Сейсенбі, 19 наурыз, 14:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№23(2033)
19.03.2024
PDF мұрағаты

Министр сапары: Мәселе көп, атқарылған іс те аз емес

04.10.2022

497 0

Бірінші байлық – денсаулық. Ата-бабамыз бұл сөзді тегін айтпаса керек. Дәл қазіргі уақытта әр адам өз денсаулығына мән берген жөн. Себебі дені сау ұлт қана өміршең мемлекет құра алады. Ал адам капиталының сапасы мен саны оның денсаулығына тікелей байланысты.  Соңғы жылдары елімізде денсаулық сақтау саласына қыруар қаржы бөлініп, түрлі медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтауда.

Өткен аптада ҚР Президентінің «Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы» жарлығы бойынша Сыр өңіріне ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният жұмыс сапармен келді. Қызылорда да екі күн болған министр жергілікті тұрғындармен кездесіп, қала, аудан орталығындағы аурухана, ауылдағы амбулатория жұмысымен де танысты. 

Минстр ең алдымен бүгінде өңірдегі өзекті мәселенің бірі ана мен бала денсаулығына баса назар аударды. Облыстық перинаталдық орталығына арнайы барып, дәрігерлердің жұмыс барысымен танысты.

– Бүгінгі таңда денсаулық сақтаудың басым бағытының бірі халыққа сапалы және қолжетімді медициналық кө­мек көрсету. Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен өткен жылы «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы қа­былданды. Бұл бағдарлама бойынша 4 бағыт іске асуда. Олар  сапалы медициналық көмек, эпидемиологиялық болжам мен оған ден қоюды қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыру, отандық өндірістің дәрілік заттары мен медициналық бұйымдары, саламатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыру, бұқаралық спортты дамыту. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 8 перзентхана салу, соның ішінде Қызылорда қаласында 1 перзентхана салу жоспарлануда. Қызметтің басым бағыттарының бірі ана мен бала денсаулығын сақтау болып қала береді. 2021 жыл бала туудың ең шырқау шыңы болды,  Ел тәуелсіздігінің тарихында 450 мыңнан астам бала, оның ішінде Қызылорда облысында 15,6 мыңға жуық  бала дүниеге келгенін атап өткім келеді. ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылды. Енді 2026 жылға дейін экстракорпоралдық ұрықтандыруға жыл сайын 7000 квота бөлу көзделген. Осы бағдарламаның аясында Қызылорда облысында өткен жылы 281 әйел, жыл басынан бері 277 азаматша экстракорпоралдық ұрықтандыруға жолдама алды. Қазіргі кезде жүкті әйелдердің саны 112, ал  119 отбасында сәби дүниеге келді, – деді министр.

Жедел жәрдем қызметі жедел ме?

Бүгінде облыс бойынша 77 жедел жәрдем тобы жұмыс атқаруда. Облыстық медициналық жедел жәр­дем стансасына 2016 жылдан бастап Сall-орталығы мен санитарлық авиация бөлімі кірді.  Ал былтыр 103 бір­ыңғай оперативті орталығы мен 112 бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі бірікті.

Министр Ажар Ғиният облыстық медициналық жедел-жәрдем стансасында халыққа шұғыл жағдайдағы медициналық көмек сапасын бақылау мақсатында барды.  Жалпы 2017 жыл­дан бастап, облыс, аудан ауруханаларының медициналық жедел жәрдем бөлімшелері бірікті. Қазіргі кезде аудан бөлім меңгерушілері стандартқа сай халыққа толыққанды медициналық көмек көр­сетуде. Мәселен, кешігіп орындалған шақырыстар былтырғы жылдың 8 айы­мен салыстырғанда 2,1%-дан 1,7%-ға азай­ды.

Дегенмен министр жергілікті халықпен кездескенде Сыр жұрт­шылығының жедел жәр­дем қызметіне көңілі толмайтынын аңғардық. Әсіресе шалғай орна­ласқан ауылдар мен шет аймақ тұрғында­ры үшін жедел жәрдемге уақытылы қол жеткізу қиынның-қиыны. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашуға аулақпыз. Алайда ара-тұра уақытылы келмей, көп күттіретін кездері де бар екені жасырын емес. Осыған орай денсаулық сақтау министрі елді мекендерге шұғыл медициналық көмектің дер кезінде жетуін қолға алуды тапсырды. Сондай-ақ қазір «жедел жәрдем, оның ішінде медициналық авиация көмегін тиімді пайдалануға арналған №225 бұйрықтың қайта қаралып жатқанын жеткізді.

