Сенбі, 20 сәуiр, 18:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Мақсат жасаған жиһаз

24.11.2021

1065 0

Бүгінде тапсырыспен жиһаз жасау трендке айналды. Жаңа технологиялардың дамуы жиһаз жөндеуге де жаңашылдықпен келді. Бұрынғыдай «Ресейлік, Беларустық жиһаз» деп ешкімді таңқалдыра алмайсыз. Керсінше тапсырыспен жиһаз жасататын шеберлердің есімі таныла бастады. Соның бірі – Мақсат Жұмаділдаұлы.

Ол 2020 жылы мемлекеттен 6 процент жеңілдікпен субсидия алып, «Ади» жиһаз шеберханасын ашты. Мұнда жиһаздың түр-түрі жасалады. Кәсіпкер 8 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 100 мың теңге. Шаруашылығына қажетті ағаш станогын Қытайдан арнайы алдырған. Өнімге қажетті материалдардың басым бөлігін Оңтүстік Қазақстаннан әкеледі. Бояудың да италияндық түрі пайдаланылады. Ал ағаштың МДФ Фасад сырланған түрлері қолданылады. ЛДСП кесу, ОВАЛ кесу, қисық кромкалау, ПВХ, Акрил, Оргстекло фанера кесу секілді қызмет түрлерінің кез келген бағыты осы жерде жасалып, сырланып, тұтынушының үйіне жеткізіледі. Айтпақшы, жасалған жиһазды жеткізіп, орнатып беру ақысыз.

Кейіпкеріміз бұған дейін әскери салада қалтқысыз қызмет еткен жан. Ол кез келген жұмысқа тәртіп пен талап қажет екенін жақсы түсінеді. Айтуынша, атасы Қасымбек Тайұлы өз заманында кәнігі ағаш шебері болған. Оның ұстаханасынан шыққан көптеген құнды дүние кейбір үйлерде әлі күнге дейін сақтаулы.

– Мұндай іспен айналысу менің бала күнгі қызығушылығымнан басталған. Атамның ер ойып, қамшы өріп отырғаны­на талай мәрте куә болғанмын. Сол көзбен көрген дүние бүгінде өмір өзегіме арқау болып отыр. Тапсырысты тұтыну­шы талғамына сай жасап беруде бар мүмкіндігімізді пайдаланамыз. Қажетті материалдарды көбіне Шымкент қаласы­нан алдыртып жатамыз. Неге өзіміздің қаладан шығармасқа? Алдағы уақытта аймағымызда осыны қолға алып, Сыр өңірінің өнімін брендке айналдыру  ойым бар. Қазір бұрынғыдай бір сипаттағы жиһаздар сән емес. Сондықтан ұдайы ізденіс үстінде болып, тәжірибемізді жетіл­діріп отырамыз. Өйтпеске бол­майды. Оның ішінде қолөнер ісі аса шыдамдылық пен терең талғампаздықты қажет етеді. Қазір қоғамда екі қолға бір күрек таппай, ата-анасының табысына таңылып отырған жастар жеткілікті. Оларға айтар кеңесім, мемлекет пен отбасына қарап отырмай қолдарынан келер іспен шұғылдану керек. Еліміз әлемде дамыған озық отыз елдің қатарына енуді алдына мақсат етіп, соған жетудің негізгі алғышарттарын іске асыруда. Мемлекет жастарға кәсіппен айналысуға барлық мүмкіндікті жасап, кеңінен қолдау танытуда. Сондықтан өз мүмкіндігіңді молынан пайдалана білген ләзім. Біздің қоғам – шабамын деген адамға ат, жанамын деген жүрекке от берген қазақтың алтын дәуірі. Еліміз болашақта бұдан да зор жетістіктерге жетеді деп сенемін. Ол үшін оған әрбір қазақстандық еліміздің дамуына теңіздің тамшысындай болса да өз үлесін қоса білгені жөн. Бірлік бар жерде тағылымды тірлік толас­тамайтынын естен шығармауымыз керек. Алдағы уақытта кәсіпкерлік ауқымын кеңейту жоспарымызда бар, – дейді кәсіпкер Мақсат Таев.

Қазір инновацияның дамыған дәуірі, жастар әртүрлі ғылыми жаңа­лықтар ашып қолданысқа енгізуде. Дегенмен атаның тегімен, ананың сүтімен келген ұлттық қасиеттерімізге аса мән беруіміз қажет. Жаңқаға жан, темірге тіл бітірген шеберлер ісмерлігі кім-кімді болса да тәнті етеді. «Ұстаның қолы алтын» деген осы емес пе. Халқымызда «Қолынан келген құмға кеме жүзгізеді» деген уәлі сөз бар. Бұл ұшқыр ойы мен шеберлігін ұштастырған ұсталарға айтылса керек-ті.

Шеберханада жұмыс істейтін шебердің бірі – Дәулетназар Ерболатұлы. Өзінің сөзінше, мұнда келгеніне көп уақыт бола қоймаған.

– Жұмысым өзіме ұнайды. Үйде қарап отырмай ата-анама жәрдемші болып жалақы табуды жөн санадым. Келген тапсырыстарды дер уақытында аяқтаймыз. Мәселен, бір жиһазды 2 аптада жасаймыз. Қалада осындай кәсіпкерлік орталықтары көп болса, жастар жұмыссыз жүрмейді деп ойлаймын, – дейді Дәулетназар Ерболатұлы.

Кәсіпкер жасаған бұйымдарымен облыс орталығынан бөлек аудандарды да қамтып отыр. Сондай-ақ республиканың әр өңірінен келіп алып жатады. Арнайы тапсырыспен жасатып жататындар да табылады. Оның бояуына Италия елінің өнімін пайдаланады. Бағалары әртүрлі. Көлемі мен пайдаланылған материалға қарай қойылады екен. 

Шебердің қолынан шыққан дүниелер көптің көңілінен шығып, алғысына бөленуде.  Бұл – өлшеусіз еңбек пен төк­кен тердің жемісі мен жеңісі. Қалай десек те Мақсат жасаған жиһаз көп тұрғынның үйінің төрінде тұр.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: