Құрылтай

Бейсенбі, 09 шiлде, 01:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№51 (2263)
09.07.2026
PDF мұрағаты

Күш емес, құрмет басым болуы тиіс

09.07.2026

24 0

Отбасы – қоғамның басты құндылығы. Шаңырақтағы тыныштық пен қауіпсіздікті сақтау – тек бір отбасының ғана емес, тұтас мемлекеттің ортақ міндеті. Кейінгі жылдары елімізде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған заң қабылданып, құқық-қорғау органдарының бұл бағыттағы жұмысы жаңа деңгейге көтерілді. Қызылорда облысында да тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқық бұзушылықтың жолын кесу және жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Осы орайда өңірдегі ахуал, заң талаптарының орындалуы, профилактикалық жұмыстар және тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрестегі өзекті мәселелер жөнінде облыстық Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Ғалымжан Амановпен сұхбаттастық.

– Елімізде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң талаптары айтарлықтай күшейтілді. Бұл өзгерістер өңірлерге қалай әсер етуде?

– Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған жаңа заңнамалық өзгерістер – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі мүлдем жаңа кезеңнің негізін қалады. Әлімжеттік жасағандардың жауапкершілігін арттырып қана қоймай, заң бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және орны толмас қайғылы жағдайлардың алдын алуға үлкен мүмкіндік беріп отыр.

Бүгінде бұл реформаның оң нәтижесі айқын сезіледі. Қазіргі таңда отбасылық жанжалдарға қатысты түскен әрбір хабарламаға ерекше мән беріліп, жіті зерделенеді. Біз үшін бірінші кезектегі маңызды міндет – жәбірленушінің қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз ету. Бүгінде агрессорларға қатысты қорғау нұсқамасы шығып, олардың мінез-құлқына қатысты ерекше талаптар белгіленуде. Ал заңды белден басқандарға қатысты ешқандай жеңілдік жоқ. Жағдайдың күрделілігіне қарай әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары қатаң қолданылуда.

– Сыр өңірінде отбасындағы әлімжеттік пен зорлық-зомбылықты жою бағытында соңғы уақытта қандай іс-шаралар қолға алынды?

– Мемлекет басшысы алға қойған «Заң және тәртіп» қағидатын берік ұстану мақсатында, жақында ғана облыс аумағында «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты республикалық акция өтті.

Іс-шараға 700-ге жуық маман жұмылдырылды. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде аймақта 30-дан астам ауқымды іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шара барысында халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған кездесулер өткізіліп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары жазылған арнайы ақпараттық материалдар таратылды. Әрине, тек түсіндірумен шектелген жоқпыз, акция аясында заң талаптарын белден басқан тұлғалар дер кезінде анықталып, оларға қатысты қатаң құқықтық шаралар қабылданды.

– Түсіндіру жұмыстарынан бөлек, дәл қазіргі уақытта ішкі істер органдары тарапынан тағы қандай жұмыс атқарылуда?

– Біздің мақсатымыз – қылмыстың салдарымен күресу емес, оның алдын алу. Осы бағытта отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтарға жол бермеу үшін арнайы есепте тұрған тұлғалар мен қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылар бақылауға алынды. Мәселен, соңғы уақытта осындай санаттағы азаматтардың тұрғылықты жері бойынша 290 профилактикалық тексеру жүргізілді. Мұндай рейдтер барысында қиындығы бар отбасыларға тек тексеру ғана емес, қажетті әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілді.

Әрине, заң талаптарын елемейтіндерге қатысты жаза да қатаң. Акция аясында әкімшілік құқық бұзған 400-ге жуық тұлға анықталып, оларға қатысты тиісті заңды шаралар көрілді. Біз қашанда жәбірленуші тараптың жағындамыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға өз құқықтарын қалай қорғау керектігі егжей-тегжейлі түсіндіріп, оларға білікті мамандар тарапынан құқықтық және психологиялық жәрдем берілді.

– Әдетте тұрмыстық жанжал кезінде дабыл қағылса, полиция қалай әрекет етеді? Жалпы, құқық бұзушылықтарды тіркеу мен оған шұғыл үн қатудың нақты алгоритмі қандай?

–         Бұл жерде ешқандай кездейсоқтыққа жол берілмейді. Бекітілген алгоритм бойынша жүзеге асады. «102» арнасына тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты түскен кез келген хабарлама, мейлі ол көршілерден немесе жәбірленушінің өзінен болсын, міндетті түрде бірден жүйеге тіркеледі. Дабыл түскеннен кейін оқиға орнына полицияның жедел тобы дереу аттанады. Отбасындағы жағдай толық анықталып, бірінші кезекте жәбірленушінің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Ал агрессордың әрекетіне бірден құқықтық баға беріледі. Егер кінәсі расталса, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама рәсімделіп, қажет болған жағдайда бірден қорғау нұсқамасы шығарылады. Егер оқиға барысында қылмыс белгілері анықталса, іс әкімшілік деңгейде қалмайды, бірден сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталады.

– Тұрмыстық қылмыс салдарын жоюдан гөрі оның алдын алу әлдеқайда тиімді екені түсінікті. Жалпы, өңірде зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар қай заңдық негізге сүйеніп жүргізіледі және бұл бағытта қандай қадам жасалуда?

– Құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жүйелі түрде жүзеге асуда. Полиция қызметкерлері күнделікті жұмыс барысында қауіп тобына жататын, яғни бұған дейін жанжал шыққан отбасыларды тұрақты және қатаң бақылауда ұстайды. Сонымен қатар қоғамда «тұрмыстық зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік» мәдениетін қалыптастыру үшін ауқымды ағарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Халықпен тікелей кездесулер ұйымдастырылып, оқу орындарында жастарға арналған тағылымды дәрістер оқылуда, ал ірі еңбек ұжымдарында құқықтық түсіндіру шаралары тұрақты өтіп тұрады. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің әлеуетін пайдаланып, заң талаптарын халыққа түсіндірудеміз. Ондағы мақсатымыз – әрбір азаматты өз құқығын білуге және құқықтық сауаттылықты арттыруға шақыру.

– Шаңырақтың шырқын бұзған агрессорлармен жұмыс қалай жүргізіледі? Оларды оқшаулау немесе қайта түзеу жолында қандай шаралар атқарылады?

– Отбасы мүшелеріне әлімжеттік көрсеткен азамат ішкі істер органдарының арнайы профилактикалық есебіне алынады. Осы арқылы полиция оларды әрдайым бақылай алады. Осы бағытта учаскелік полиция инспекторлары есепте тұрған тұлғалардың мінез-құлқын үнемі қадағалап, сот тарапынан белгіленген ерекше талаптардың қалай орындалып жатқанын тұрақты түрде тексереді. Егер белгіленген шектеулер бұзылса немесе заң талаптары еленбесе, заңға сәйкес олардың жауапкершілігі бірнеше есе күшейтіледі. Мұндай қатаң әрі жүйелі бақылау агрессорлардың бетін қайтарып, отбасында қайталанатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға айтарлықтай ықпал етуде.

– Тәжірибелі маман ретінде айтыңызшы, жалпы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың туын­дауына әкеп соғатын негізгі себеп қандай?

– Бұл – бір ғана себеппен түсіндіруге келмейтін өте күрделі, тамыры тереңде жатқан әлеуметтік мәселе. Тәжірибе көрсеткендей, отбасындағы кикілжің мен әлімжеттікке көбіне маскүнемдік, тұрмыстық-әлеуметтік қиындықтар, жұмыссыздық, сондай-ақ адамның ішкі психологиялық тұрақсыздығы себеп болып жатады. Бұған қоса, азаматтардың өз құқықтарын жете білмеуі, яғни құқықтық сауаттылықтың төмендігі де зорлық-зомбылықтың асқынуына жол береді. Бұл дертті тек күш құрылымдарының қатаң шараларымен ғана түпкілікті жою мүмкін емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес барлық мемлекеттік мекемелердің, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың, ең бастысы – қоғамдағы әрбір азамат пен әрбір отбасының ортақ жауапкершілігі болуы тиіс. Біз бірлескенде ғана зорлық-зомбылықтан ада, салауатты қоғам құра аламыз.

– Әлеуметтік желіде «полиция отбасылық жанжалдарға бейжай қарайды» деген пікірлер кездеседі. Бұған не дейсіз?

– Мұндай пікірлердің бәрі бірдей шындыққа жанаса бермейді. Қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы келіп түскен әрбір хабарлама міндетті түрде тіркеледі және заң талаптарына сәйкес қаралады. Қызметкерлер оқиға орнына барып, барлық мән-жайды анықтайды. Егер полиция қызметкерінің әрекетіне қатысты нақты шағым болса, ол міндетті түрде тексеріліп, заңды бағасы беріледі.

– Түрлі ауыр жағдай­лардан кейін жұмыстан қан­дай көңіл күймен қай­тасыз?

– Әрбір оқиға адамға әсер етеді. Әсіресе балалардың көз жасын, аналардың қорқынышын көру оңай емес. Дегенмен біз эмоциямен емес, заңмен жұмыс істейміз. Бір отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, адамның тағдырын өзгертуге себепкер болу қызметіміздің ең үлкен нәтижесі деп есептеймін.

– Аймақта  «102» желісіне қанша хабарлама түседі?

– Жыл сайын «102» желісіне мыңдаған хабарлама түседі. Оның ішінде белгілі бір бөлігі отбасылық-тұрмыстық қатынастарға байланысты. Биылдың осы кезеңінде «102» арнасына отбасылық-тұрмыстық қатынастарға байланысты мыңнан астам хабарлама түскен.

– Жұмыс бөлмесінде жалғыз қалғанда сізді жиі мазалайтын ой қандай?

– Әрбір хабарламаның артында бір адамның тағдыры тұруы мүмкін деген ой мазалайды. Сондықтан біздің міндетіміз – әрбір шақыртуға жауапкершілікпен қарап, уақытылы әрекет ету. Егер бір адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік болса, біздің жұмысымыздың мәні де сонда.

– Егер барлық отбасыларға бір ғана міндетті қағида енгізуге мүмкіндік берілсе, ол қандай қағида болар еді?

– «Қандай жағдайда күш қолдануға жол бермеу» қағидасын енгізер едім. Кез келген мәселе ашумен емес, сабырмен, өзара құрметпен және диалог арқылы шешілуі тиіс. Берік отбасы – берекелі қоғамның бастауы.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: