Жарты ғасырдан астам ғұмыры бар Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театры қазақ театр өнерін тек елімізде ғана емес әлемдік деңгейде паш етіп жүрген өнер ордасы. Іргесі алғаш Жетісу өңірінде қаланып, өмір жолы Сыр өңірінде жалғасқан театр ұжымы толағай туындыларымен көрермен жүрегіне жол сала білді.
Сыр өңіріндегі алғашқы шымылдығын Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясымен ашқан өнер ұжымы бүгінгі күнге дейін түрлі жанрдағы шығармаларды театр сахнасында сахналады. Өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды.
«Абай», «Қаракөз», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қарақыпшақ Қобыланды», «Ақан сері – Ақтоқты» сияқты қазақ әдебиетінің шоқтығы биік шығармаларын шебер сахналаған театр ұжымының қоржынында шет ел классиктерінің де туындылары жеткілікті. Рухани азық алуға асыққан көрерменнің көңілінен шыға білген театр өнерпаздары қазақ өнерін әлем елдеріне де танытып жүр. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Ұлыбританиядағы қазақ өнерінің күндері аясында Д.Исабековтың «Ескі үйдегі екі кездесу» драмасын Лондон төріндегі Британ корольдік музыкалық театр сахнасында сахналады. Шетелдік талғампаз көрерменнің қошеметіне бөленген өнер ұжымы бұдан соң Шотландияның Эдинбург қаласында өткен халықаралық «Фриндж» өнер байқауына жолдама алды. Байқауда өнер ұжымы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесасының желісімен «Ақбаян» қойылымын ұсынды. Бұл қойылым фестивальде жоғары бағаланып, спектакль режиссеры Хұсейн Әмір-Темір, театр әртісі З.Төлепова, Қ.Архабаев Еуропаның «Алтын кітабына» енді.
Ал, Еуропа төріндегі танымалдыққа жол салған «Ескі үйдегі екі кездесу» драмасы ана тілімізде қойылған алғашқы спектакль болатын. Осылайша өнер ұжымы шетел сахнасында тұңғыш қазақ тілінде өнер көрсеткен театр ретінде тарихқа енді.
Айдана СЕЙІЛ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!