Сенбі, 04 мамыр, 22:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Тұмаудан қорғанудың тиімді жолы – екпе алу

06.02.2024

237 0

Сурет: 1gorpol.kz

2023-2024 жылғы жаңа эпидмаусымда Қызылорда облысы көлемінде жедел респираторлы вирусты инфекцияның 69288 жағдайы  тіркелді. Ауруға шалдыққандардың 65% – 14 жасқа дейінгі балалардың үлесінде. Есепте тұрған жүкті әйелдер арасындағы ЖРВИ-ға шалдығу көресткіші 1,6% құрап отыр. Науқастанғандардың ауруханаға жатқызылу көрсеткіші – 5% құрады.

Ағымдағы эпидемиологиялық маусымда облыс көлемінде жедел респираторлы вирусты инфекцияның ауыр ағымдағы 1896 науқастың сынамасы тұмау ауруына тексеріліп, нәтижесінде зертханалық жолмен нақтыланған тұмау ауруының 318 жағдайы есепке алынды. Ауруға шалдыққандардың басым көпшілігінен  тұмау вирусының  А түрі (316), қалған 2 жағдайда  тұмау вирусының В түрі анықталды. Тұмау ауруына шалдыққандардың 55% – 14 жасқа дейінгі балалар үлесінде.

Бұдан бөлек, жедел респираторлы вирусты инфекцияның ауыр ағымындағы 1453 науқастан алынған сынамалар ПЦР әдісімен тексеріліп, нәтижесінде 194 сынамада тұмау емес вирустар анықталды, атап айтқанда, 57 сынамадан аденовирус, 32 сынамадан парагрипп, 68 сынамадан РС-вирусы, қалған 36 сынамадан риновирус нақтыланды.

Тұмаудың эпидахуалын тұрақтандыру және ауру деңгейін төмендету мақсатында жыл сайын жергілікті бюджеттен тұмауға қарсы вакцина сатып алынады.  Биылғы эпидмаусымға 84430 доза вакцина алынып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген тиісті контингенттерге жүргізілді. Олар медицина қызметкерлері, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар және балалар үйлерінің, сәбилер үйлерінің балалары, қарттар үйінің контингенті. Сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетімдері бойынша жүргізіледі. 83168 адам  тұмауға қарсы екпе алып, ағзаның қорғаныс қабілетін күшейтіп алды.

Тұмау өзінің асқынуларымен қауіпті. Ең жиі кездесетін тұмау ауруының асқынуы – пневмония. Басқа да жиі кездесетін асқынулар –  бронхит, синусит, отит, миозит, миокардит. Бұл ауру 2 жасқа дейінгі балалар, созылмалы ауруы бар науқастар және қарттар арасында ауыр ағымда өтеді. Сондықтан респираторлық аурулардың бірінші белгілері пайда болған кезде өзін-өзі емдеумен айналыспай, тез арада  аймақтық дәрігерлерді үйге шақыртып, дер кезінде ем алу қажет. 

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ЖРВИ және тұмаудан сақтану үшін вакцина алуға, сонымен қатар иммунитетті көтеру үшін салауатты өмір салтын сақтануға, жеке бас гигиенасын орындауға кеңес береді. Сондай-ақ эпидмаусым кезінде көпшілік орындарда, нашар желдетілетін жерлерде бетперде киіп, арақашықтықты сақтау, қолды жиі сабындап жуып, антисептиктерді пайдалану да маңызды. Дәрумендерге бай тағамдарды пайдаланып, салауатты өмір салтын ұстану сіздің денсаулығыңызды нығайтуға өз әсерін тигізеді. Бұл сақтық шаралары тек тұмау мен ЖРВИ-дан ғана емес, өзге де инфекциялық ауруларды жұқтырып алу қаупін төмендетеді.

Әлия Әбдіқайымова

Қызылорда облысының СЭБД басшысының орынбасары

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: