Бейсенбі, 10 қазан, 04:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Дәрігер біліксіз бе, әйел күтімсіз бе?

17.09.2022

384 0

Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында ұлт саулығын жақсарту, денсаулық сақтау саласын дамыту мәселесіне жан-жақты көңіл бөлуде. Оның ішінде ана мен бала денсаулығын сақтау – басты назарда. Тіпт бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес. Алайда жаңа туған шақалақ өмір есігін ашпай жатып жарық әлеммен қоштасқан, перзентханаға үлкен үмітпен барған ана үйіне қайтып оралмайтын жайттар көп кездесуде. Осыдан асқан қасірет бар ма?

Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына еселеп қаржы бөлінуде. Медициналық мекемелерге заманауи құрал-жабдықтар сатып алынуда. Ал халық санын арттырып, саналы ұрпақ тәрбиелеуде, демографиялық ахуалды жақсартуда ана мен бала денсаулығы маңызды рөл атқарады. Сондықтан оларға жағдай жасау мақсатында Сыр өңірінде заман талабына сай перзентхана салынып, емханаларда жүкті әйелдерді кезексіз тексеру шаралары жүргізілуде.

Бір өкініштісі, ана мен бала денсаулығына қанша қолдау көрсетілсе де өлім-жітімнің көрсеткіші төмендемей тұр. Мәселені бір жақты қарауға да әсте болмас. «Таяқтың екі ұшы болады» демекші, қазіргі кезде дәрігерлерді жүкті ананың денсаулығы ойландырып отыр. Олардың айтуынша, барлық әйел денсаулығына көңіл бөлуі тиіс. Себебі дені сау анадан дені сау бала дүниеге келеді. Оны күнделікті өмірден де көріп жүрміз. Тіпті соңғы кезде уақытынан ертерек босанатындар қатары артқан. Оған бала көтеру жасындағы әйелдердің басым көпшілігінің қан аздығы мен иммунитеті төмендігі себеп болуда.

Біздің өңірде өткен жылы 10 ананың өлімі тіркелсе, биыл жыл басынан бері 3 ана қайтыс болды. Өкінішке қарай, оның қатарына кеше тағы бір ана қосылды. Осы аптаның басында ана мен бала орталығына бесінші сәбиін босануға келген 39 жастағы Жазира Қожанова перзентханада көз жұмды. Қара жамылған отбасы дәрігердің салғырттығы мен дұрыс қарамағаннан осындай жағдай орын алды деп отыр.

Осыдан бір ай бұрын алқа отырысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев денсаулық сақтау саласы, оның ішінде аймақтағы ана мен бала денсаулығын қорғауды назарға алу керегін тиісті сала басшысына ескерткен болатын. Аймақ басшысы бұл мәселеге ерекше мән беріп, шұғыл шаралар қабылдануы қажеттігін айтқан еді.

– Тіркелген ана мен бала өлімі көрсеткішін тек табиғи факторларға, материалдықтехникалық базаға сілтеудің қажеті жоқ. Жауапкершіліктен құтылмайсыздар. Әрбір өлім-жітім – бір отбасының тағдыры, қасіреті. Бұл ретте, қысқа мерзімде көтерілген мәселе бойынша шұғыл және пәрменді шаралар қабылдауымыз қажет. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы 10 күн ішінде ана мен бала өлімін төмендету мақсатында сала мамандарымен және ғылыми қауымдастық өкілдерімен мәселені жан-жақты зерделеп, кешенді жоспар әзірлеп, бекітуді тапсырамын. Сонымен қатар жүкті әйелдерге қауіп факторларымен және ауыр экстрагенитальды патологиямен кеңес беру үшін республика деңгейіндегі білікті мамандарды тарта отырып, консилиумдар ұйымдастыру қажет. Жүкті әйелдерді уақытында есепке тұрғызу және балаларға патронаж жасау жұмыстарын күшейтіп, әйелдер арасында жүктілікті жоспарлау бойынша түсіндірме жұмысын кеңінен жүргізу қажет, – деді аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев.

Кешегі ана мен бала өліміне байланысты мән-жайды білмек үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысына хабарластық. Басқарма басшысы Сәбит Пазыловтың айтуынша, сараптама қорытындысынан кейін жан-жақты талдау жасалмақ. Бір сөзбен айтқанда, әзірге бірнәрсе айту қиын.

P.S. Әрбір дәрігер өз міндетін адал атқарып, әрбір жүкті әйел денсаулығына жіті мән берсе, мұндай жағдай орын алмас еді-ау. Өкінішті-ақ… Марқұмның артында 4 баласы ботадай боздап қалды.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: