Бейсенбі, 28 наурыз, 13:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Ел экономикасының жаңа тұғыры: Қандай өзгеріс болады?

18.01.2022

1538 0

Терроршылардың зұлымдығынан кейін үрейден арыла алмаған қазақ елі жаңа да жақсы күннен үмітті. 11 қаңтар таңын асыға күткен барша қазақ жұрты Мемлекет басшысы ел тағдыры үшін қандай шешім қабылдар екен деп асыға күтті.

Ел Президенті «Қасіретті қаңтар сабағы» деп атаған бұл оқиға барша қазақ елі үшін үлкен сабақ болғаны рас. Жаймашуақ өмірдің астаң-кестеңі шығып, ұйқыдан оянғандай әрнәрсеге сергек қарауды талап еткен бұл оқиға мемлекеттің қай саласында болсын, жаңа шешімдер қабылдауды талап етті.

Ел Парламенті Мәжілісінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жаңа экономикалық тұғыры қалыптасатынын айтты.

Бай мен кедей арасы…

Президенттің экономикалық теңсіздік орнағаны туралы айтқан сөзінен бүгінде қоғамда сөз болатын, халықтың бай мен кедей болып бөлініп, арасы алшақтай бастағаны анық сезілді. Мұндай мәселені Қазақстан Президенті  де жасырмады.

– Теңсіздік мәселесі де ушыға түсті. Ол жылдан-жылға қиындай берді, ал халық табысы қағаз жүзінде болса да жыл санап өсіп жатқандай көрінді. Алайда елеулі орташа табыстың артында қоғамдағы мүліктік күшті жіктелу жасырынып жатыр. Азаматтардың көптеген күрделі проблемасы шешілген жоқ, – деді ол.

Ел экономикасының өсуінен қаржылық және олигархиялық топтар пайда тауып келгенін атап айтқан  Президент  жаңа экономикалық саясат тұғырын қалыптастыруды мықтап қолға алу қажеттігін жеткізді.

– Экономикалық саясатымыздың мақсаты – айқын. Бұл – заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру және дамыту.

Бұл жүйенің өзегінде қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіне білетін кәсіпкерлеріміздің ауқымды тобы тұратыны анық. Яғни, бұл – өзінің және балаларының тағдырын Қазақстанмен ғана байланыстыратын кәсіпкерлер.

Дәл осындай кәсіпкерлер ел болашағы үшін өзіне жауапкершілік алуға дайын. Сол себепті кәсіпкерлікті дамыту үшін жүйелі жұмыс атқару өте маңызды. Мен бизнеске түскен бюрократиялық салмақты айтарлықтай азайтып, оның өсіп-өркендеуіне жол ашатын заңға қол қойдым.Үкімет осы заңның әлеуетін нақты іс жүзінде пайдалануы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда кездесетін кедергілерді ашық айтқан Мемлекет басшысы бағаны ымыраласа отырып белгілеу қалыпты жағдайға айналғанын атап айтты. Сондай-ақ картельді келісімдер жасау кеңінен тарап кеткенін де қаперге салды. Бұл экономикада таза бәсекелестікті, шағын және орта кәсіптің дамуын тежейтіні белгілі.

– Әділ бәсекелестік біздің экономика үшін басты талапқа айналуға тиіс.

Бүгінде бағаны ымыраласа отырып белгілеу қалыпты нәрсеге айналды.

Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алу саласында картельді келісімдер жасасу кеңінен тарап кетті. Мысалы, мен былтыр фармацевтика нарығындағы картельді ретке келтіруді тапсырдым.

Бірақ кейбіреулер заңнамадағы кемшіліктерді желеу етіп, бұл жұмысты аяқсыз қалдыруға тырысуда. Сондықтан картельді келісімдер жасасты деген күдік болған жағдайда мемлекеттік сатып алуға қатысушыларды тексеруге тыйым салу туралы мораторийдің күшін жоюды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Экономист не дейді?

Мақсат Халық, экономист:

Президенттің «Әлеуметтік бағдарланған нарықтық экономиканы құруымыз керек» деген сөзі көңілімнен шықты. Өйткені нарықтық экономикасы бар мемлекеттер әлемде өте көп. Барлық мемлекеттер капитализм жолына түскен нарықтық экономикада. Бірақ нарықтық экономиканың бір кемшін тұсы қоғам бай мен кедей болып екі тапқа бөлінеді. Нәтижесінде байлар баий береді, кедей кедейлене береді деген бір заңдылық қалыптасқан. Сондықтан да мемлекет әлеуметтік бағдарланған си­патты қолға алмаса, қоғамда олигархтар, капиталистер пайда болады, белгілі бір топ қана байи береді, солардың мүддесі ғана қорғалады. Ал қарапайым халық ешқашан дамымайды. Ондай қоғам да, мемлекет те бай елдің қатарына кірмейді.  Сондықтан да бұл жерде ең үлкен маңызды мәселе – мем­лекеттің әлеуметтік салаға қарай көбірек көңіл бөлуі. Байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты азайту мәселесіне байланысты тыңғылықты, нақты механизмдермен жұ­мыс істеу керек.

Президенттің жұмыссыздыққа байла­нысты айтқан сөзі маған қатты ұнады. Өйткені бізде жұмыссыздардың саны нақты есептелмеген. Статистиканы сөйлетсек, 5 процент жұмыссыздық деп көрсетеді. Шын мәнінде жұмыссыз адам өте көп.  Біздің елде жұмыссыздық орталығына келіп тіркелген адамдар ғана жұмыссыздар деп есептеледі. Ал «өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткен» деген категорияда 2 млн-нан астам адам бар. Олардың барлығы өзін-өзі қамтамасыз етіп, табысты жұмыс істеп жүр деп айта алмаймыз. Өткенде әлеуметтік және халықты жұмыспен қамтамасыз ету министрлігіне осы сауалды қойғанымда: «Осы 2 млн адамның 200 мыңы ғана нақты табыс таппай отыр» деп жауап берді. Солай болған күннің өзінде сол 200 мың адамды жұмыссыз жүрген 500 мың адамға қосқанда, бізде жұмыссыздар саны 5 процент емес, 7 проценттің үстінде екені ақиқат. Әрине, бұл осы жерде келтірген мәліметке сүйеніп жасалған есеп. Шын мәнінде жұмыссыздар саны әлдеқайда көп. Сондықтан да бұл мәселеге байланысты нақты жұмыс жүргізу керек екені анық. Сондай-ақ халықтың табысын арттыруға байланысты Үкіметке нақты тапсырмалар берілді. Үкімет енді қандай бағдарлама әзірлейді? Осыған дейін талай бағдарлама жасалып, нәтиже бермеуінің себебі –  қалыптасқан жағдайды дұрыс зерттемегендіктен, шынайы картина болмағандықтан еді. «Ауруын жасырған өледі» демекші, халықтың тұрмыс деңгейінің нақты картинасын жасау керек. Шын жұмыссыз қанша, қанша адам осал топқа жататынын нақты білгенде ғана нақты механизммен жұмыс істеуге болады деп есептеймін.

«Самұрық-Қазына» ұлттық байлықты еселей алды ма?

Республика Президенті көтерген мәселенің бірі – ұлт байлығын еселеуге міндетті ірі компания қызметінің қаншалықты тиімділігі. Жоғары жалақы алатын, жағдайы жақсы компа­ниядағылар елге қандай пайда әкелуде? Бұл – қоғамдағы көкейкесті сұрақтың бірі екені даусыз.

Бұл туралы Президент былай деді:

– «Бүгінде бұл қордың активі еліміздің ішкі жалпы өнімінің 60 пайызына жуықтайды. Яғни осы ұйым­ның тиімді қызметі бүкіл эко­номикамызды өркендетуге тікелей әсер етеді.

Қордың КЕГОК, Қазақгаз және Қазақстан темір жолы сияқты инфрақұрылымдық компа­ния­лары экономикамыздың барлық дерлік секторының тиімділігін айқындайды. Осы тұста қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма, яғни ұлттық байлықты еселей алды ма деген орынды сұрақ туындайды.Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат консалтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма? «Самұрық-Қазына» қоры еліміздің стратегиялық активтерін басқару ісінде басты рөл атқарады. Сондықтан Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, квази­мемлекеттік секторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Егер Қорды реформалау мүлдем мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны жөн».

Демек ел экономикасын нығайтуда дәл қазір аты да, жалақысы да жақсы компаниялар емес, ел экономикасын нығайтуға үлкен үлес қосатын тетіктер қажет.

Сондай-ақ экономикалық өсім мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтумен тығыз бай­ланысты екенін айтқан ел Президенті елдегі жекешелендіру саясаты да ашық жүргізілмей жатқанын сынға алды. Бұл орайда Үкіметке Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, тиісті мемлекеттік комиссияның жекешелендіруге қатысты шешімдерінің толық ашық әрі айқын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Импортқа тәуелділікті қалай азайтамыз?

Ел экономикасы өңдеу өнеркәсібін әлі дамыта алмай келеді. Тіпті бұл сала артта қалды десек те артық айтқандық емес. Парламент Мәжілісінің отырысында ел экономикасын әртараптандыру жайын негізге алған Мемлекет басшысы бұл мәселеде бір ғана цифрды мысалға келтірді. Атап айтсақ, «2020 жылдың қорытындысы бойынша тек мұнай-газ және тау-кен машина жасау саласының импорты 4 миллиард доллардан асты». Бұл цифрдың өзі қазақ елі экономикасының импортқа қаншалықты тәуелді екенін аңғартады. Бұл орайда өнеркәсіп саласына терең талдау жүргізіп, жаңа жобалар қабылдап, инвесторлар тарту – жаңа Үкіметтің міндеті.

Қош, «Оператор РОП»

Сонымен қатар Президент Үкіметке қоғамда жиі көтеріліп жүрген мәселе утильдік алым ставкаларын қайта қарауды тапсырды.

– Кәсіпкерлер мен жалпы қоғамда «Оператор РОП» компаниясының қызметі көптеген мәселе туындатып отыр. Тіпті осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс та ұйымдастырылып, петиция жарияланды. Мен Үкіметке «Оператор РОП» утильдік алым жинауына тыйым салуын тапсырамын. Мұнымен шет мемлекеттердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы керек. Алымдардың ставкасы қайта қаралуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Тапсырманың қалай орындалатыны туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді.

– Кәдеге жарату төлемдеріне қатысты Мемлекет басшысы берген тапсырмаларын орындау үшін келесідей жұмыстар жүзеге асырылады. «Оператор РОП» ЖШС ҚР Экология кодексінің 387-бабына сәйкес 2015 жылғы 30 желтоқсандағы ҚР Үкіметінің қаулысымен құ­рылды. 2016 жылдан бүгінгі күнге дейінгі кезеңде кәдеге жарату төлемі түрінде түскен қаражат көлемі 691,9 млрд теңгені құрады. Алынған қаражат ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес жұмсалды. Атап айтқанда қайтарылды. Экологиялық мәселелерді шешуге 102 млрд, салықтарға 49,1 млрд теңге жұмсалды. Бүгінгі таңда қаражат қалдығы екінші деңгейлі банктерде 220,6 млрд теңгені құрайды, – деді ол.

Серікқали Брекешев Мемлекет басшысының тапсырмасына орай министрлік бизнестің, қоғамның және мүдделі мемлекеттік орган­дардың қатысуымен бірқатар мәселені пысық­тайтындығын атап өтті.

– Бірінші – жеке мемлекеттік оператор немесе Өнеркәсіпті дамыту қорының базасында оператор құру. Екінші – кәдеге жарату коэффициенттерін қайта қарау. Үшінші – кәдеге жарату алымы есебінен отандық көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алушыларға ваучерлер беру, – деді министр.

Ақшадан қысылса, банктен сұрайды

Бұл – бүгінгі күн шындығы. «Ағайын-туысқа алақан жайғанша, банктен сұрайын» дейтін әрбір қазақ тойға барса да, тіпті киім алса да, басқа да қажеттіліктерге ақша таба алмаса, банкке жүгінеді. Оның үстіне қазір онлайн несие тіпті оңай. Қолыңдағы смартфонмен банкке сұрау салсаңыз, ақша шотыңызға түсе қалады. Мәселе осымен шешілді. Алайда мәселе мұнымен бітпейді. Несие төлей бастағанда бар проблема басталады. Бір емес, бірнеше несиесі бардың айлығы шайлығына ғана емес, несие төлеуіне де жетпейді. Бұл туралы Президент былай деді:

«Экономика өсіп, халықтың табысында алшақтық пайда болғандықтан, тұтыну несиелері айтарлықтай артты. Оның мөлшері бизнесті несиелеу көлемінен асып кетті. Халық қазіргі уақытта көп несие алып жатыр. Осыны ескерсек, бұл қаржы нарығын құбылтып, әлеуметтік тұрақсыздық қаупін тудыруы мүмкін».

Бұл орайда жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеуге тапсырма беріл­гені, алайда бұл тығырықтан шығар жол емес екені де айтылды.

Маман пікірі:

Мақсат Халық, экономист:

– Соңғы жылдары халықтың қарызы артып кеткені шындық. Кейбір азаматтар бір несиесін жабу үшін екінші қайтара несие алады. Бұл қарыздың шырмауына батқан адамның көп екенін білдіреді. Әлеуметтік жағдайдың шиеленісіп тұрғаны да содан. Мұны шешудің ең тиімді жолы «Жеке тұлғаны банкроттыққа жіберу» туралы заң қабылдану керек. Қазір банктегілер көп ойланбай қарызын төлемеген азаматтарды коллекторларға бере салады. Коллекторлар, сот орындаушылар оның бүкіл шотын бұғаттап тастайды. Нәтижесінде осындай әлеуметтік шиеленістер орын алып жатқан жағдайы бар. Екінші, халықтың табысын арттыру керек. Халықты жұмыспен қамтамасыз ету, табысын арттыру – бүгінгі күннің негізгі талабы. Үшінші кезектегі мәселе – банктердегі несиенің процентін түсіру. Осы мәселеге байланысты нақты жұмыстар жүргізілу керек деп ойлаймын.

Ал несиені беру жағын қатаңдату мәселесі қазір жүзеге асуда. Банктер қазір оңайлықпен несие бере қоймайды. Әрине, бұл көп мәселені шешпейді. Ал шағын несиелік ұйымдарға қатысты айтсақ, олар­дың да жұмысы соңғы жылдары бірыңғайланды. Сондай-ақ заңсыз жұмыс істеп отырған ұйымдар бар. Лицензиясыз жұмыс істеп жатқан ұйымдарды әшкерелеу керек. Сондай-ақ заңды ұйым мен алаяқ компанияларды ажырата білу үшін халық қаржылық сауатты болу керек.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры құрылды

Мәжіліс отырысында Президент «Қазақстан халқына» атты қоғамдық әлеуметтік қор құрылатынын айтқан еді. Бүгінде аталған қор құрылып, қамқоршылық кеңестің келісімімен қор басшылығына Болат Жәмішов сайланды. Халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты мәселелерді шешуді мақсат еткен қор қаржысы ел мұқтажын шешуге атсалыспақ. Мәселен, сирек кездесетін аурумен ауыратын балаларға көмектесу, қала, ауыл, кенттерде балалар үшін спорт нысандарын салу жүзеге аспақ. Бүгінде қорға белгілі меценаттар, депутаттар қаржы аудара бастады.

Аталған қордың балалар денсаулығын қор­ғауға ықпалы қаншалықты екенін денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят мәлімдеді:

– Балалардың денсаулығын сақтау саласында сирек (орфандық) және ауыр аурулары бар балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету неғұрлым өзекті болып табылады. Әлемдегі ешбір ел өте жоғары шығындарды ескере отырып, барлық орфандық ауруларды толық қаржыландырмайды. Сондықтан да Қорды құру орфандық аурулармен ауыратын науқастар үшін қымбат тұратын медициналық қызметтер мен дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жұмыс жалғасуда, – деді министр.

Жоғары инфляция – басты мәселе

Қарапайым халықтың тұрмыс түйткіліндегі шешімін таппаған мәселе осы. Тапқан табысын инфляцияның «жеп қоюы» кедейшілікке әкелгені даусыз. Бұл мәселе енді қалай шешілмек? Президент бұл мәселеге нүкте қоятын кез келгенін жеткізді.

– Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мақсатында жалақы мен зейнетақыны бірнеше рет көтердік. Бірақ әрдайым бағаның бақылаусыз өсуімен бетпе-бет келеміз. Бірнеше жыл бойы жоғары инфляция экономикамыздың басты проблемасы болып отыр. Ол экономикалық және әлеуметтік саясаттың тиімділігін төмендетті. Бұл мәселеге нүкте қоятын кез келді. Бағаны және халықтың инфляциялық күтуін тұрақтандыру керек, – деген Мемлекет басшысы инфляцияның мақсатты дәлізі 2025 жылға қарай 3-4 процент екенін атап көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамытудағы теңсіздік, әкімдердің «салмағына» қарай қаржы тарту мәселесі, өңірлердегі жұмыссыздық мәселесі жайын ашып көрсетті. Сондай-ақ әкімдер мен Мәжіліс депутаттарының жалақысын көтеруге 5 жылға дейін мораторий жариялады. Мемлекет басшысының жұмыссыздық пен жұмыспен қамту тек қағаз жүзінде емес, шынайы жүзеге асу керектігі туралы тапсырмасы да ел экономикасының бет-бейнесін ашып көрсетуге септігін тигізбек. Халықтың табысын арттыру жөніндегі арнайы бағдарлама әзірлеу, әлеуметтік кодекстің қабылданатыны да, әлеуметтік осал таптағы жастардың іскерлік бастамаларын қолдау үшін гранттардың екі есеге көбеюі, тіпті түлектердің мамандықты нарық сұранысына сай таңдау қажеттігі де атап көрсетілді. Ел экономикасына жаңаша көзқараспен қараудың уақыты келгенін байқатады.

Ең бастысы, Мемлекет басшысы атап көрсеткендей ел игілігі үшін қабылданған шаралар жемқорлықсыз, бюрократиясыз жүзеге асуы тиіс.

Экономист пікірі

Мақсат Халық, экономист:

Ең үлкен қиындық –  инфляцияны ауыздықтау. Соңғы жылдары қымбат­шылық жайлады. Халықтың табысы өскенмен, инфляцияны қуып жете алмай келеді. Нәтижесінде азаматтар көбейген айлы­ғын азық-түлікке жеткізе алмауда. Сон­дықтан қымбатшылықты жеңу ке­рек. Президент әзірге газ бағасын 50 тең­геге дейін, әлеуметтік маңызы бар тауар­лардың бағасын реттеу бойынша, коммуналдық қызметтердің тарифтерін 180 күнге дейін өсірмеуге нақты тапсырма берді. Бірақ ай өткен соң бағалар қайтадан өсуі мүмкін, өседі де. Алайда баға өзгерісі ақылмен жасалуы керек. Яғни табыс тапқысы келетін кейбір азаматтардың жеке құлқынының мүддесінде болып қал­мау керек. Президент Үкіметке бағаны реттеуді тапсырды. Кейбір экономистердің айтуынша, Үкімет бағаны реттемеу керек. Ол нарықтың заңдарына сәйкес келмейді. Меніңше, нарықта сұра­ныс пен ұсыныстың нәтижесінде баға белгі­ленеді. Бірақ ол нарықтық экономикасы қалыптасқан дамыған мемлекеттерде ғана жүзеге аса­ды. Бізде нарықтық экономика әлде де толық қалыптаспағандықтан, халықтың табысы төмен болғандықтан Үкімет бағаны реттеуі дұрыс деп есептеймін. Бірақ бағаны ұзақ мерзімге ұстап тұратын Үкіметтің мүмкіндігі жоқ. Себебі бюджет­тің ресурс­тары да шектеулі. Сон­­дықтан бірінші кезекте халықтың та­бысын арттыруға байланысты нақты жұмыстар жүргізу керек деп есептеймін. Әрине, Үкімет бағаны реттейді дегенде ол экономикаға қатты араласып кетеді дегенді білдірмейді. Бір кездері шенділердің барлығы базар аралап кеткенін де көрдік. Одан ешнәрсе өзгермейтіні де түсінікті. Енді не істеу керек? Үкімет бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасау керек. Қарапайым шаруа мен фермерлердің өн­дірген өнімдерін тікелей тұтынушыға жеткізетін нарықтық орта жасау керек. Арада делдалдардың көп болуы бағаны қымбаттатып жібереді.  Үкімет тағы не істей алады? Үкімет азық-түлік өнемдерін сақтау қоймаларымен қамтамасыз етсе, жылыжайы бар кәсіпкерлерге инновациялық тәсілдерді енгізуге қолдау білдірсе, бағаның шарықтамауына септігін тигізеді. Үкімет бағаны реттеу керек деген сөз – базар аралау деген сөз емес. Халық пен бизнес үшін осындай қарапайым шараларды жүзеге асырғанның өзі жеткілікті.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: