Тасбөгет кенті бүгінде қарқынды дамып келе жатқан іргелі елді мекендердің біріне айналды. Қазіргі таңда мұнда отыз мыңнан халық түтін түтетіп отыр. Соңғы жылдары кенттің аумағы кеңейіп, жаңа келбетке ие бола бастады. Көшелері жарық, көлік тасымалы жолға қойылған кенттің енді жолдары жаңармақ. Бүгінде Тасбөгет кентінде жол жөндеу жұмысы қыза түсті.
Атап айтсақ, мердігер мекеме «УАД» ЖШС Б.Баймаханов көшесінен Тасбөгет кентіне кіреберіс көпірге дейінгі Н.Назарбаев даңғылын қайта жаңғыртуды бастады. Жобада қаралғандай Тасбөгет кентіндегі Есенов көшесі екі жолақтыдан төрт жолақтыға дейін кеңейтіледі және Амангелді көшесіне асфальт жабындысы төселеді. Бүгінде бас мердігері «УАД» ЖШС 5,1 млрд теңгенің жобасы аясында 4,4 шақырым көшелерді, атап айтқанда, Н.Назарбаев даңғылының 1,2 шақырымы күрделі жөндеуде. Сонымен қатар жаяу жүргінші жолы, су ағатын арнайы лотоктар орнатылуда. Алдағы уақытта бұл көшелерге жарық шамдары орнатылады.
Өткен аптада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Тасбөгет кентіне кіреберіс көпірге дейінгі Н.Назарбаев даңғылын қайта жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Аймақ басшысы жол сапасына баса назар аудару қажеттігін, құрылыс кезінде пайдаланатын материалдардың талапқа сай болу керектігін жіті тапсырды.
Кентке кіреберіс көпірдің төрт жолақты болып өзгеретініне тұрғындар да риза.
– Кентке кіреберіс Н.Назарбаев даңғылының төрт жолақты болып кеңейтілуі – біз үшін көптен күткен жаңалық. Бұл жолда көлік көп, кептеліс жиі орын алатын. Енді жол кеңейіп, қозғалыс әлдеқайда жеңілдейді деген үміт бар. Тағы бір маңыздысы – қауіпсіздік. Осыны ескеріп, жолды кеңейтіп, жүргізушілерге, жаяу жүргіншілерге де қолайлы жағдай жасайтыны қуантады. Жарық бағаналары орнатылып, қараңғылықтан құтыламыз деп, тұрғындар алғыстарын жеткізуде. Осындай игі істерді көріп, кентіміздің дамып жатқанына риза болып жүрміз, – дейді кент тұрғыны Қозбек Сыздықбаев.
Соңғы жылдары қаладағы көшелер тақтайдай тегіс десек артық айтқандық емес. Мәселен, облыс орталығындағы жол инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру үшін 185,8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Аталған қаржыға 2022-2026 жылдары 1700 шақырым автомобиль жолы мен 35 көпір өткелін салу, және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде төрт жыл ішінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 82-ден 95 пайызға дейін артқан.
Биыл аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, шет аймақ жолдарын жөндеуге басымдық берілуде. Яғни, 23,6 млрд теңгеге қаладағы, қалаға қарасты кенттер мен ауылдық округтердегі 70 көше қайта жаңғыртылып, күрделі және орташа жөндеуден өтеді.
А.АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!