Бұл жоба еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған ақындар үшін ерекше «шабыт алаңына» айналды. Себебі көпшілік куә, алғашқы айналымның екінші бөлімінде ақындар көрермен тарапынан ұсынылған сөздермен, шектеулі уақыт ішінде өлең өрді. Бұл – бұған дейін өзге байқауларда болмаған үлкен сынақ. Тіпті сол арада туған өлеңдерге сазгерлер ән жазып, жаңа туындылар тыңдарманға жол тартуда. Ашығын айтсам, көптен бері жыр жазбай жүрген маған да бұл дода үлкен серпіліс сыйлады.
Сахнаға жұппен шығып өнер көрсету, яғни «поэтикалық дуэль» – ақын біткенге таныс ұғым. Сондықтан бұл формат маған аса қиынға соққан жоқ. Тікелей эфир уақытында қобалжу мүлде болмады, өйткені өнерді тамашалаған көрермен қай тараптың мықты не осал екенін өзі таразылайды деп сенемін. Ең үлкен қобалжу дауыс берудің аяқталатын күні, соңғы минуттарда ғана сезілді. Негізі, алғашқы айналымның бірінші бөлімі үшін қарсылас СҚО командасы мен біздің топқа «Ақын» тақырыбы түскен болатын. Әрбір ақынның шығармашылық қорында бұл тақырыпта жазылған міндетті түрде бір туындысы болуы заңдылық деп ойлаймын, сондықтан ол кезең үлкен дайындықты қажет етпеді. Қазір әлеуметтік желіде жеңіл, ойсыз бейнежазбалар қаптап кетті. Соған қарамастан, «Мөлдір өлең» секілді мағыналы дүниенің TikTok пен Instagram-да топ жарып, жастардың назарын аударып, қызығушылығын оятып жатқанына әрине қуанамыз. Себебі жобаның да, жалпы біз секілді ақындардың да ең басты мақсаты – оқырман қалыптастыру және оқырманға көркемдік талғам сыйлау. Әр ақынның өмірінде белгілі бір тақырыптардың жазылатын өз кезеңі болады деп ойлаймын. Оқырман сұранысы да тура солай құбылып тұрады. Сондықтан нақты «мына тақырып көп оқылады» деп тап басып айту қиын. Себебі барлығы адамның ішкі сезіміне, қоғамның дәл сол сәттегі жай-күйіне байланысты секілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!