Құрылтай

Бейсенбі, 09 шiлде, 01:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№51 (2263)
09.07.2026
PDF мұрағаты

Газдандыру, тазалық – басты назарда

09.07.2026

25 0

Апта басында Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселесі қаралды. Премьер-министр газ саласын дамыту энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, тұрақты экономиканың өсіміне қол жеткізудің және халықтың өмір сүру сапасын жақсартудың негізгі шарттарының бірі екенін атап өтті.

Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Онда газ саласын дамыту мәселесі қаралып, тиісті тапсырмалар берілді. Осыған сәйкес шаһар басшысы Нұржан Ахатовтың төрағалығымен қала әкімдігінде мәжіліс өтіп, тиісті сала басшыларына нақты міндеттер жүктелді. Қала әкімі бүгінде облыс орталығында газдандыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

– Қала аумағындағы елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету мақсатында бірқатар газдандыру жобалары іске асырылуда. Өткен жылы Сабалақ саяжайы табиғи газға қосылды. Сонымен қатар «Болашақ» бау-бақшасы серіктестігі, Бәйтерек, КБИ шағын аудандары мен қала орталығындағы бірнеше көшелерге газ желісі тартылды. Елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету – өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан газдандыру жобаларының белгіленген мерзімде әзірленуі және оларды іске асыру біздің міндетіміз, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Мәжілісте қала мен оған іргелес елді мекендердің санитарлық тазалығы да күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі болды. Қала әкімі жауапты мекеме басшыларына көшелер мен қоғамдық орындардың тазалығын тұрақты бақылауда ұстауды, абаттандыру қағидаларының сақталуын қамтамасыз етуді және қоршаған ортаны ластаудың алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар белгіленбеген орындарға немесе белгіленген уақыттан тыс қоқыс тастаған азаматтарды анықтау жұмыстарын жандандырып, құқық бұзушылықтарға қатысты әкімшілік шараларды күшейту қажеттігі айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар полиция қызметімен бірлесіп жүзеге асырылатын болады.

Қала әкімі барлық тапсырманың уақытылы әрі сапалы орындалуы мемлекеттік қызметтің тиімділігін айқындайтынын атап өтті. Осыған байланысты дербес бөлімдер мен мекеме басшыларына, кент және ауылдық округ әкімдеріне тұрғындардың арыз-өтініштерін белгіленген мерзімде қарауды қатаң тапсырды. Әсіресе, «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі, 109 бірыңғай байланыс орталығы және «Таза Қазақстан» Telegram-боты арқылы келіп түсетін өтінімдердің орындалу мерзімін бұзуға жол бермеу қажеттігі ескертілді.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: