Бейсенбі, 25 сәуiр, 17:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Шаруа мен шоу бизнес

07.02.2021

1718 0

Үндістанда ауыл шаруашылығы саласындағы шаруа­лар ереуілі әлі толастар емес. Он мыңдаған фермер екі айға жуық ел астанасы Нью-Дели маңына жиналып, сауда құқығы, баға айналымы мен ауылшаруашылығы өнімдерін сақтау талабын әлсірететін жаңа заңға қарсылық білдіруде. Жағдайдың ушыққаны сондай, соңғы аптада елдегі ғаламтор желісі бұғатталып, қарулы күш қарсылық шарасын басу әрекетіне көшкен. Әлемдік ақпарат агенттіктері де мәселені жіті бақылауға алып, тікелей эфир мен меншікті тілшінің мүмкіндігін толық пайдалануға көшті. Ғаламдық танымал жұлдыздар мен кәсіпкерлер болса, Үндістан үкіметін азаматтардың наразылығына ден қоюға үндеп, билікті дұрыс шешім қабылдауға шақырды. Әсіресе, шоу бизнестегі танымал әнші Рианнаның Twitter әлеуметтік желісіндегі жазбасы Үндістан жұртын қақ жарып, қоғамдық резонанс тудырды. Осыған орай «BBC» арнасы «Шаруалар қарсылығы: Рианна жазбасы үндістандықтарға неге жақпады?» деген арнайы хабар әзірледі. Авторы – Гита Пандей.

Былайғы күнде әнші не шоу бизнес өкілі саяси оқиғаға қатысты пікірін білдірсе, аса бір салмақ бере қабылдамайтынмыз белгілі. Тіпті, кейбіріміз құр өсекке арбалғандай әсер алмас үшін мұндай жаңалықтан аулақ та жүреміз. Алғашында «ВВС» арнасы әнші Рианнаның жазбасы мен Үндістан халқының реакциясын таразылаған сәтте де тосырқай қараған едік. Хабармен толық танысқаннан кейін ғана, автордың танымалдықтың ықпалы, көптің пікіріне әсер ету әдісі, ресми билік өкілдерінің наразылық төңірегінде ой-пікіріне көрсетуге талпынғанын аңғаруға болады.

«Қарсылық шарасы премьер-министр Нарендра Моди басқаратын үкіметке ауыр соққы болды. Ереуілге шыққан шаруалар, оның ішінде балалар мен қарттар да орнынан тапжылмай, астана маңында күрке тігіп, орналасқан. Ресми дерек бойынша ондаған ереуілші қаза тапқан көрінеді. Үкімет жаңа заңның күшіне енуін 18 айға кейінге қалдырғанымен, шаруалар түбегейлі күшін жоюын талап етуде. Өткен аптада әлемдік БАҚ-та «тракторшылар ереуілі» деген айдармен Делидегі қарсылық шарасы туралы ақпарат тарады. Онда шаруалар құқық қорғау органдарының мамандарына қарсылық көрсетіп, жүздеген адам жарақат алып, бір фермер қаза тапқан. Оған қоса, қарсы топ тарихи Қызыл фортты басып алып, полиция оларды қуып шыққан».

Хабар авторының сөзінше, дәл осы қарсылық шара­сынан соң әнші Рианна әлеуметтік желіде пікір білдіріп, оқиғаға әлем назарын аударуға түрткі болған. Тіпті,   ішкі істер министрі Амит Шах та поп-жұлдыздың жазбасына пікір білдірген.

«Сейсенбіде әнші Рианна Тwitter парақшасына Үндістандағы шаруалар көтерілісі туралы пост жария­лады. Ол қарсылық танытқан шаруалар суретін жариялай, «Бұл мәселе туралы неге айтпаймыз?» деп жазба қалдырды. Аталған жазба «вирустай» тарап, қысқа уақытта 700 мың лүпіл жинаған. Ескере кететін жайт, әншінің әлеуметтік желілерінде 100 млнға жуық тіркелуші бар.  Аталған жазбасынан соң Үндістан қоғамы қарсы пікір білдіріп, барбадостық әншіні айыптаған пікірлер саны артты. Оқиғадан соң сыртқы істер министрі ресми мәлімдеме жасап, танымал азаматтар пікірін Үндістан тұрақтылығына жасалған шабуыл деп болжады».

Хабар барысында Үндістанның ішкі істер министрі Амит Шахтың сәрсенбі күнгі Twitter-дегі жазбасы мысалға келтірілген. Министр «#IndiaAgainstPropaganda» – Үндістан үгітке қарсы, «#IndiaTogether» – Үндістан бірге деген хештег пайдалану арқылы Рианна мен өзге де белсенділерге қарсы пікірін жолдаған. Ол әлеуметтік желіде: «Ешқандай үгіт Үндістан бірлігіне нұқсан келтіре алмайды. Ешқандай үгіт Үндістанның жаңа биікке көтерілуіне кедергі жасай алмайды. Ешқандай үгіт Үндістанның тағдырын шеше алмайды. Тек біріксек, прогресске қол жеткіземіз» деп жазба қалдырған.

Осы мазмұндағы пікірден соң Үндістан министр хештегін қолданып,  Сачин Тендулкар, Вират Кохли, Акшай Кумар, Каран Джохар және Лата Мангешкар, Саина Нехвал секілді зиялы қауым мен спорт, кино, өнер өкілдері Рианнаға қарсы пікір жариялады.

Шынында, неліктен Үндістан қоғамы жақтаған жанға жақпаған пікір білдірді? Тілші Гита Пандей де осы сауалға жауап іздеп, бірнеше себеп келтіреді.

«Рианнаның жазбасына қарсылық көрсету – алды­мен, күдік. Көбісі әншінің жазбасын тапсырыспен жария­ланған деп ойлауда. Өйткені барбадостық өнерпаз бұған дейінгі аймақта болған өзге мәселелерде үнсіздік танытып еді. Сондықтан оқиғаға аяқастынан көңіл бөлгені күдік тудырды. Екінші себеп Рианнаның пікірінен кейін қызу талқы туып, АҚШ билігі де назарын оқиғаға бұрды. Үндістан билігі қандайда болмасын сыртқы күштің үгіт-насихатын елдің ішкі мәселесіне қол сұғу деп қабыл­дайтынын ескерсек,  бұл күткен нәтиже екені сөзсіз».

Автор хабар соңында бүгінгі ғаламтордың саяси ахуалға ықпалы, қоғамдық пікір қалыптастыруға көмегі турасында пікір айтқан. Сондай-ақ танымал тұлғалардың саясат пен әлеуметтік мәселелерді шешуге араласу ерек­шелігін де атап өтеді.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған Ерсін Шамшадин

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: