Қызылордада облыстық мәдениет және спорт басқармасының ұйымдастыруымен «Ақын − елдің ардағы» атты айтыс ақындарының облыстық құрылтайы ұйымдастырылды. Жиынға басқарма басшысы Руслан Рүстемов қатысып, алдағы жұмыс жоспарымен бөліссе, айтыскер ақындар ұсыныстарын жеткізді.
− Қазір Сыр айтысы мектебінің шоқтығы биік. Бұл сөзіме бүгінде облыстық музей ішінен мәңгі тұғыр тұрағын тапқан «Алтын домбыра» дәлел. Бұл жетістікке тоқмейілсіп қалмай, біз бұдан әрі айтыс мектебінің дамуына жол ашуымыз керек.
Бұл ретте жасалуға тиісті шаралар тізбегі жеткілікті. Аудандардағы айтыс үйірмелерінің өзара тығыз байланысы, бүгінде жүйелі өткізілмей жзүрген облыстық айтыстарды қайта жүйелеу, алдыңғы буын ақындардың шеберлік сағаттарын жиі өткізу, жас шәкірттерді айтулы ақындардың ақындық лабораториясымен таныстыру, Сыр ақындарының таңдаулы айтыстарын жинақ қылу сынды шешімін күтіп жүрген жұмыстар бар.
Ең бір керекті дүние – ақындар үйірмесіне әдістемелік құрал. Яғни ақындық өнердің әліппесі, айтысқа бала тәрбиелеудің алғашқы методикасы. Бұл республикада әлі жоқ. Мамыр Байментайұлының бұл бастамасы алдағы уақытта Нұрлыбек Машбекұлының үлкен қолдауымен шешімін табады деген сенімдеміз, − деп жазды басқарма басшысы Руслан Рүстемұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бүгінде Жүрсін Ерман басқаратын одақтың бас штабы Алматыдағы Алатау өнер театрында орналасса, ал аймақтық филиалдары елордада мен Шымкент қаласында. Одан бөлек Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарында қызмет етіп жатыр. Ал одақтың Қызылордадағы филиалына Нұрмат Мансұр жетекшілік етеді. Басқосу барысында айтыс ақындары осы филиалдың Қорқыт ата университетіндегі офис орталығымен танысты. Алдағы уақытта облыста салынатын көпфункционалды «Өнер» орталығының жаңа ғимаратында осы филиалдың жұмыс жасайтын арнайы бұрышы болуы мүмкін.
Айта кетейік, облыс ақындарының құрылтайында бірқатар айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одақ құрамына өтті. Олардың қатарында әріптесіміз Тұрар Бекмырзаев та бар.
А.БІРКЕНОВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!