Оқу жылы басталғалы бері балалардың жол қауіпсіздігі мәселесі қоғам назарынан түскен емес. Күн сайын мыңдаған жеткіншек білім ордасына қарай бет алғанда, олардың әрбір қадамының қауіпсіз болуы – басты міндет. Осы ретте Қызылорда қаласының тәртіп сақшылары білім беру ұйымдарының маңында күшейтілген режимде қызмет атқаруға көшті.
Әсіресе таңғы уақытта және сабақ аяқталғаннан кейінгі қарбалас сәттерде патрульдік және ювеналды полиция қызметкерлері жаяу жүргіншілер өткелдерінде тынымсыз еңбек етуде. Олар тек көлік қозғалысын реттеп ғана қоймай, кішкентай жаяу жүргіншілердің жолдан аман-есен өтуіне жәрдемдесіп, жүргізушілерге жылдамдық режимін қатаң сақтауды ескертуде.
Тәртіп сақшыларының жұмысы мұнымен шектелмейді. Мектеп қабырғасында оқушылармен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жолда өзін қауіпсіз ұстау мәдениеті насихатталуда. Сонымен қатар жүргізушілерге білім беру ұйымдары маңында ереже бұзудың салдары мен жауапкершілігі туралы ақпараттық-профилактикалық шаралар ұйымдастырылуда. Мұндай кешенді амалдар балалар қатысатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға септігін тигізбек.
– Полиция қызметкерлерінің қоғамдық орындарда жүруі жол қозғалысына қатысушылардың тәртібіне оң әсер етеді. Жүргізушілер барынша мұқият бола түседі, ал балалар өздерін қауіпсіз сезінеді. Біздің басты мақсатымыз – әрбір баланың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмыс ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға да ықпал етеді, – дейді Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!