Бір қуантарлығы, ауылдық ден­саулық сақтау сала­сын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру мақсатында аймақ бойынша ауылдық жерлерде 27 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу жоспарланған. Бұл жоба аясында жалпы 32 көпбейінді аурухана, оның ішінде өңірдегі 4 орталық аудандық аурухана ұйым­дастыру көзделген. Ал олардың базасында инсульт және кардиологиялық орталықтар, медициналық оңалту, травма­тология, хирургия, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері, триаж жүйесі бар қабылдау бөлімшесі ашылмақ.

Айта кету керек, облыста биыл 7 айда жалпы өлім көрсеткіші 10%-ға төмендеп, өткен жылдың осы кезеңінде 5,59-ды құрап отыр. Сондай-ақ онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік болған кезде тексеруді және емдеуді жеделдету үшін «Жасыл жол»  қағидаты енгізілді, оның шеңберінде онкологиялық ауруға күдікті науқастарға 18 жұмыс күні ішінде (зертханалық зерттеулер, УДЗ, рентген, ЭКГ, КТ, МРТ, сондай-ақ эндоскопия) кеңес беріліп, жан-жақты тексеріледі.

Кадр тұрақтаса, тапшылық азаяды

Кадр мәселесі – денсаулық сақтау саласының жанды жері. Министрдің айтуынша, бүгінде денсаулық сақтау саласында дәрігермен қамтамасыз етілу 78 мың штат бірлігін, ал Қызылорда облысында 2,8 мың штат бірлігін құрайды. Өңірде дәрігер кадрлардың тапшылығы 177 штат бірлігін құрайды.

Үстіміздегі жылы еліміздің өңірлеріне меди­циналық жоғары оқу орындарының 2692 түлегі, оның ішінде Қызылорда облысына 104 түлек бөлінді. Елімізде ауылға жұмысқа келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары көзделген. Өткен жылы 282 маман көтерме жәрдемақы, 222 дәрігер тұрғын үй алды. Ал 92 маман басқа да әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз етілді.         

Сонымен қатар біздің аймаққа келген 25 маман көтерме жәрдемақы алып, 1 маман тұрғын үймен қамтылды. Ал 1 маманға басқа да әлеуметтік қолдау шарасы көрсетілді.  Минстрдің айтуынша, 2025 жылға қарай республикалық бюджет есебінен гранттар саны 2000-ға дейін және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1500-ге дейін ұлғаймақ.

Кадр тұрақтаса, тапшылық азаятыны анық. Сондықтан министрлік тарапынан аудандар мен шалғай ауылдарға барған жас мамандарға барлық жағдай жасалмақ. Мәселен, 2023 жыл­ға қарай дәрігердің жалақысын 2 есе көтеру көзделуде.

Ауыл медицинасының ахуалы қандай?

Бұл сауалдың жауабы минстрді қатты алаңдататынын байқадық. Себебі Сыр өңіріне келген екі күндік сапарының бір күнін ауыл медицинасына арнады. Бұл жолы Ажар Ғиниятқызы Шиелі ауданаралық ауруханасы мен Досбол би ауылдық округінің дәрігерлік амбулаториясына барып, ондағы жағдаймен танысты.

Бүгінде Досбол би ауылдық амбулаториясында 6 медицина қызметкері, оның ішінде 2 жалпы тәжірибиелік дәрігер медициналық көмек көрсетеді.  Кездесу барысында «Мемлекет басшысы бекіткен ұлттық жоба аясында Досбол би ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория салынады», – деді министр.

Одан кейін Шиелі ауданындағы 78 мың тұрғынға медициналық көмек көрсететін ауданаралық аурухана базасында денсаулық сақтау саласы өкілдерімен кездесіп, аурухана жұмысымен танысты. Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде Шиелі аудандық ауруханасы КТ, МРТ, ангиографпен және басқа да жабдықтармен жабдықталып, инсульт орталығы, травматология, кардиология бөлімшесі ашылады.

P.S. Денсаулық саласында мәселе көп. Атқарылған іс те аз емес. Денсаулық сақтау министрі халықпен кездесті. Тіпті қызылордалықтарды жеке қабылдап, уәждерін тыңдады. Министрмен кездесуге келген жұртшылық мүмкіндігі шектеулі азаматтардың медициналық көмекке қолжетімділігі, жедел жәрдемнің жету уақыты, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық кадрларды даярлау туралы көптеген сұрақтарын қойып, оған тұщымды жауап алды. Өңірлік коммуникациялар орталығында министр Ажар Ғиниятқызы жергілікті БАҚ өкілдеріне брифинг берді. Министрге журналистер де халық арасында жүрген көкейтесті мәселелерді көтеріп, МӘМС-тің алдағы жай-күйін сұрады.

Осы кезге дейін 9 өңірді аралаған  министр, Қызылорда облысының денсаулық сақтау саласын жай-күйге жоғары деңгейде бағалағанын айта кетейік.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: