Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жарық жұлдыз

14.05.2022

1990 0

Қазақстан мен Орта Азия жас­тарының жалынды жетекшісі, Шы­ғыс жастарының ұйымдастыру­шысы болған белгілі қоғам қай­раткері Ғани Мұратбаев есімі елге ғана емес, әлемге белгілі. Биыл Ғанидай даңқты жерлесіміздің өмір­ге келгеніне – 120 жыл. 

Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев Қазалы­ның қасиетті топырағында, қазіргі өзінің атымен аталатын ауылда Мұратбай болыс шаңырағында 1902 жылы 3 маусымда дүниеге кел­ген. Кеңес дәуірі кезінде «Ғани жар­лы-жақыбай отбасында дүниеге кел­­ді» деп жазылып жүрді. Алайда Қазалының көнекөз қариялары мен шежірешілердің айтуынша, Мұратбай ұзақ жылдар бойы болыс болып, ел билеген парасатты адам. Бұл шындық тәуелсіздік алғалы ашық айтыла бастады. 

Өмір талқысына қаршадайынан араласқан бала сергек те зерек бол­ды. Ол «қаналушы кім, қанаушы кім» екенін бес саусағындай біле өсті, кедей шаруа балаларының теңдік­шіл, жарасымды өмірін аңсады. Ел­дің екі жақ боп, ешнәрсеге көзі жете қоймаған төңкерісті толқынды осы кезеңінде Ғанидың алғашқы демократиялық көзқарасы оянды.

Білімге құмартқан жас Ғани 1918 жылы Қазалыдан Ташкентке келіп, қазақ-қырғыз педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Бұл учи­лище 1920 жылдан бастап Халық ағарту институты болды. 1919 жылы Ғани Мұратбаев жастар ұйымына мүшелікке қабылданады. Міне, осы күннен бастап Ғанидың жалындаған өмірі жастар ұйымымен тығыз бай­ланыста өтті. Ташкентте оқыған жыл­дары жалынды жас Ғанидың есімі қазақ, өзбек, тәжік, түрікмен, қырғыз, ұйғыр, қарақалпақ секілді бүкіл кеңестік шығыс жастарының арасына кеңінен танылып қалған болатын. Ол  Ташкенттегі қазақ-қыр­ғыз институтының студент жастары арасында комсомол ұйымын құрып, 1920 жылы Ташкентте қазақ жас­тарының клубын ашу арқылы таны­лады. 1921 жылы ол Түркістан ком­сомолы Орталық комитетінің 1-ші секретары қызметінде жүріп, комсомолдың одақтық ІV съезіне делегат болды. Ғани Мұратбаев съезде Орталық комсомол комите­тінің пленум мүшесі болып сайлана­ды. Осы съезде оған «КСРО теңіз флотының құрметті теңізшісі» деген атақ берілді.

Ғ.Мұратбаевтың еңбекшілердің жұмысшы-шаруа жастары мүддесі жолындағы адал да қажырлы еңбегі әр уақытта лайықты бағаланып отыр­ды. Хорезм Кеңестік Социалис­тік республикасы Орта Азия комму­нистік Жастар ұйымына басшылық етіп тәрбие жұмысын ойдағы­дай жүргізгені үшін оны «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталды. Ғ.Мұрат­баев 1921 жылы Самарқан өлке­лік комсомол комитетінің, кейін Түркістан Республикасы комсомол ұйымы орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Ол Таш­кентте «Жас Алаш» газетінің редакциясын ашып, оның тұңғыш редакторы болады. 1923 жыл Таш­кентте жетім балалар үшін бірнеше балалар үйін ашуға қатысады. 1924 жылы Коммунистік жастар интер­националының атқару комитеті­­нің шығыс жастары бөлімінің мең­герушісі болып тағайындалады. 1919-1925 жылдардағы жастарға тәр­бие, білім беру, оларды мәдениетті, білікті кадр ету мәселелерінің бәрі де Ғани есімімен, істерімен тығыз байланысты. Ол Орта Азия мен Қазақстанды мекендеген ұлттардың тарихын, мәдениетін, әдебиеті мен этнологиясын, салт-дәстүрін, музы­касын жете білді, терең түсінді. 

Ғани Түркістан республикасы секілді көпұлтты, қалыптаспаған өл­кенің комсомол ұйымын басқа­руымен қатар түрлі қоғамдық жұ­мыстарға қазақ әдебиетін, мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосты.  Қазақ халқының аңыздары мен ертегілерін, өлеңдері мен әндерін жинақтап, қазақтардың 1500 әнін нотаға түсіріп, бастырып шығарған.     

Жалынды жастың жарқын өмі­рі бүгінгі және ертеңгі жас ұрпақ­­­­қа қашанда үлгі-өнеге. Орта Азия жастарының көшбасшысы Ғани Мұратбаевтың есімін мәңгі жаңғыр­ту мақсатында  1981 жылы 13 ма­мыр­да Қазалы қаласында Ғани Мұратбаевтың өмірі мен қызметін бейнелейтін мемориалдық мұражай­­ды ашу туралы облыстық  Кеңе­сі атқару комитетінің шешімі шық­ты. Бұл мұражай 1999 жылы Ғани Мұратбаев атындағы Қазалы тари­хи-мемориалдық мұражайы болып қайта құрылды. Қаланың ор­тасын­дағы қарағай там қашанда көне­нің көзі болып көрінері анық. Ғаниды танығысы, ол өмір сүрген уа­қытты білгісі келген әрбір адамның осы мұ­ражайдан көп мағлұмат алары сөзсіз.    

Бүгінде Қызылорда қаласындағы орталық стадион, көше, оқу орны, Қазалы ауданындағы  ауыл және  Қазалы қаласындағы №17 орта мек­теп Ғани Мұратбаев есімімен аталады.

Архив қорындағы қалалық ат­қару комитетінің 1958 жылғы 25 тамыздағы №316 шешімімен №171 орта мектепке, облыстық Кеңесі атқару комитетінің 1986 жыл­ғы 22 қаңтардағы  №20 шеші­мімен  Қызылорда теміржол көлігі техникумына, қалалық атқару коми­тетінің 1992 жылғы 1 қаң­тардағы №12 шешімімен Н.Гоголь көшесіне Ғани Мұратбаевтың есімі берілгендігі туралы құжаттар,  Ғ.Мұратбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай шыққан «Қазақтың жарық жұл­ды­зы», «Өнегелі өмір, өшпейтін рух», «Ғани Мұратбаев-100 жыл», «Ғани – 100 жыл» атты кітаптары,  баспасөз бетіне жарияланған мақалалары сақ­таулы.    

Ғ.Мұратбаев өмірінің соңғы жыл­­­дары Коммунистік Жастар Интер­националы атқару комитетінің Шы­ғыс елдері жастар арасындағы жұмыс бөлімінің меңгерушісі болды. Жас­тардың болашағы үшін ғұмырын сарп еткен қоғам қайраткері 1925 жылы 15 сәуірде Мәскеуде қайтыс болды. 

Ғани Мұратбаевтың өмірі мен қызметіне негізделген тарихи құ­жаттар архив қорында сақтау­лы. Сол құжаттармен таныс­қан әрбір азамат Ғанидың ұйымдастырушылық, іс­керлік, даналық, қамқорлық істеріне тәнті болып, оған құрметпен бас иетіні сөзсіз.

Аманкүл ҚАПАНОВА,

облыстық мемлекеттік архивтің ІІ санатты археографы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: