Еліміз ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты. Атап айтқанда, алдағы Құрылтай сайлауы елдегі саяси реформалардың заңды жалғасы ретінде ерекше маңызға ие. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентке «Құрылтай» атауын беру жөнінде ұсыныс айтты. «Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын. Құрылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы көтердім. Бұл баяндаманың басында Құрылтай жұмысының тиімділігі мен пайдасына ден қойдым. Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын», – деген болатын ел Президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды өзгерістерге заңнамалық тұрғыда барынша қолдау көрсетуге тиіс. Әлемдегі тәжірибелерге сүйенсек, бұл мақсатқа депутаттар санын арттыру арқылы емес, олардың жұмыс сапасын күшейту арқылы қол жеткізуге болады. Осылайша, Құрылтайда 145 депутат болуы керек деген шешімге келді. Ел Президентінің сөзіне сүйенсек, Құрылтай сайлауы Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін жаппай «қайта құруға» жол ашады.
Сонымен, Құрылтайда депутаттарды бес жыл мерзімге сайлау көзделіп отыр. Ал заң шығару процесін жетілдіру мақсатында заң қабылдаудың үш кезеңнен тұратын жаңа процедурасы ұсынылған. Атап айтқанда, депутаттар бірінші кезеңде заң жобасын мақұлдайды. Одан кейін өзгерістерді мақұлдайды, соңында заңды қабылдайды. Осылайша, Парламент қызметін түбегейлі қайта құру арқылы осыған дейін жүзеге асырылған саяси реформаларды одан әрі жалғастырады.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл өзгерістер мемлекеттің институционалдық тұғырын нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
– Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына сәйкес орнықты саяси жүйе қалыптастырамыз. Басты мақсатымыз да осы, – деді Президент.
Сайлауға дайындық басталды
Құрылтай депутаттарын сайлау 23 тамызға белгіленді. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясының алғашқы отырысы өтіп, сайлау науқанына дайындық ресми түрде басталды.
Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, бұл науқан барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары үшін үлкен жауапкершілік жүктейді.
– Біздің міндетіміз – сайлауды заң талаптарына қатаң сәйкестікте, ашық, жария әрі жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізу және сайлау үдерісіне қатысушылардың барлығына тең мүмкіндік жасау, – деді ол.
Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына арналған күнтізбелік жоспарды бекітті. Жалпы сайлау науқаны 54 күнге жоспарланған. Оның ішінде 12 күн саяси партиялардың құжаттарын қабылдауға, 29 күн үгіт-насихат жұмыстарына бөлінген. 22 тамыз – тыныштық күні, ал 23 тамыз – дауыс беру күні.
Қызылорда облысында сайлауды ұйымдастыруға 9 аумақтық және 386 учаскелік сайлау комиссиясы жұмылдырылады.
– Облыстағы 9 аумақтық сайлау комиссиясында 63 тұрақты мүше қызмет атқарады. Ал 386 учаскелік комиссия құрамында 2720 адам жұмыс істейді. Биылғы науқан қарсаңында 9 жаңа сайлау учаскесі ашылды. Оның 132-і Қызылорда қаласында, қалғандары аудандарда орналасқан, – деді Қызылорда облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Абай Тағыберген.
Сайлауға дайындық аясында электоралдық оқыту бағдарламасы да ұйымдастырылады. Оның барысында аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері жаңа Конституция мен жаңартылған сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес арнайы дайындықтан өтеді.
Ашықтық – басты талап
Кез келген сайлаудың басты мақсаты – оның ашықтығы мен әділдігі. Сондықтан Құрылтай сайлауында да үміткерлердің тең мүмкіндігі, дауыс беру рәсімінің жариялығы және қоғамдық бақылау тетіктерінің тиімді жұмыс істеуі ерекше маңызға ие. Сайлаудың ашық өтуі азаматтардың оның нәтижесіне деген сенімін нығайтады. Бұл тұрғыда сайлау комиссияларына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Олар заң талаптарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізуі тиіс. Өйткені жаңа саяси институттың қызметі мен оның қоғамдағы орны туралы халықтың толыққанды ақпараттандырылуы – сайлау мәдениетін қалыптастырудың маңызды алғышарты.
Құрылтай сайлауы – жай ғана депутаттарды сайлау емес. Бұл – азаматтардың ел тағдырына қатысты маңызды шешім қабылдау ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтетін маңызды саяси қадам. Оның заң талаптарына сай, әділ әрі ашық өтуі мемлекеттік институттарға деген қоғамдық сенімді арттырып, жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін күшейтеді. Яғни, бұл сайлау – азаматтық жауапкершілікті арттыратын және ел болашағына деген ортақ жауапкершіліктің нақты көрінісі.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!