Әйелдердің мәртебесін көтеріп, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру мақсатында «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанынан әйелдер қанаты құрылды.
Партия филиалы жанынан құрылған әйелдер қанаты отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесіп, отбасы құндылықтарын дәріптейді. Кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсетіп, нәзік жандылардың ғылыммен айналысуына жағдай жасауға бағытталып отыр. Мұны өңірге арнайы келіп, нәзік жандылармен кездескен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапаққызы атап өтті.
«AMANAT» партиясы әйелдер қанаты атқаратын жұмыстың 10 басым бағытын әзірледі. Оның ішінде, отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесу, өндірістегі еңбекті қорғау, ауылдағы бизнес, отбасы денсаулығы мен құндылықтары, экономикалық құқықтар, әйелдердің ғылымдағы рөлі және тағы басқа бағытта бар. Әр бағыт бойынша сараптамалық топтар жұмыс істейді. Олар туындаған мәселелерді шешуге қатысты өз пайым-пікірін ұсынады»,- деді Үнзила Шапақ.
Жиын барысында «AMANAT» партиясы өңірлік әйелдер қанатының жетекшісі сайланды. Бұл лауазымға партияның қалалық филиалы саяси кеңесінің мүшесі, «Анаға тағзым» орталығының директоры Алтынай Молжанова лайық деп танылды.
«Анаға тағзым» ғимаратында Президент тапсырмасына сәйкес «Әйелдердің креативті индустрия орталығы» жұмысын бастаған болатын. Қолынан іс келетін, жаңаша ұлттық брендтерді ойлап тауып, экспорт дамуына үлес қосатын әйел азаматтарды бір жерге топтасуына мүмкіндік жасалған. Мұнан «Мирас» әжелер клубы, «Ұлт жақұты» музей залы, «Бойтұмар» қыздар клубы, «Сырғалым» сырласу клубы, «Жас отау» жас отбасылар мектебі, «Ана тілі» дебат клубы жұмыс жасайды. Әрине, мақсат ортақ. Ол – әйел азаматтарды жан-жақты қолдау. Сондықтан бұл лауазым маған қай жағынан болса да үлкен жауапкершілік жүктейді. Бірлесіп жұмыс жасауға дайынмын»,- деді Алтынай Молжанова.
Жалпы аймақта 45 мыңнан астам партия мүшесінің 63 пайызы әйелдер.Жергілікті мәслихаттарда 21 әйел депутат бар. Белсенді әйелдердің басын біріктірген жобаның ашылуында өңірдегі саясат, білім, денсаулық, мәдениет, кәсіпкерлік, үкіметтік емес ұйымдар және т.б салаларда табысты қызмет етіп келе жатқан әйелдер өз ойларын ортаға салып, түрлі ұсыныстарымен бөлісті.
Атап өтейік, өңірге арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапаққызы «Анаға тағзым»ескерткішіне гүл шоғын қойып, орталық жұмысымен танысты.Сонымен қатар отбасы орталығында болып, жаңа ғимаратты көрді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!