Жұма, 29 наурыз, 01:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

ДДСҰ мамандары Уханьға келді

16.01.2021

797 0

Қытайдың Ухань қаласынан таралған Covid-19 вирусын зерттеуге және вирустың пайда болу көзін анықтау үшін ДДСҰ-ның зерттеуші тобы тек бір жылдан кейін ғана орталық қалаға аттанды. Зерттеуші топтың алдында қандай мақсат тұрғаны және зерттеуші жұмыстары кезінде пайда болатын қиындықтар туралы «ДСҰ: Зерттеушілер вирусты зерттеу үшін ақыры Қытайға келді» атты жазбасын Хавьер Эрнандес The New York Times басылымында жариялады.
Бейсенбіде орталық қалаға келген 10 адамнан тұратын зерттеуші топтың негізгі мақсаты – вирустың жануардан адамға қалай жұққанын анықтап, жаңа пандемияның алдын алу. Алайда бұл сұрақтардың жауабын табу оңайға соқпауда. Жалпы оған бірнеше себеп бар.
Ең алдымен Қытай қаланы бақылауға алып, зерттеу жұмыстарына кедергі келтірді. Жалпы ҚХР бастапқы кезеңде зерттеу жұмыстары елдің пандемиямен күрестегі қателерін анықтайды деп алаңдады. Әлем елдерінің сұрауына қарамастан тәуелсіз зерттеушілерді елге кіргізуден бас тартқан Қытай өткен жылдың маусымында екі зерттеушіні кіргізуге рұқсат берді. Десе де олардың вирустың таралу ошағы болып табылатын Ухань қаласына кіруге рұқсат берілген жоқ.
Кейінгі себеп – вирусты бақылау оңайға түспейтіні. ДДСҰ зерттеушілері вирусты, жануар денсаулығы мен ауруды жеңуде үлкен тәжірибеге ие. Бірақ бүгінде Ухань қаласы бастапқы уақыттан әлдеқайда бөлек болып өзгерді. Қазіргі таңда зерттеуші топ вирус адам баласына жарқанаттан тарады деп болжағанмен, 2 миллионнан астам адамның өмірін қиған және 92 миллион адамға жұққан вирусты зерттеу оңай болмайды.
Сонымен қатар ғылыми топ өз жұмыстарын саясаттандырудан аулақ болуы тиіс. Себебі пандемия Қытайдың әлем елдері алдындағы абыройына нұқсан келтірді және әлі күнге дейін кейбір елдер Бейжіңнің үлкен кризисті болдырмау шараларын ертерек қабылдамағанына наразы. Сол себептен қытайлықтар ДСҰ-ның зерттеу жұмысын Қытайдың имиджін көтеру және жетілген держава ретінде көрсету үшін қолдануы мүмкін.
Мақалада бұл әрекеттер Қытайда вирустың қайта өршуіне әкеліп соқтыруы мүмкін екені айтылған. Өйткені қазірдің өзінде Қытай вирустың Уханьда ең алғаш тараған кезінен де көп, яғни 22 миллион тұрғынды бақылауда ұстауға мәжбүр болып отыр.
«Мұндағы басты алаңдаушылық – эпидемияның шығу тегі саясаттанып кеткен. Бұл расында да ДДҰ-ның тәуелсіз, объективті және ғылыми зерттеу жүргізу кеңістігін азайтты» деді денсаулық сақтау саласындағы жаһандық сарапшы Хуанг мырза.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған
Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: