене құсты барша адам баласы жақсы көреді емес пе?! Шыны керек, өзі адамға өте жақын. Басқа қанаттылар бізден қорқып, үркіп қашып жүреді. Ал қарлығаш болса паналайды. Үйіңіздің ішіне үйін салып, балапандарын қанаттандырып ұшырады. Адамдар да оған тиіспейді. Бір сөзбен айтқанда, ол – адамның досы, жанашыры, қай кезде де қамқор болып жүретін адал құс.

Қазақ баласы қарлығаштың ұясын бұзбайды. Себебі оны киелі деп есептейді. Содан да болар, құс əр шаңыраққа еркін кіріп ұшып жүре береді. Дегенмен соңғы уақытта бұл құстың саны азайып бара жатқандай… Әсіресе қалада тым сирек көреміз. Ұя салуға қамданған қарлығашты, есігін айқара ашқан үй иесін де көрмейтін болып барамыз. Есіктер жабылды, құс та өз панасын іздеп кетті. Осы тұста айта кететін бір мəселе, адамдардың пейілі жайлы. Соңғы кезде үйдің айналасын биік етіп қоршаған адамдар құсты паналатпақ түгілі, көршіні де көрмейді. Тіпті танымайтын дəрежеге жетті.

Ал бұрын қандай едік?

Дарқан көңілді қазақтың қай шаңырағы болсын, барлық жанға бірдей ашық болған. Бір-бірінің үйіне еркін кіріп-шығып жүрген соң құстарға да орын табылатын. Қазір адамдардан мұндай кеңдікті, жанашырлықты көрмейсіз. Мұны құс та сезгендей…

Қарлығаш – қазақ ұғымында пейіштің құсы. Білетіндердің айтуынша, əн салатын құстың көмейі қасиетті Құран сүрелерін шырқайтын көрінеді. Ел аузында Ескендір Зұлқарнайынды қарлығаш пəле-жала, қауіп-қатерден сақтапты деген тəмсіл бар. Бұл құс екі көзі соқыр болып туған балаларға арнап көкнəрдің сөлін жияды дейді. Қарлығаш қанатының түсі түнек пен жарықтың белгісі деседі. Міне, кішкене ғана құстың киесі осында…

Тілші түйіні:

Енді жақын күндері нағашымның үйіндегі қарлығаштар балапандарын ұшырады деп асыға күтуде. Қандай тамаша десеңізші! Қарлығаш үйге ұя салса ол үйге береке кіреді деген наным бар. Соны түсініп, қарлығашқа қиянат қылмаған нағашы ағама да, қасиетті құстардың аман-есен қанаттанып кететіндеріне қуанып қалдым. Шіркін, адам жүрегі үнемі осындай жылылыққа толы болса ғой. Ниет тарылмасыншы, адамдар…

Биыл сәуір айында мен Тереңөзек ауданына келін болып түстім. Біз тұратын үйдің жеті бұрышына қарлығаштар ұя салып тастапты. Әрқайсысы өзінше тіршілік етуде. Күнде соларды бір бақылап қоямын. Ал даусын айтсаңызшы… Керемет. Мен мұны жақсылыққа жорыдым…

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: