Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 03:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жүректен төгілген мейірім

04.06.2022

955 0

Әрбір ата-ана үшін баласының көз алдында жүгіріп жүргенінен асқан бақыт жоқ шығар, сірә. Өкінішке орай, бүгінде  аса күтімді қажет ететін, ерекше балалардың қатары аз емес.  Ал баласының өмірге ерекше болып келуі қандай ата-анаға да оңай соқпасы анық.

Осы орайда 1 – маусым халық­аралық балаларды қорғау күні қар­саңында медицина мамандарының мүм­кіндігі шектеулі балаларына тосын сый жасалды. Қайырымдылық шара­ны «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы РҚБ облыстық филиалы мен облыстық денсаулық сақтау бас­қар­масы ұйымдастырды.

Мерекелік кеште облыстық филиал төрағасы А.Аблайханұлы Мемлекет басшысының Жарлығымен жария­ланған «Балалар жылы» аясында ерекше балалар мен олардың ата-аналары үшін арнайы қайырымдылық  шара ұйымдастырып отырғанын атап өтті. Бүгінгі шарада денсаулық саласында жұмыс істей жүріп, ерекше бала бағатын 20 ата-ананың әрқайсысына материалдық көмек ретінде 100 мың теңгенің сертификаты берілді. Сондай-ақ балаларға тәтті сусындар тарту етіліп, сыйлықтар үлестірілді. Расында, қуанса, бала қуансын. Оның ішінде қамкөңіл жандарға көрсетілген көмек пен жылы мейірім оларға таудай күш сыйлары анық.  

– Бүкіл әлем болып жаздың алғашқы күнін балғын­дардың тыныштығы мен болашағы қорғалатын күн ре­тінде тойлайды. Бүгінде мемлекет тарапынан балалардың бақытты да баянды өмір сүруіне қолайлы жағ­дай жасалуда. Өздеріңізге белгілі, биыл балалар жылы жарияланып, балаларға түрлі қамқорлық шаралары ұйымдастырылуда. Әсіресе, ерекше азаматтарға арналған көптеген бағдар­ламалар жүзеге асуда. Жалпы мұндай бала­ларды қоғамға бейімдеу мен сауықтыруда ерте кеңес беріп, емдеу маңызды. Қызылорда облысында бұл тұрғыда көптеген жұмыстар атқарылуда. Мәселен, облыстық көп­бейінді балалар ауруханасы жанынан «Қамқорлық» оңалту ор­талығы ашылды. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің кәсіп­одағы тарапынан түрлі қамқорлық шара­лары өтуде. Соның бірі бү­гінгі қайырымдылық шарасы, − деді облыстық  денсаулық сақтау бас­қар­масының басшысы С.Пазылов.

Айта кету керек, бір реттік жәрдем­ақы тағайындау үшін арнайы комиссия құрылған. Осылайша іріктеуден өткен 20 балаға қаржылай көмек көрсетілді.

Нұрайым МАРАТҚЫЗЫ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: