Қазақстанның Даму банкі жалпы сомасы 2 млрд доллардан асатын «жасыл» жобалар бойынша 7 келісімге қол қойды, – деп хабарлайды KAZINFORM
Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, бюджетке салық түсімдерін арттыруға және экспорттық әлеуетті күшейтуге бағытталған. Қол қойылған құжаттар аясында бірқатар ірі энергетикалық және өнеркәсіптік жобаларды іске асыру көзделген.
– Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын «Актас Энерджи» ЖШС жел электр станциясын салу жобасы іске асырылады. Оған Proparco, DEG, Société Générale және өзге де халықаралық қаржы институттары қатысады. Сонымен қатар Қызылорда облысында қуаты 70 МВт «Vigor Holding» ЖШС күн электр станциясы салынады. Жамбыл облысында Меркі су электр станциялары каскады, Батыс Қазақстан облысында жылына 1,5 млн тонна калий тыңайтқышын өндіретін зауыт, сондай-ақ Қарағанды облысындағы «Qarmet» АҚ-ны кешенді газдандыру жобасы жүзеге асырылады. Бұл бастамалар елдің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатына бағытталған, – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, Қазақстанның Даму Банкі Францияның даму агенттігімен жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге және Жасыл климат қорымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай жобалар Қазақстанның Орталық Азиядағы «жасыл» трансформациядағы рөлін күшейтіп, тұрақты экономикалық өсімге серпін береді.
Айта кетейік, Қазақстан «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасын ұсынды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
