Жұма, 27 желтоқсан, 09:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Футбол: чемпионға қарсы ойнаған күн

30.03.2021

5331 0

28 наурызда Әлем чемпионатына іріктеу бойынша Қазақстан өз алаңында Францияның құрамасын қабылдады. Матчтың соңы 2:0 есебімен аяқталып, француздар 3 ұпайды иеленіп кетті. Әрине, бұл ойынның тағдыры көпшілікке басынан-ақ түсінікті болды. Десе де ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Байсуфинов айтпақшы, «Әлем чемпиондарымен ойын жігіттерге тәжірибе болды».

Жалпы Дидье Дешам бастаған Франция құрамасына бұл ойын оңай болған жоқ. Бес сағаттық айырмашылық, ауа-райының салқындығы. Мұның барлығы қазақ футболшыларының үлесіне жазылғаны сөзсіз. Бұл туралы матч алдындағы баспасөз мәслихатында Франция капитаны Уго Льорис те айтқан болатын. Алайда франциялық спортшылар шын шеберге шаршы алаңда тұсау жоқ екенін дәлелдей алды. Қазақстанның бастапқы құрамында Мокин, Быстров, Ерланов, Малый, Алип, Валиуллин, Мужиков, Тағыберген, Васильев, Нұрғалиев пен Федин болып, құрама капитанына Азат Нұрғалиев тағайындалды. Осылайша, бас бапкер ұлттық құраманың алғашқы құрамына «Тобылдың» жеті бірдей ойыншысын шығаруды жөн көрді. Ал Дидье Дешам бастапқы минутта алаңға Льорис, Динь, Лангле, Зума, Дюбуа, Ндомбеле, Погба, Марсияль, Гризманн, Лумар және Дембелені шығарды. Алғашқы құрамнан Мбаппе, Жиру, Эрнандес секілді «жұлдыздар» табылмады.

Футбол: чемпионға қарсы  ойнаған күн

Матчтың тағдыры бірінші таймда шешілгендей. Себебі француздар 19 минутта өздерінің алғашқы голын Мокиннің қақпасына соғып үлгерді. Алғашқы голдың авторы Усман Дембеле үшін бұл ұлттық құрама есебіне 2018 жылдан бері соғылған алғашқы доп болды. Негізінде франциялық футболшылар ойынды баяу қарқында бастады. Ал Қазақстан құрамасы ойынды өз бақылауына алуға тырысты. Тіпті алғашқы қауіпті сәтті алаң иелері бастап, Валиуллиннің пасынан кейін Владислав Васильев қарсылас қақпасына тура соққы бағыттады. Бірінші голдан кейін араға 25 минут уақыт салып таблодағы есеп тағы өзгерді. Бірер минут бұрын бос қақпаны голдан сақтап қалған ұлттық құраманың қорғаушысына автогол жазылды. Бұрыштамадан көтерілген допқа Погбамен талас кезінде Сергей Малый француздардың еншісіне тағы бір гол қосты. Матч кезіндегі барлық қызықты сәт үзілістен кейінгі екінші таймда орын алды.  Ойынның екінші жартысын француздар оффсайд үшін есепке алынбаған Гризманның голынан бастады. Сондай-ақ франциялық бас бапкері құрамдағы Марсьял, Гризманн мен Погбаны ауыстырды. Үш бірдей ойыншының орнына Бен Йеддер, Рабье және көпшілік асыға күткен «ПСЖ» жұлдызы Киллиан Мбаппе шықты. 22 жастағы шабуылшы Мбаппенің ойынға қосылуы Франция құрамасының шабуыл есебін арттырды.

Футбол: чемпионға қарсы  ойнаған күн

Ал ойын соңында матчтың жұлдызы 39 жастағы қазақстандық қақпашы Мокин атанды. Алғашында Усман Дембеленің жойқын соққысын қайтарған қақпашы кейін Мбаппенің бұрышқа қарай соғылған добын да қақпаға кіргізбеді. Қақпашының жұлдызды сәті Нұрали Алиптың ойын ережесін бұзған сәтінде орын алды. Дөрекі ойын үшін бас төреші Алексей Кульбаков Қазақстан қақпасына 11 метрлік айып соққысын белгіледі. Бұл орайда қақапашы Мокин жаңылмады. Киллианның соққысын тосып, өз қақпасын үшінші голдан сақтап қалды. Бұл соққының қай бұрышқа соғылатынын Азат Нұрғалиев айтқанын қақпашы жасырмады. Бұл орайда айып соққысын соғуда Францияда жетіспеушілік бар. Себебі 2019 жылдан бері 7 пенальтидің тек үшеуі ғана нәтижелі болған. Ол үш голдың авторы – Оливье Жиру. Өзінің үш әрекетін Гризманн және бір соққыны Мбаппе жүзеге асыра алмады.

Мокин сыйлаған жарқын сәтті өзгерту мүмкін емес еді. Бірақ ұлттық құраманың бапкерлері ойынды қызықты өткізу үшін барлық жағдайды жасады. Клубтық құрама сапында бірінші болмаған жас ойыншы Астанов, Каримов пен Самородовқа ұлттық құрама сапындағы дебютін жасауға мүмкіндік берілді. Оның үстіне алғашқы минуттан-ақ құрама сапынан табылған дебютант Валиуллинды жаман ойын көрсетті деуге әсте келмейді. Осылайша Қазақстан Әлем чемпионатына іріктеудегі алғашқы ойынын жеңіліспен бастаса, Франция құрамасы осы матч есебінен 4 ұпаймен топ ішінде көш бастап тұр.

Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында бас бапкер Байсуфинов «Иә, өкінішіке орай, жеңіліп қалдық және өз қателіктерімізді білеміз. Бірақ жанкүйерлер қатты сөкпейді деп сенеміз. Өйткені олар жандарын салып ойнады. Қазір бізге ең бастысы тұрақтылық сақтап, жақсы нәтиже көрсету. Чемпионаттың алдағы ойындарына қарап, тағы да жаңа ойыншыларды қатарға қосамыз. Ойынды талқылап, кем-кетік жерлерімізді түзетуге тырысамыз» деді. Сондай-ақ ол Абат Айымбетовтің алаңға шықпауының себебі тәжірибесінің аз болғандығынан деп түйіндеді. Ал Бақтиер Зайнутдинов жарақатына байланысты бұл ойынға қатыса алмайды. Бапкердің айтуынша 22 жастағы шабуылшыны Украинаға қарсы ойында да көруіміз екіталай. Жалпы матч алдында Зайнутдиновтың ойынға шықпайтынына көпшіліктің назары ауды. Тіпті бұл ақпарат аясында резонанс та туындады.

Матчқа дайындық барысында Бақтиердің ескі жарақаты қайта ауырған. Бас бапкер «Ресей чемпионатының соңғы матчында тізе жарақатын алған. Бізге ЦСКА ешқандай құжаттар ұсынбады. Ұлттық құрамаға келгенде ол барлық тексеруден өтіп, ескі жарақатының рецидивіне байланысты ойынға қатыса алмайды деп шешілді» деді. Есесіне шабуылшыға қарай футбол фанаттары шабуыл жасап, әлеуметтік желіде «жай ойнағым келмейді» деп мойында деген пікірге футболшы «Мен ұлттық құрамада ойнаудан қашатын адам емеспін!» деп жауап берді. Ал «Ресейдегі жарақат» деген сөзге Мәскеу қаласының ЦСКА құрамасы жауапсыз қалмады. «Зайнутдинов Қазақстан ұлттық құрамасына ешқандай жарақатсыз аттанды. Ескі жарақатының қайта ауыруы оның ұлттық құрама сапындағы дайындықта орын алған. Мұның басты себебі жасанды газондағы ойын болуы мүмкін» деп жауап қатты.

Журналист Айдын Кожахмет жарақат алған Бақтиерға Қа­зақстан футбол федерациясының шенеунігі қоқан-лоқы көрсетті деп жазды. «Матчтан бір күн бұрын түнде қонақ үйге келіп шабуылшыны «Ойынға шығудан жалтарып жатырсың» деп айыптаған. Сондай-ақ оған белгісіз аза­мат Францияға қарсы ойынға шықпаса оны жамандық күтіп тұрғанын айтып «Екпе егіп шықсаң да ойнайтын бол» деп сес көрсеткен.

Ал бас бапкер мұны жай ғана айыптау деп көрсетті. «Мен онымен «Зенитпен» болған ойыннан кейін хабарласқанда ауырсыну барын айтты. Сол себептен тексерістен өткіздік. Ол қанша ойнағысы келгенімен, екпе салып оны ойынға қосу дұрыс деп санамадық» деді бас бапкер. Енді Бақтиер Зайнутдинов Украинамен болатын ойынға қатыса алмайтындықтан Мәскеуге қайта оралмақ.

Жалпы ойын төмен деңгейде өтті деуге болмайды. Ұлттық құрама барын салып ойнады. Қорғаныс шебінде де, допқа талас кезінде де жаман нәтиже көрсетпеді. Тіпті француздық бапкер Дидье Дешам құрамаға жаман баға берген жоқ. «Біз тағы екі-үш гол соғамыз деп ойладық. Дегенмен қазақстандық қақпашы біздің шабуылшылардың добын тоқтатып отырды. Қарсыластардың ойыншыларын бөліп-жарғым келмейді. Алайда голкипер Мокин ерекше көзге түсті. Жас ойыншылары көп ұлттық құраманың жақсы күндері әлі алда деп ойлаймын» деді Францияның бас бапкері.

Негізінен Франция ұлттық құрамасы біздікінен 43 есе қымбат. Себебі Қазақстан құрамасының жалпы бағасы 24,75 млн еуро болса, Францияның бағасы 1,07 млрд еуроны құрайды. Бағасына қарай сапасы демекші, әлем чемпиондарын жеңу оңайға соқпайды. Алайда олармен текетіресіп, қарсылық көрсету кім көрінгеннің қолынан келмесі анық. Ендігі мақсат – Франциямен тең есепте ойынды аяқтаған Украинаға қарсы матчты сәтті өткізу.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: