Жексенбі, 08 желтоқсан, 02:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Жеңіс – алда

10.02.2024

2724 0

Бүгінде артылған жүктің ауырлығын сездірмей, қойған межені орындауға талпынған сырбойылықтар жеңіс тұғырынан көрінуде. Әсіресе, спорттағы нәзік жандардың жетістігі көңіл қуантады. Мысалы, өткен аптада

Boxam Elite-2024 турнирінің финалына шығып, күміс жүлдегері атанған Гүлсая Ержанның ерлігі спортсүйер қауымды бір серпілткен болатын. Осы орайда батыр қызбен тілдесіп, жарыс туралы ой-пікірін білген едік.

– Гүлсая, Испанияның Ла-Нусия қаласында өткен додада бабыңызды көрсете алдыңыз. Күміс еншілеп, жерлестеріңізді қуанттыңыз. Жарыс қалай өтті, неліктен күмісті місе тұттыңыз?

– Бәрін бап шешеді емес пе! Кез келген дода алдындағыдай, бапкерлермен ақылдасып, кеңес алдым. Әрбір кездесуде бар машықты көрсетуге, шеберлік деңгейін танытуға тырыстым. Қарсыластар осал емес, әрбірі қырағы әрі тыңғылықты дайындықпен келген. Біз де барды салдық. Бұйырғаны күміс болды. Басты жеңіс – алда.

– Байқасақ, бұл алғашқы жетістік емес…

– Дұрыс айтасыз. Байрақты бәсекеден олжалы оралып жүрмін. Мәселен, 2022 жылы қараша айында Иордания мемлекетінде өткен әйелдер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атандым. Ал 2021-2022 жылы әйелдер арасында бокстан Қазақстан чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері болдым. 2019 жылы Моңғолия елінде өткен жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс иеленген едім.

– Расында, дайындықтың алар орны ерек. Спортшылар арасында ұзақ демалыс, жаттығуды аяқсыз қалдыру жиі кездеседі. Әсіресе, халықаралық додада топ жарған саңлақтар жарыстан соң сәл босаңсып кететіні бар. Бұл келер кездесуде айқын байқалады. Осы орайда Азия чемипионы ретінде Сіздің дайындығыңыз қалай өтті? Бапты үнемі бақылап отырасыз ба?

– Әрине, тұрақты дайындықсыз нәтиже шығару мүмкін емес. Сондай-ақ әрбір турнир-чемпионаттың өзіндік жаттығуы, алдын ала дамыту керек қабылеті болады. Мысалы, Азия чемипонаты бөлек тәжірибе, тың өзгеріс сыйлады. Жарыс алдында жүйелі жаттығу бағдарламасына сүйеніп, Шымкент қаласында онкүндік оқу-жаттығудан өттім. Бапкерлер кеңесіне құлақ асу, бұрынғы бәсекелерден алған сабақ қателікті қайталамауға септігін тигізгені сөзсіз. Азия чемпионы басталған шақта қобалжу болған. Дегенмен сенімділік пен қайратты бойға жиып, ойды нақтылауға тырыстым. Нәтиже жаман емес, чемпиондық атаққа қол жеткіздім.

– Боксты таңдауыңызға не түрткі болды?

– Бокс сенім сыйлады. Мүмкін, кей спортшы уақыт өте қызығып, спортқа ден қоюы ықтимал. Алайда мен бала кезімнен өмірімді бокспен байланыстырғанмын. 5 жасымнан спортқа алғашқы қадам жасап, дайындық бастадым. Алдыма арман-мақсат қойып, қандай нәтижеге қол жеткізгім келетінін нақтыладым. Осы ниетпен 16 жасымда Қазалы ауданына келіп, Қазалы ауданындағы №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебіне оқуға қабылдандым. Бапкерім – Құлбаев Бақытбек. Өзінің талапшылдығы, адалдығы, еңбекқорлығының нәтижесінде осындай дәрежеге жетуіме көп көмегін тигізді. 7 жылға жуық уақыт аралығында ұста­зымның ақыл-кеңесінің нәтижесінде бала кезімнен армандаған спорт­шыға айналдым. Алдағы уақытта Азия, Әлем чемпионаттарына қатысып, еліміздің көк туын көтергім келеді. Бұл мақсатқа жету үшін күн-түні физикалық жаттығуды үдетіп, үнемі ізденісте болу шарт.

– Спорт қыз балаға қандай артықшылық береді деп ойлайсыз?

– Осы сауал көп ойландырады. Қоғамда бокс қыз балаға тән спорт емес деген ой айтылуда. Алайда бұл пікірмен келіспеймін. Спорт – қыз балаға да тән спорт. Еңбектеніп, ел-жұртының атақ-абыройын әлемдік додаларда дәріптеуге қыз баланың да үлесі зор. Бұдан бөлек өз-өзін қорғау, жақынына қамқор болу, тәртіпке үйрену үшін де бокстың берері мол. Сондай-ақ спорттың арқасында әлемді аралауға болады. Артықшылық та осы тұста болса керек. Бүгінге дейін аталған ойыма қатысты бапкерлер мен әріптестер тарапынан ешқандай қарсы пікір естімедім. Сондықтан әрбір жасөспірімге спорт мүмкіндік бастауына айналады десем артық емес.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Берен ШАҒЫРОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: