Жексенбі, 19 мамыр, 16:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39-2049
18.05.2024
PDF мұрағаты

Кие қонған жануар

07.05.2024

332 0

Жылқы – текті жануар. Түлік жайлы әңгіме де, аңыз да көп. Мені әлеуметтік желідегі Ибрагим Нүрпейістің әңгімесі елітті.
«Ол кезде ауылда тұратынбыз» дейді кейіпкеріміз. Алақандай ауылда бір оқиға болса дереу ел дүрлігіп тез хабардар болады. «Ел құлағы – елу» деген сол. Бір күні елең-алаңда ауылда ойнауға кеткен бала ұшты-күйлі жоғалып кетті. Бала үйге қайта оралмаған соң, ата-анасы баланы іздеуге шығады. Кешқұрым боран күшейіп бала ауыл сыртында ойнап жүріп, қасындағы достарынан ажырап адасып кетеді. Әбден зәресі кеткен бала үйін таппай айдалада басқа ауылға бағыт алады. Түн ортасы ауғанда әлі кетіп, ашығып тоңған бала, келе жатқан бір үйір жылқының жолына ес-түссіз құлайды.
Үйір айғыры баланы алғашында жыртқыш аңға балап осқырына кісінеп, жер тарпып, бір орында тұрмай бала жатқан жерге шауып келеді. Құнанында бас біліп, иесін далада қалдырмаған қасиетті айғыр ес-түссіз жатқан баланы иіскелеп, жыртқыш емес екенін сезініп, күдігі сейіледі. Айғыр қайта үйіріне шауып барып, үйіріндегі жылқыларды бала жатқан жерге қуып келеді. Үйірдегі барлық биемен айнала қоршап, бастарын иіп, демімен таңға дейін баланы жылытып тұрған.
Таңертең көрші ауылдың тұрғыны атпен мал іздеп келе жатып, ат шаптырым жерде өзінің айнала шеңбер жасап тұрған жылқыларын көреді. «Әдетте, жылқы бұрын-соңды шеңбер жасап тұрмаушы еді. Бие құлындады ма?» деп ойлаған жылқышы не де болса жақсылыққа балап үйірге қарай шаба жөнеледі. Келсе ортада шалажансар, не өлі емес, не тірі емес бала жатыр. Таңертең ғана жылқышы шай үстінде әйелінен «көрші ауылдан бала жоғалыпты» деген әңгімені естіген еді. Осы уақытта баланың ауылдастары топқа бөлініп таңға дейін баланы іздеп таппайды. Бұл жағдайдан көрші ауылдар да хабардар болған еді. Аттылы кісі баланы шапанына орап, дереу үйіне жеткізіп, аман-есен ата-анасына тапсырады.
«Жылқы иесінің айтуына қарағанда, жылқылардың баланы қорғап қалуға бар демін салғаны сондай, жердегі қалың қарды ерітіп жіберген екен», – дейді өз әңгімесінде желі қолданушы.
30 жылдан астам ат баптаумен айналысқан атбегі Сайфулла Дүйсенбековтен де тұлпардың тектілігі туралы әңгіме айтуын өтінген едік.
Ә дегеннен ол кісі «Аттың жылағанын көріп пе едіңіз?» деп маған кері сауал тастады. Мен басымды шайқадым. Ол алтын көмбедегі әңгімесінің тиегін ағытты.
«Басынан бағы тайып, бабы болмай қиналғанда, жарықтық текті жануардың жанарынан талай мөлдіреген жасын сүртіп, жан дүнием құлазыған сәт болғанын жасырмаймын. Мөлдіреген көзіне мойылдай мұң ұялаған қайран арғымақты жұбатып, сауырынан сипай алмай кеткен кезімді еске алсам, заты асыл сәйгүлікті бағаламаған бапкерлерге іштей қынжыламын. Ақылды жануардың сезім пернесін дөп басып, жан-тәніңмен қызмет етпесең топ жарған додада жеңістің дәмін тату мүмкін емес. Жансебіл болған бейнет пен табан ет маңдай теріңнің арқасында шаршы топта хас жүйріктерді шаң қаптырып, дара шауып бас бәйгенің бағы бұйырады», – дейді кәнігі бапкер.
Оң жамбасына дөп келген әңгімені айтқан сайын оның екі беті алаулап, жанарынан жарқылдаған от ұшқыны көрінеді. Бәйге мәресіне тұяқ тигізген арғымақ секілді қызынып алған ат баптаушы басынан өткізген қызықты оқиғаларын тізбелей жөнелді. Көз алдымызға бір сәт дала төсін дүбірлетіп көсіле шапқан хас тұлпарлар елестеп, оқиғаға еліте түстім.
«Бір тәулікте екі аламан бәйге шапқан тұлпарды көрдік. Арты жақсылыққа бармады. Жаңақорған ауданы Жайылма ауылында ас бәйгесі болды. Жарыста шиелілік тұлпар бірінші болып бәрімізді қуанышқа бөледі. Сол жерде ертең түс кезінде Сунақата ауылында сабантойға бәйге беріп, ат жарыстырамыз деген шақырыс болды. Біз сол жерге келіп қонып, бәйгені қызықтадық. Әлгі жүйрік тағы да бірінші болып келді. Бірақ бұл жолы біз қуанбадық, жануардың алдыңғы екі аяғы майысып жерге тиді. Аттың қасынан өтіп бара жатқанда екі көзінен жас парлаған жануар бізге қарады. Біз жерге қарадық. Бұл қалай болды, бір аяғына тұрмайтын жаман тай үшін мына жануарға не істеді? «Ат иесіне атақ па, әлде тай керек болды ма?» деген ойлар келіп жатты. Бапкері жасы үлкен, көргені көптеу кісі болатын. Сондықтан іштен тындық та, жүріп кете бердік», – деді атбегі терең күрсініп.
Жылқы малдың төресі екенін, оның ел естімеген қадір-қасиеті барын біреу білсе, біреу білмей жатады. Бүгінгі әңгіме де солардың алтын үзігі екені даусыз.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: