Жұма, 06 желтоқсан, 22:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№96-2106
03.12.2024
PDF мұрағаты

Тіл біліміне терең бойлаған мектеп

02.11.2024

1415 0

Ақпарат пен технология ғасырында сәт сайын тың технологиялар дүниеге келіп, қолданыс аясы кеңеюде. Мұның барлығы білім мен ғылымға ден қойған елдердің жеткен жетістігі, даму көрсеткіші. Заман талабына сай ғылымды игеру – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл ретте бар жауапкершілік білім беру орындарына артылатыны сөзсіз. Қазіргі таңда елімізде білім беруде уақыт талабына сай инновациялық технологияларды қолдану міндеттелген. Жаңа инновациялық тәсілдер негізінде мектептерге жағдай жасау – білім саласын дамытудың, білім мен ғылымды игеретін ұрпақ тәрбиелеудің негізі болмақ.

Тіл біліміне терең бойлаған мектеп

А.Байтұрсынов атындағы №211 орта мектебі – білім беру ісінде жаңа бастамаларды жүзеге асырып, білім­ді, білікті, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуді мақсат еткен білім орда­сының бірі. Мектептің 35 жылдық та­рихы бар. Тәуелсіздік алған алғашқы жылы Алаш қайраткерінің есімі беріліп, бү­гінде ұлт ұстазының атына лайық білім беруді жолға қойған десе де болады.

Мыңнан астам шәкірт тәрбиелеп отырған оқу ордасының ғимараты биыл күрделі жөндеуден өткен. Жаңа ғимарат іші жарық, жылы, жайлы. Оқушының білім алуына қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оқу кабинеттері, зертханалар заманауи технологиямен жабдықталып, баланың тек теория тұрғысында емес, тәжірибе жасап көруіне де қолайлы жағдай жасалған. «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында тағайындалған мектеп басшысы Айжан Әлімова білім ошағының жұмысын жандандырып, сапалы білім беруді арттыруда жас та болса іскерлігін көрсетіп, қолдан келер мүмкіндікті қалт жібермей, жүйелі жүргізіп келеді.  Ол алда үлкен жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырғанын айтты.

Тіл біліміне терең бойлаған мектеп

Бүгінде орта мектепте қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, оқушылардың қазақ тілінде ойлау және сөйлеу дағдысын жетілдіру мақсатында республикалық «Тілге бойлау» жоба­сы қолға алынуда. Бұл аймақта алғаш рет пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылмақ. Бұл орайда А.Байтұрсынов атындағы №211 орта мектебі таңдалған.

– Оқу-ағарту министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы «Тілге бойлау» жоба­сының концепциясын іске асыру мақсатында қазақ мек­тепте­рінде білім алушылардың тілдік дағдыларын жетілдіруді қолға алуда 6 ғылыми зерттеу зертханасы мен ҚазТест орталығы жұмыс істейді. Бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдарымен шығармашылық бай­ланыс орнатылып, екі жақты мемо­рандумға қол қойылды. Сонымен бір­ге Алматы қаласындағы мемлекеттік тіл дамыту институты, Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы, облыстық әдістемелік орталықпен тығыз байланыс орнатылған, – дейді мектеп директоры.

Білімді ұрпақтың мектеп қабыр­ғасынан жан-жақты дамуы, ізде­ністе болуы керек-ақ. Ал мектеп қабырғасында жүзеге асатын жобалар оқушының қабілетін ашуға, дағды қалыптастыруға таптырмас құрал.

Тіл біліміне терең бойлаған мектеп

«Тілге бойлау» жобасының да оқушыларға берері мол. Соның нә­тиже­сінде оқушылардың қазақ тілін терең меңгеруіне, таза, анық сөйлеуіне,  сөз саптауына, тіпті шығарма, мәтін­ді сауатты жазуды игеруіне де сеп болмақ. Білім ордасының бас­шысы Айжан Шорабекқызының айтуынша, жоба аясында оқушылар әр пән бойынша термин сөздерді қолданбай қазақша атауымен айтуға дағдыланады.

– Жоба бойынша 6 зерттеу ба­ғыты қамтылған. Оның ішінде «Тыңдалым» ғылыми-зерттеу зерт­хана­сында оқушының бойына ұлт­тық құндылықты сіңіру, әлемді қазақ тілі арқылы таныту, рухани, ұлттық дүниетанымын кеңейту міндеттелсе, «Айтылым әрекеті» зертханасында ауызша сөйлеудегі әдеп, мәнерлі сөйлеу шеберлігін үй­ретеді. Сол сияқты «Академиялық жазылым» зертханасында әлеуметтік-мәдени, ғылыми, ресми, іскерлік бағытта мәтін жазуды игереді. Яғни мәтінге, ғылыми жобаға жоспар құру, шығарма, эссе, мазмұндама жазуда ойын көркем жеткізуді әрі орфографиялық, пунктуациялық қате­сіз жазуды үйренеді. Бұдан бөлек «Оқу сауаттылығы» зертханасы бар. Мұнда оқушылардың функционалдық сауаттылығын, академиялық білімі мен дағдысын, оқу сауаттылығының сапасын арттыруға басымдық бері­леді. Ал «Грамматикалық өнер» зертханасында оқушылардың ком­му­никативтік дағдысы қалыптас­тырылады. Қазақ тілі білімінің мета тілін меңгеру арқылы түрлі дең­гейдегі пәндік олимпиадаларда, ғы­лыми жобаларда өз мүмкіндіктерін көрсететін болады. Жобаның соңғы бағыты «Ахметтану» ғылыми-зерттеу зертханасы деп аталады. Мұнда гуманитарлық және жаратылыстану пәндері бойынша ғылыми-зерттеу жұмысы ұйымдастырылады, – дейді Айжан Шорабекқызы.

Тіл біліміне терең бойлаған мектеп

Мектепте тіл меңгеру жұмысы мұнымен шектелмейді. Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау бойын­ша Қазтест орталығының база­сы қалыптаспақ. Қазіргі таңда қажетті техникалық жаб­дықтармен қамтамасыз етілген.

– Ұлттық тестілеу орталығымен алдағы уақытта біліктілік тестін, сондай-ақ магистратура, докторан­тураға түсуде дайындық тесттерінен өтуге мүмкіндік жасалуда. Сонымен бірге 4-9 сыныптарға арналған сынамалы тест топтамасы әзірленді. PISA, PIRLS, TIMSS, ICILS-ке типтес тапсырмалар құрастырылды, – дейді білім ордасының басшысы.

Тіл біліміне терең бойлаған мектеп

Қазақ тілі білімін дамытуда қа­жырлы еңбек еткен Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов атындағы мектеп ұжымы атына заты сай білім ошағы болуды мақсат еткен. Сол мақсатқа жету үшін «Тілге бойлау» пилоттық жобасын сәтті жүзеге асыруды көздейді.

Еліміздің білім саласын әлемдік талапқа сай ету, білім сапасын арттыру, сол арқылы оқушылардың тілдік дағдыларды жетік меңгеруі, ақпарат пен технология заманында заманауи тех­нологиямен жұмыс істей білуін, креа­тивті ойлап, талдау жүргізе алуын, олардың жеке, жұппен, топпен бірге жұмыс істей алуын қалыптастыру – ұстаздарға қойылар басты талап. Бұл ретте мектеп ұжымы оқушыларға сапалы білім беріп, тұлға ретінде қалыптасуына күш салуда.

Тіл біліміне терең бойлаған мектеп

Ұлағаттты жандардың шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі еш кеткен емес. Білім беруде ұстаз үмітін ақтаған оқушылар жетерлік. Олар мектеп абыройын асырып, білім сапасының артуына да өз үлесін қосуда. Қала­лық, облыстық, республикалық сайыс­тарда үздік шығып, білім додасында оза шапқан шәкірттер мектеп мақтанышы. Былтырғы оқу жылының қорытындысы бойынша межелі мақсатқа жеткен білім ордасын тәмамдаған 40 түлектің 26-сы білім грантын иеленді. Білімді де тәрбиелі шәкірт тәрбиелеу ісінде мектепте 80-ге жуық мұғалім жұмыс істеуде. Оның 30-ы педагог-зерттеуші болса, 14-і педагог-сарапшы, 20 педагог-модератор бар. Сонымен қатар мектепте инклюзивті білім беру кабинеті жасақталып, ерекше балалардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасалуда. Бұдан бөлек оқу­шының рухани толысуына, шы­ғармашылығын дамытуына Coworking орталығының да септігі мол. Одан басқа 32573 кітап қоры бар кітапхана қызметін кітапқұмар оқушылар игілігіне пайдалануда.

Тіл біліміне терең бойлаған мектеп
Тіл біліміне терең бойлаған мектеп

Білім ордасында тек білім беру ісі емес, шәкірттерді өнерге баулу, қабілетін ашу, спортқа бейімдеу шаралары да қолға алынған. Қыз баланың өнерді игеріп, ұлттық дәстүрді меңгеріп, ұлттық құнды­лықты дәріп­тей алғаны керемет емес пе? Осы орайда білім ордасында «Іскер ана» жобасы қолға алынған. Мұндағы мақсат – халқымыздың салт-дәс­тү­рін қыз балалардың бойы­на сіңіру, тұрмыстық бұйымдар жа­сауды үйрету, қолөнер шеберлігіне баулу. Ол үшін арнайы кабинет жабдықталып, оны оқушылардың жа­саған бұйымдарымен толықтырған. Кабинет тоқу құралдары, тігін ма­шиналары сынды өзге де қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Ал оқушылардың қолынан шыққан қолөнер туындылары ерекше сән беріп тұр.

Тіл біліміне терең бойлаған мектеп
Тіл біліміне терең бойлаған мектеп

Сондай-ақ, мектепте  «Сарыжай­лау» домбыра үйірмесі де жұмыс істейді.

Ұлттық құндылықты бала бойына сіңіруде мектеп ұжымы басымдық берген тағы бір дүние тоғызқұмалақ ойынының тың әдісі енгізілген. Мұндағы ерекшелік оқушылар ойын­ды асық арқылы және топ болып ойнайды. Оның өзіндік ережесі мен тәртібі бар. «Бұл баланың ақыл ойын дамытып қана қоймай, қимыл-қозғалысының ширақ болуына да әсер етеді» дейді ұстаздар қауымы. Сондай-ақ шахмат, каратэ-до үйірмесі де оқушылар үшін жұмыс істеуде. Тоғызқұмалақ үйірмесіне 70 оқушы барса, 50 оқушы шахмат, 40 оқушы каратэ-до спортын үйренуде.

Тіл біліміне терең бойлаған мектеп

Қазіргі таңда оқушы қауіпсізді­гі – басты назарда. Бұл ретте білім ошағы күзет қызметі, өрт, дыбыстық ескерту мен бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген.

Оқушыға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, өнерге үйретіп, спорт­қа баулып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасаған білім ұясынан келешек мықты азаматтардың шығары сөзсіз. Мұндай заманауи мектепте білім алған балада арман жоқ.

Тіл біліміне терең бойлаған мектеп

Айдана ӘЛІМ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: