Жұма, 29 наурыз, 12:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Облыс әкімі ауыр атлетикадан Әлем чемпионатының жеңімпаздарымен кездесті

03.06.2021

2573 0

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ауыр атлетикадан Әлем чемпионатының жеңімпаздары Рахат Бекболат пен Айсамал Сансызбаевамен кездесті. Басқосу жиынына Облыстық ауыр атлетика федерациясының президенті Темірхан Кенжебаев, ауыр атлетикадан 4 дүркін Әлем чемпионы Илья Ильин, ауыр атлетикадан ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Арман Абдраев қатысты.

Рахат Бекболат пен Айсамал Сансызбаева 23-31 мамыр аралығында Өзбекстанның Ташкент қаласында ауыр атлетикадан 20 жасқа дейінгі жастар арасында өткен Әлем чемпионатында алтын медаль иеленіп, Қазақ елінің Әнұранын екі мәрте шырқатты.

Аймақ басшысы әлемдік аренада ел абыройын асқақтатып, олжалы оралған қос спортшыны жеңісімен құттықтап, игі тілегін арнады.

– Мемлекеттік Ту тек екі жағдайда көтерілетінін білесіздер. Ел Президентінің шетелге іссапарында және әлемдік ареналарда спортшылар жеңіске жеткенде, бірінші орын алған спортшы құрметіне Ту көтеріліп, Әнұран шырқалады. Көк тудың көкке көтеріліп, желбіреуі – біздің еңсеміздің көтерілуі, спортшылар мәртебесінің артқандығы деп білемін.

Жеңіс еңбексіз келмейді. Спортшыларымыздың үздіксіз жаттығып, жарысқа жауаптылықпен қарауы мен жаттықтырушылардың дайындық процесін дұрыс ұйымдастыра білуінің арқасында осындай жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз,-деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Айта кетейік, өткен жылы Рахат пен Айсамал Перудің Лима қаласында онлайн форматта өткен Әлем кубогында жеңімпаз атанып, ел мәртебесін асырды. Кезекті жеңісі кезінде де қос спортшыны аймақ басшысы қабылдап, құрмет білдірген.

Кездесуде Әлем чемпионатының жеңімпаздары сөз алып, облыс әкіміне алғысын жеткізіп, байрақты бәсеке кезіндегі ерекше сәттерімен бөлісті. Сонымен бірге ауыр атлетикадан 4 дүркін Әлем чемпионы Илья Ильин жастардың ауыр атлетика бағытына деген қызығушылығы жоғары екенін атап өтіп, өңірде командалық жұмыстың үйлесімді түрде дамып жатқанын жеткізді.

Жиын соңында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова байрақты бәсекеде жоғары нәтиже көрсеткен қос спортшыға сый-сияпат беріп, қаржылай сыйақы табыстады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: