Бейсенбі, 25 сәуiр, 03:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Бүлдіршіннің таныған талантын

09.03.2023

608 0

Бала тәрбиесінде үйдегі ата-анадан бөлек, бөбекжай балабақшаның да маңызы бары белгілі. Әр үйдің бір-бір еркесін бетінен қақпай өсіріп, тәрбиелік тағылым беретіні, тілазар сәбиден тәртіпті бала қалыптастыратыны рас. Балабақшадан алған өнеге баланың алдағы кезеңінің баспалдағы десек артық болмас.

Тасбөгет кентіндегі «Күләнда» балабақшасында 3-5 жас аралығындағы балалар тәрбиеленеді. Олардың тәртіпке бас иіп, тәрбиелі, өнерлі, білімді болуына мұндағы әрбір маманның сіңірген еңбегі зор.

Мұнда әрбір баланың қабілетіне қарай түрлі үйірмелерге қатысып, шыңдалып шығуына бар мүмкіндік жасалған. Ал олардың икемі мен қабілетін бағамдай білу тәрбиешілерге жүктелген. Балабақшадағы әр бүлдіршінге өз баласындай қамқорлық танытып, өнерлерін шыңдап жүрген сондай маман ретінде Эльмира Бекниязова мен Арайлым Ботабекованы  айтуға болады.

Кейіпкерлеріміз бөбекжай балабақшадағы «Күләнда» би орталығының жетекшілері. Мұндағы әрбір шара, мерекелік кеш талапты мамандармен талантты бүлдіршіндердің қатысуынсыз өтпек емес. Сондықтан өнерлі балалардың қарым-қабілетін шыңдауда Эльмира мен Арайлымның үлесі орасан.

– Бала – өмірдің қызығы деп бекер айтпаған ғой. Арайлым екеуміздің балабақша саласында жүргенімізге 10 жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт ішінде бүлдіршіндердің жан дүниесін, көзқарасын тани алатындай тәжірибе алдық. Олармен өткізген әрбір уақыттан ләззат алуға болады. Оны осы саланың ыстық-суығына төзіп жүрген жандар жақсы біледі. Сол сияқты балабақшамызда  өнерлі балалар жетерлік. Көпшілігі кішкентай бала деп бұған аса мән бермеуі мүмкін. Дегенмен тереңіне үңіле білсең небір талантты жастардың ең алғашқы қадамы балабақшадан басталғанын байқайсыз. Бүгінде балабақшамызда «Күләнда» би орталығы жұмыс істейді. Оған 4-5 жас аралығындағы балалар іріктеп алынған. Түрлі бағыттағы биді үйретеміз. Әрине оңай шаруа емес. Бірақ еңбегіміз жеміссіз деуге болмайды. Талай мәрте түрлі деңгейдегі байқауларда жеңімпаз атанып жүрміз, – дейді би тобының жетекшісі Эльмира Жеткергенқызы.

Қазіргі таңда мемлекетіміз балалар шығармашылығын дамытуға баса мән беріп келеді. Бұл ретте түрлі үйірмелер ашылып дарынды балаларды танытуға барынша мүмкіндік жасалуда. Ал мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің талантын тану үшін түрлі байқаулар өткізу дәстүрге айналып келеді. Жуырда осы бағытта «Jas Daryn» жобасы аясында өткізілген халықаралық фестивальде «Күләнда» би тобы жүлделі І орынды жеңіп алды. Ал оның жетекшілеріне «Үздік жетекші» номинациясы берілді.

Жеңіске жету жолында уақытпен санаспай жанын сала жұмыс істеген би жетекшілерінің еңбегі осылай жанған. Себебі олардың еңбек жолындағы жеңісі де, жемісі де бүлдіршіндердің бағындырған белесімен бағаланады.

А.СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: