Жұма, 06 желтоқсан, 22:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№96-2106
03.12.2024
PDF мұрағаты

Қалдықсыз қала немесе әлем назар аударған мәселе

02.11.2024

713 0

Фото: ecoinfo.kz

Жер бетіндегі жеті миллиардтан астам адам үшін экологиялық, ғаламдық мәселенің бірі – қалдық. Оның түрі мен қоршаған ортаға қаупі қаншалықты маңызды болса, уақытында тазартып, жойып отыру да кезек күттірмейтін жұмыс.

Дүниежүзілік банктің есебінше, 2050 жылға қарай әлемдегі тұрмыстық қалдықтың көлемі 3,4 млрд тоннаға жетеді. Бұл келешекте Жер планетасының үлкен қоқыс полигонына айналатынын білдіреді. Елдегі қоқыс полигондарының жағдайы қалай? Әлем елдерінің тәжірибесіне сүйенсек, қалдықтан құтылу үшін қандай шаралар қолданылуда?

Бір қоқыстың тағдыры

Сарапшылар қалдықтарды пайда болуына қарай тұрмыстық, өнеркәсіптік, ауылшаруашылық, радиоактивті деп бөліп қарастырады. Тұрмыстық қатты қалдық­тардың құрамына тағам қалдықтары, қағаз, металл сынықтары, резеңке, шыны, ағаш, мата, пластикалық және синтетикалық қал­дықтар кіреді. Атмосфералық тұнбалар, қоқыстардың өрт салдарынан еруі тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарында физика-химиялық және биохимиялық үрдістердің жүруіне әсерін тигізеді. Яғни қалдықтарды сақтағанда сұйық, қатты және газ тәрізді көптеген улы химикат пайда болады. Бұл биосфераға және адамзат өміріне үлкен қауіп төндіреді, қоқыстардың қоршаған ортаға биогендік әсерінің нәтижесінде жәндіктер, құстар, кеміргіштер арқылы бактериялар мен вирустар үлкен қашықтыққа тарайды. Сондай-ақ мамандардың айтуынша, сұйық өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтар топы­рақ және өсімдік қабатын, жерасты су­ларын улы заттармен жоғары деңгейде кон­центрациялайды.

Қоқыстың сақталу ұзақтығы бірнеше жүз жылға дейін баратынын атап өттік. Соның ішінде газет, картон қағаздар – 3 ай, ағаш тақтайшалар, аяқкиімдер мен банкалар – 10 жыл, темір бөлшектер – 20 жыл, сағыз – 30 жыл, автомобиль батареялары – 100 жыл, полиэтилен пакеттері – 100-200 жыл, плас­тикалық бөтелкелер – 200 жыл, балаларға арналған бір реттік жаялықтар – 300-500 жыл, шыныдан жасалған бұйымдар – 1000 жылдан астам уақытқа дейін шірімей, жата береді. Олар ұзақ сақталған сайын ауаға сіңіп, өздері байқамаса да, адамдарда, әсіресе, әйелдер мен балаларда түрлі ауру тудырады.

Елдегі ахуал қалай?

Жыл сайын елімізде 4,3 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық жиналып, соның небәрі 12 пайызға жуығы ғана қайта өңделеді. Қалғаны қоқыс полигондарына көміледі екен. Елімізде тұрмыстық қалдық тасталатын 3520 полигон бар, соның 18 пайызы ғана тиісті талапты сақтауда. Қоғам белсенділері және экологтар заңсыз қоқыс алаңдарының азаймағанын айтып, дабыл қағып жатқаны тегін емес. Өндірістік және тұтыну қалдықтары тасталатын орын саны 17 934-ке жеткенімен, осы полигондардың дені санитарлық талаптар мен экологиялық стандарттарға сәйкес келмейді. Жалпы сарапшылардың дерегінше, жыл сайын елімізде 700 миллион тонна өнеркәсіптік қоқыс пен қалдық жиналатын болса, оның 250 миллионы денсаулыққа қауіпті улы заттар екені анықталған.

– Автокөлік шинасын жерге көмсек, 150 жыл­ға дейін шірімейді. Ал осындай дөңгелектің 1 тоннасын өртесе, ауаға 250 келі күл тарап, 450 келі уытты газ бөлінеді екен. Енді экологиялық заң бойынша барлық ұйым шиналарды арнайы кәдеге жарату орындарына тапсырады. Ал жеке тұлғаларға оның әр келісі үшін 5 теңгеден ақы төлеу де қарастырылған. Қызылордада әзірге автокөліктің ескі доңғалағын қайта пайдаға жарататын бір ғана өндіріс бар. Онда спорт алаңдарына арналған резеңке үгінділері мен су түтікшелері шығады. Сондықтан осы саланы тезірек қолға алса екен, – дейді Мырзахан есімді азамат. Қалдықтарды полигонға көму оларды жоюдың негізгі әдісі емес. Демек, қоқыстан құтылудың қосымша жолы қандай? Бұл – өңдеу.

Әлем мемлекеттері қоқысқа қарсы

Дамыған Еуропа және Азия елдері қалдық­тардың ластану проблемасын шешуде айтар­лықтай тәжірибесі бар десек артық емес. 1975 жылдан бастап француздар қайта өңдеу технологиясын белсенді түрде дамытты. Осы кезеңде оның аумағында полигондар саны 6 мың­нан 230-ға дейін азайған.

Қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу ісі бойынша Германия Еуропада алдыңғы орында. Бұл ел ең алғаш мұндай тәжірибені 1990 жылдың басында іске асырып көрді және әлі күнге дейін дамыту үстінде. Немістердің әрқайсысының пәтерінде қоқыс жинауға арналған кемінде үш түрлі ыдыс болады. Ол кейде, тіпті, сегізге дейін жетеді. Қоқысты қайта іске асыру және сұрыптау бойынша француздар қалыспайды. Францияда қоқыс өртейтін арнайы кешенді зауыттар салынған. Мысалы, Париж түбіндегі Иври-сюр-Сен зауыты жылына шамамен 600 мың тонна қоқыс өртейді. Қоқыстарды парализ тәсілі бойынша жоғары температурада өртейді. Соның әсерінен зиянды улы заттар толық еріп, күлге айналады. Франция қоқысты сұрыптап жинау әдісі мен қайта өңдеу нәтижесінде 30 пайыз алюминий, 50 пайыз әйнек, газет қағазын өндіріп отыр.

Күншығыс елінде қоқыс қалдықтарын сұрып­тауға өте кірпияз қарайды. Бұл елде, тіпті, қалдық тастағаны үшін полицияның ескертуін елемеген адамның сотталып кеткенін естісеңіз таңқалмаңыз. Жапондықтар елінің экологиясын сақтау үшін барын салады.

Жапонияда тұрмыстық қалдықтарды өр­тейді, одан алынған энергияны жылыту үшін қолданады. Тұрмыстық техникаларды қайта бұзып өңдеу үшін жөнелтеді. Бұл елде де әр жапондықтың үйінің алдында үш контейнер тұрады. Бірі пластмассаға арналса, екіншісі тағам, ал үшіншісі керексіз заттар үшін. Токио мен ірі қалаларда қоқыс контейнерлері қағаз, пластик, әйнек, темір, жанғыш, жанбайтын, қайта өндірілетін деп іріктеледі. Әр қалдықтың өзіне тиесілі қалталары болады. Жапония – қал­дық өңдеу ісінде тым ілгері кеткен елдің бірі. Тіпті аталған елде органикалық қалдықтардың өзінен құрылыс материалдарын жасап шы­ғарады.

Шешім бар ма?

Елімізде шыны, пластик және макулатура сияқты қоқыс түрлерін қайта өңдеу көрсеткіші төмен. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев: «Әкімдіктердің мәліметінше, 2023 жылы елі­мізде 4,1 млн тоннаға жуық коммуналдық қал­дық жиналған, оның 1 млн тоннасы (24%) сұрыпталып, қайта өңделіп, қалғаны поли­гондарда көмілген. Ал 2022 жылы 4,3 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдықтың 25% қайта өңделген», – деді Үкімет отырысында.

«39 ірі елді мекен бойынша ғана ғарыштық мониторинг былтыр 5533 рұқсатсыз қоқыс үйіндісін анықтады, бұл қалдықтардың нақты көлемі есепке алынатын көлемнен әлдеқайда жоғары екенін көрсетеді», – деді Экология министрі.

Қазақстанда кеңестік кезеңнен бері қатты тұрмыстық қалдықтардың көп жиналғаны сонша, билік 2019 жылдан бастап қоқыс поли­гондарына пластмасса, қағаз бен әйнекті алдын ала сұрыптаусыз көмуге тыйым салған. Осылайша қоғамда экологиялық сана қалып­тастыру көзделген. Алайда тыйымнан өзгерген дүниені көрмедік. Шынболат Байқұлов қал­дықтарды сұрыптау және қайта өңдеумен айналысатын 50 ұйым мен жеке кәсіпкерлердің басын біріктірген KazWaste қауымдастығын басқарады.

– Мұнай бәрібір жақын арада таусылады. Міндетіміз – қалдықты «айналымға енгізу». Мысалы, пластик өнім сынып қалса, оны жеті рет қайта өңдеуге болады. Бұл циркулярлық экономика, соған ұмтылуымыз керек, – дейді Шынболат Байқұлов. Байқағанымыздай, ел эконо­микасы мен экологиясы үшін ең дұрыс шешім қалдықтарды қайта өңдеу болмақ. Еуропа мемлекеттері қалдықтар арқылы өз қа­жет­­­тіліктерін қамтамасыз етіп, өңдеу арқылы жылу өндіріп отыр. Демек, шешім бар. Тек әрекет­­тің кемесін алға жылжытар азаматтар керек-ақ.

Жаңа жобалар жоспарлануда

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жыл басынан бері жүйелі жұмыс атқарып, оң нәтижеге қол жеткізіп келеді. Алдағы екі жылда барлық аудандар мен Қызылорда қаласында «Ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу» жобасын жүзеге асыру жоспарлануда.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ірі қалаларда қатты тұрмыстық қал­дықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу» тап­сырмасына сәйкес, облыс әкімінің қолдауы­мен алдағы екі жылда 9 жобаны іске асыру жос­­парланып отыр. Қалдықтарды сұрыптау және өңдеу саласында 8 жоба «Жасыл Даму» акцио­нер­лік қоғамының қаржыландыру меха­низмі ар­қылы іске асады. Оның ішінде, облыс орта­лы­ғы Қызылорда қаласында 2 ірі жобаны жүзе­ге асыру ойда бар. Оның бірі Оңтүстік Корея ин­вес­торларымен жүзеге асатын қолданыстағы по­ли­гонды жаңғырту жобасы. Бұл жоба аясында Оңтүстік Корея технологиясы бойынша қатты тұр­мыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауыты салынады. Қуаттылығы жылына 300 мың тоннаны құрайтын зауытта қалдықтар кәдеге жарап, электр энергиясы өндірілмек.

Сонымен қатар 100-ден аса бос жұмыс орны құрылмақ. Бұдан бөлек қуаттылығы жылына 220 млн шыны ыдыстарын шығаратын жобаны іске асырмақпыз. Зауытқа шикізат ретінде өнімнің 50 пайызына республика бойынша жинақталған шыны қалдықтар қолданылатын болады. Жалпы барлық жоба толық жүзеге асқан жағдайда 500-ден аса тұрақты жұмыс орны ашылып, 500 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар сұрыпталып, қайта өңдеуден өтеді, – деді Серік Сағитжанұлы.

Облыстың экологиялық ахуалы көпке мәлім. Ал тұрмыстық қалдықтарды өңдеп, қайта «өмір» сыйлау арқылы өндіріске де, экологияға да пайдалы бағытты таңдау таптырмас ше­шім. Қалдықсыз Қызылордаға қол жеткізу ортақ мүддеге айналғанда ғана тамшыдай әрекеттерден теңіз құралары анық.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: