Апта басында Франция билігі Еуропадағы коронавирус індетінің асқынуынан сақтанып, Ұлыбританиямен көлік қатынасын толықтай тежеген болатын. Тауар айналымының маңызды бөлігі Франция арқылы өтетін Ұлыбританияға бұл шешім оңайға соқпады. Кеден бекеттерінде кептелген мыңдаған жүк көліктің иелері наразылық білдіріп, қос мемлекетке тиімді қадам қабылдауды талап етті. Аталған оқиғаға қатысты «CNN» арнасының тілшілері Тара Джон, Джим Биттерманн және Сандрин Амиэль арнайы хабар әзірлеп, оқиғаның мән-жайын тарқатты.
«Францияның уақытша енгізген шектеуі Еуропаға экономикалық кедергі жасады. Бұл екі мемлекеттің бірлесе жасаған қадамы болатын. Оқиға барысында Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон да өткен жексенбіде оңтүстік-шығыстағы тұрғындардың қозғалысын барынша тежейтінін жеткізген болатын. Мұның барлығы әлемдік пандемияның салдарынан орын алған әрекет».
Арнайы хабардан түйгеніміз, сейсенбіде Франция мен Ұлыбритания ортақ шешімге келіп, қозғалысқа қайта рұқсат берген. Алайда жүргізушілер мен жолаушылар соңғы 72 сағатта ПТР тесттің оң қорытындысын алуы қажет делінген келісімде. Еуропа одағында жүрген Франция азаматтарына да аталған шарт бірдей.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!