Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 09:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Алғысқа бөленген ақ халаттылар

18.06.2022

796 0

Маусымның үшінші жексенбісі жазуын өзінен өзге ешкім түсінбейтін медицина қызметкерлерінің төл мерекесі. Адам жанының арашасы – дәрігерлер қауымы қандай құрметке де лайық. 

Осыған орай Н.Бекежанов атындағы музыкалық акаде­миялық драма театрында ме­дицина қызметкерлері күніне арналған «Еңбегіміз туған ел, саған!» атты мерекелік кеш өтті. Салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ақ халатты абзал жандарды құттықтап,  салада атқарылған бірқатар жұмыстарға тоқ­талды.

–  Әлемде қанша мамандық болса, олардың әрқайсысының адамзат үшін өз маңызы бар. Десе де кез келген сәтте адам өміріне араша болатын ақ ха­латты абзал жандардың орны ерекше. Дәрігер мамандығын таңдауға үлкен жүрек керек. Сонан соң сүйіспеншілігің мен өзіңе деген сенімің болуы қажет. Өйткені өлім мен өмір арасындағы жанталастың жауа­бын нағыз дәрігер ғана дөп басады. Адам денсаулығын сақтау мен нығайту, сырқатты емдеу мен аурудың алдын алу жауапкершілігін кездейсоқ адам атқара алмайды. Рас, ұлт денсаулығын нығайту – мемлекеттің маңызды міндет­терінің бірі әрі басты бағыты. Соның арқасында  өмір сүру ұзақтығының артуына, ана мен бала өлімінің төмендеуіне ықпал етті. Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев дәстүрлі Жолдауында денсаулық сақтау саласының тиімділігін арттыру үшін ме­дицина саласына қомақты қаржы құюды, бұл қаражаттың инфрақұрылымға, маман даяр­лауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалуға тиістігін айрықша атап өтті. Бұл тұрғыда аймақта бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда, – деді аймақ басшысы.

Мерекелік шарада үздік қызметкерлер облыс әкімінің  «Алғыс хатымен» марапатталды. Сондай-ақ сала ардагерлеріне «Еңбек ардагері» медалі та­бысталды. Бірқатар дәрігерге  «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі берілді. Сонымен қатар «Медицина үздіктеріне» 10 номинация бойынша облыс әкімінің ар­найы 500 мың теңгелік серти­фикаты табысталды. Атап айт­сақ, облыстық психикалық ден­­саулық орталығының білікті дә­­рі­гері Нұрлан Нұрпейісов  ҚР «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісімен наградталды.

Нұрлан Базарбайұлы 25 жыл­ға жуық тәжірибесі бар дә­рі­гер. Білімді маман бүгінде ор­та­лыққа қарасты диспансер мең­герушісі болып абыройлы еңбек етіп келеді. Ол  жұмысына өте тиянақты, жауапкершілігі зор, біліктілігі жоғары дәрігер. Нұрлан Нұрпейісов білгір клиницист, бірінші дәрежелі дәрігер-психиатр. Диспансер мең­герушісі жас мамандарға көп қолдау көрсетеді. Жинақтаған тәжірибесімен бөлісіп, ең бірін­ші кезекте науқастың дертінен сауығып кетуіне атсалысады.

Сонымен қатар айтулы шарада облыстық психикалық денсаулық орталығының бөлім меңгерушісі Маржан Естаева да марапат төрінен көрінді. Білікті дәрігер-наркологқа ҚР «Денсаулық сақтау ісіне қос­қан үлесі үшін» төс белгісі та­бысталды. Маржан Естаева – өз ісінің нағыз маманы. Ол Ақтөбе мемлекеттік медици­на­лық инс­титутының түлегі. Алғаш еңбек жолын облыстық жұқпалы ау­рулар ауруханасынан бастаған. 2002 жылдан бастап облыстық психикалық денсаулық орта­лығында еңбек етіп келеді. Дәрігердің басты мақсаты – қауіпті кеселге шалдыққан жан­­дарды сауықтырып, жақсы өмірге оралуына септігін тигізу. Жасыратыны жоқ, бүгінде Маржан Естаева жұмысы өте күрделі, науқастары қауіпті бө­лімді басқарып отыр. Отыз жылға жуық тәжірибесі бар дәрігер маскүнемдік пен наша­қорлыққа шалдыққан нау­қастарды нәтижелі емдеп келеді. Ақ халатты абзал жан бұл дертті жеңу үшін ең алдымен ем алушының қажыр-қайраты мен ерік-жігері керек екенін айтады.

– Негізінен біздің бөлімде соттың шешімімен емделу тағайындалған азаматтар жа­тады. Мұндай науқастармен жұмыс істеу өте қиын. Олардың басым бөлігі сырқаттарынан ем алуға ниетті емес. Тіпті өздерін «сау адам» санайды. Медициналық қызметкерлерге дөрекілік танытып, ем-дом жа­­сауға қарсылық білдіреді. Со­ған қарамастан, біз қолымыз­дан келгенше ем шараларын жүр­гіземіз. Басты мақсатымыз – нау­қастарды дертінен айық­тырып, жаңа өмір бастауы­на септігімізді тигізу, – дейді білікті дәрігер.

Салтанатты кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Бір ерекше­лігі, дәрігерлер ақ халаттарын сахналық киімге, медициналық құрал-жабдықтарын микрофонға айырбастап, әріптестеріне деген жүрекжарды тілегін әнмен жет­кізді. Белгілі әнші-ком­позитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіқалықова медицина қызмет­керлерін төл мерекемен құттық­тап, Сыр төрін әнге бөледі.

А.ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: