Осыдан 35 жыл бұрын жергілікті телеарна алғаш рет эфирге шықты. Бастапқы кезде күніне бір сағат ғана хабар тарататын телеарна сол уақыттан бері аймақ тарихының алтын қорына айналды. Биыл «Qyzylorda» телеарнасына 35 жыл толып отыр.
Шығармашылық ұжымның мерейлі күнінде аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев «Qyzylorda» телеарнасының жұмысымен танысты. Содан кейін «Достық үйінде» «Qyzylorda» телеарнасының 35 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясы» акционерлік қоғамының бас редакторы Болат Мүрсәлім, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстық телеарналарының директорлары, мәслихат депутаттары және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Телеарна алғаш рет 1991 жылдың 30 сәуірінде эфирге шығып, сол уақыттан бері өңір тұрғындарын үздіксіз әрі жедел ақпаратпен қамтамасыз етіп келеді. Осы жылдар аралығында отандық журналистиканың үздік мектептерінің бірі болып қалыптасты. Аймақ басшысы телеарна ұжымын мерейтойымен құттықтады.

– Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біз озық ойлы ұлт болуымыз қажет. Көш бастайтын елдердің қатарына қосылуымыз керек. Бір ел болып, жұдырықтай жұмылсақ, бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Осы ортақ жұмысқа журналистер қауымы да зор үлес қосып жүр. Сіздерді реформаның қозғаушы күші деп айтуға болады», – деп атап өтті. «Qyzylorda» телеарнасындағы білікті әрі тәжірибелі мамандар заманға сай озық техникалар мен жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін пайдаланып, журналистикадағы жаңа бастамаларды ақпарат айдынына батыл енгізіп келеді. Аймағымыздың жетекші арнасы ел өміріндегі саяси маңызды оқиғалар туралы ақпаратты жылдам таратып, жағымды жаңалықтардың хабаршысы болуда. Телеарна эфирге шыққан 35 жыл ішінде халық шығармашылығын дамыту мен жергілікті музыкалық контентті қалыптастыруға айрықша басымдық берді. Сыр өңірінің жылнамасын, Тәуелсіздік шежіресін қалыптастырудағы қажырлы еңбектеріңіз үшін сіздерге зор ризашылығымды, алғысымды білдіремін. Ақпарат айдынында заман көшінен қалмай, жаңа медианы меңгеріп, елдікті сақтау, азаттықты баянды ету жолында абыройлы қызмет атқара бергейсіздер! – деді облыс әкімі.
35 жыл ішінде телеарна тілшілері тәуелсіздік жылдарындағы Сыр өңірінің шежіресін жасауға атсалысты. Бүгінде телеарна цифрлық форматта тәулігіне 15 сағат хабар таратады. Жаңалықтар күніне жалпы 8 рет, оның 6-ы тікелей эфирде көрерменге ұсынылады. Апта сайын әртүрлі бағыттағы 35-тен астам бағдарлама дайындалады. Өзіндік өнімнің үлесі 67 пайыз.
Телеарна эфирінде «Өмірдің өзі…», «Өзекжарды», «Ұлт саулығы», «Қайырлы күн, Қызылорда!», «Анықтаймыз», «Құдайы қонақ», «Қызық орда», «Параллель», «Пайдалы подкаст», «Үштаған» секілді жобалар тұрақты көрсетіліп келеді. Бұл бағдарламаларда қоғамдағы өзекті мәселелер көтеріліп, көрермен сұранысына сай сапалы әрі мазмұнды ақпарат, жан-жақты сараптамалар беріледі. Бүгінде ұжымда 71 кәсіби маман еңбек етеді.
Салтанатты шарада кәсіби шеберлігі мен телевизия саласындағы қажырлы еңбегі үшін бірқатар азаматқа ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері», «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілері, облыстың «Құрмет» грамотасы, облыс әкімнің «Алғыс хаты», «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамының «Құрмет» грамотасы мен «Алғыс хаты» табысталды.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!