Бейсенбі, 18 сәуiр, 22:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Бөрісырғақ

24.01.2023

463 0

Халқымыз табиғат тылсымын ерте заманнан-ақ түсініп, оны өзінің тұрмысында арқау етті. Қысы-жазы далалық өмірде тіршілік еткен қазақ баласы өздері тұрған өлкенің табиғи ерекшелігі мен құпиясын терең білген. Мәселен, айсыз түнде жұлдызға қарап жол тауып, құс, жан-жануар, құрт-құмырсқа тіршілігіне зер салып, ауа райын күні бұрын болжап, ерте қам жасайды. Сондай-ақ жылдың әр айы мен тоқсанында болатын күн қабағындағы және табиғат өзгерістері мен құбылыстарын әркез назарда ұстайды. Оған ат қойып, айдар тағып, баға беріп отырған. Мұндай жайларды үнемі қадағалап, күні бұрын болжайды. Табиғат құбылыстарын жұлдыз арқылы бақылап отыратын халық өз қамына қарай көш бастайтын болған.

Қаңтар айының ішінде күн суытып, қақаған аяз болатыны белгілі. Әсіресе қаң­тардың соңы мен ақпанның алғашқы күндерінде қыс күшіне еніп, сақылдаған сары аяз болады. Ауа райының мұндай құбылысын үлкендер халқымыздың ертеден қалыптасқан «Бөрісырғақ» амалымен байланыстырады.

Зерттеулерге сүйенсек, бөрісырғақ – күн­қайыру мен ауа райын болжау танымын­дағы амал атауы. Қаңтар айының 15-нен 19-ы күнінде ат құлағы көрінбейтін борандар соғады. Көпті көрген көнекөз қариялар қасқырлардың жұптасуына орай қаңтардың осы түнін «Бөрісырғақ» деп атайды. Сырғақ деудің себебі қатты соққан бораннан қар үстінде ештеңе тұра алмай, сырғанап ұшып кетеді. Ертеде бабаларымыз осы күні нәрестені қырқынан шығарып, «қасқырдай батыр болар» деп ырымдаған.

Сонымен қатар зерттеуші Н.Уәли күрделі атаудың екінші сыңары «сырғақтың» мағынасын бұршақпен, кішкене мұзды қар түйіршектерімен байланыстырады. Бұл амалдың көпкөже, тілеукөже деген жанама аттары бар. Мұндағы көпкөженің амал болып аталуының себебін халық жаугершілік заманындағы жеңіс сәттерін тойлаумен байланыстырады.

– Бөрісырғақта даланың қожасы – қасқыр. Басқа күндері мал мен адамға көп соқтыға бермейтін, адам көрсе жақындай қоймайтын қасқырлар осы амалда көздері қанталап, бы­лайғы әдептерін ұмыт қалдырады. Көздері қып-қызыл болған қасекеңдер адам болсын, мал болсын жолында кездескенді жайратып салып кете береді, – дейді білетіндер.  Сондықтан да осы амалдың кезінде бұл жағдаймен таныс көнекөз қариялар бұл амал кезінде малын алысқа ұзатпай, адамдарына да сақ болған.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: