Дүйсенбі, 06 мамыр, 19:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

18 секунд: Үлгерген алады, үлгермеген қалады

11.02.2023

592 0

Сурет: turkystan.kz

Ақпан басталғалы көп талқыланған тақырыптың бірі осы болды. Әсіресе 18 секундта арнайы сайтқа өтінім беріп үлгеру жайы көпшіліктің күмәнін туғызды. Сонымен, бәрін басынан бастайық.

Алтыншы ақпан күні арнайы іске қосылған сайтта жеңілдетіл­ген автонесиге өтінім қабылдау басталды. Дәл осы күнді зарыға күтіп, мойын созып жүрген көпшіліктің өтінім беру сәті бар болғаны 18 секундта аяқталды. Бар мәселе де осында. 18 секундта 761 адамның өтінім беріп үлгеруіне күмәнмен қарағандар аз емес. Тіпті әлеуметтік желінің барлығында 18 секундты талқылағандар қатары аз болмады.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, сол күні арнайы сайтқа 125 мың қолданушы кірген. Алайда берілетін несие саны шектеулі. Яғни 761 адам өтініш берген кезде кезекке тұрғандар саны толып қалып, көзді ашып-жұмғанша, 18 секундта аяқталған.

– Сайтқа бір миллионнан астам пайдаланушы кірді. Оның ішінде 125 мыңнан астам азамат өтінім беруге тырысты. Бағдарлама іске асырыл­ғаннан бастап осы уақытқа дейін жиналған қаражат – 7,6 млрд теңге. Алдын ала 761 адам тіркеледі деп жоспарланды. Осы лимитке жеткен уақытта өтінімді қабылдау автоматты түрде тоқтады», –  деп түсіндірді «Өнеркәсіпті дамыту қоры» басқарма төрағасының орынбасары  Жанар Ибрашева.

Сондай-ақ бұл бағдарламаның ұзақ­мерзімді екені, келесі айда тағы да жалғасатыны белгілі. Алайда бағ­дарлама миллиондаған жанның жеңіл­детілген несиемен көлік арманын қанша уақытта жүзеге асырмақ? Бұл орайда сарапшылар бағдарламаның тиімді болуы керегін айтады. Мәселен, AlMAU университеті, жоғары меденджмен мектебінің оқытушысы Қуанышбек Дүйсенов «Курсив» сайтына бағдарламаның тиімділігін арттыру жайындағы пікірін жариялады. «Қазіргі кезде осы бағдарламаның операторы  «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-да жинақталған қаражат сомасы 7,6 млрд теңге деп отыр. Яғни әр клиентке 10 млн теңге қарастырылғанын ескерсек, шамамен 760 адамның ғана өтінімін қанағаттандыра алмақ.  Ал бізде осы бағдарламадан үмітті аза­маттар саны мыңдап саналады. Бұның соңы клиенттердің теңдігін бұзуға апарып соқпай ма деген сауал туындауы заңды.

Бұл мәселеге қатысты «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ  бірінші раунд ре­тінде алғашқы айда 760 адамға авто­несие бермекші. Ары қарай тағы да жинақталған қаражат негізінде несие беріледі деп отыр.  Дегенмен бұл көрсеткіш жалпы нарықтағы сұраныс­ты қанағаттандыра алмайтыны анық.

Себебі қаражаттың жиналу уақыты ұзақ мерзімді талап етеді. Сәйкесінше, бұлай жалғаса беретін болса, онда қордың тағы да үкіметтен қаражат алу ықтималдығы өседі немесе жы­лына бір рет болып тұратын  «жолы болғандарға» ғана арналған бір реттік науқандық шара ретінде қалып кетуі де ғажап емес. Мүмкін, осы бір реттік науқанда көп болса 700-1000 адамның ғана үміті ақталар.  Одан тыс сол шартты түрде 700-1000 адам саны қалай іріктелсе де ол – өте төмен көрсеткіш. Бұны экономикаға, отандық автокөлік саты­лымын арт­тыруға аса бір елеулі оң әсерін береді деп айту қиын. Бұл жақта тіпті клиенттер теңдігі жайлы айтудың өзі артық», – деп жазады ол.

Айта кетелік, жеңілдетілген авто­несиеге өтінім қабылдау келесі айда жалғасады. Өнеркәсіпті дамыту қоры өкілдерінің болжауынша наурыз айын­да 100-ден аса өтінім болуы мүмкін. Яғни жиналған қаражатқа байланысты.

Әрине, жеңілдетілген несиемен жаңа көлік алу тиімді екені белгілі. Алайда өтінім беруге үлгерген алып, үлгермегені қалу бағдарламаны әлі де пысықтау қажет екенін байқатады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: