Су – тіршілік бастауы. Бүгінде адамзат үшін ең үлкен сын-қатерлердің бірі – тұщы су қорының азаюы. Ғалымдар алдағы он жылдықта әлем елдері су тапшылығын сезінетінін айтып, дабыл қағуда. Бұл қауіп Қазақстанды да, оның ішінде Сыр өңірін де айналып өтпейтіні анық. Сырдария суы жыл сайын азайып, климаттың өзгеруі, трансшекаралық өзендер ағынының кемуі, суды тиімсіз пайдалану мәселесі келешек үшін алаңдайтындай жағдай. Егер бүгіннен бастап судың әр тамшысын бағалап, оны ұқыпты пайдалана алмасақ, болашақ ұрпақ су тапшылығының зардабын тартуы әбден мүмкін.
Осындай күрделі кезеңде су шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген жұмысшы мамандар туралы айта кеткен жөн. Олар – су жеткізіп жүрген маман ғана емес, ел ертеңін сақтап жүрген азаматтар. Бүгінгі кейіпкеріміз – тәжірибелі маман, «Қармақшысушар» өндірістік учаскесінің сушы-жұмысшысы Кеңес Махамбетов. Ол су шаруашылығы саласында ұзақ жылдан бері абыроймен еңбек етіп келеді. Коллекторлардың қалыпты жұмысын қамтамасыз ету, судың ысырапсыз бөлінуін қадағалау, табиғат байлығы мен қоғам мүлкіне жанашырлықпен қарау – оның күнделікті атқаратын міндеті. Әрбір арнамен аққан су, дер кезінде реттелген жүйе – маңдай терінің жемісі. Шыны керек, көп жағдайда біз осындай қарапайым жұмысшылардың еңбегін байқай бермейміз. Өйткені олардың жұмысы көзге көрінбейді. Алайда сол үнсіз еңбек ауыл тіршілігінің үздіксіз жалғасуына, егіннің бітік шығуына, бақша дақылдарының жайқалып өсуіне, халықтың тұрмыс сапасына әсер етеді. Бүгінде су үнемдеу туралы көп айтып жүрміз. Алайда су үнемдеуді сөзбен емес, іспен көрсетіп жүрген жандар бар. Кеңес Нағашыбайұлы – осындай білікті маманның бірі. Ол әрбір тамшы судың бағасын біледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда еңбек адамын дәріптеу қажеттігін әрдайым айтып келеді. Шын мәнінде, елдің дамуы тек ірі жобалармен өлшенбейді. Ол күн сайын адал еңбегімен ел игілігін еселеп жүрген қарапайым еңбек адамының өлшеусіз маңдай терімен бағаланады. Су шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында еңбек адамдарына құрмет көрсету – олардың еңбегін бағалау ғана емес, суға деген көзқарасымызды өзгертуге үндейтін маңызды қадам. Себебі су тамшысы – өмірдің өзі. Тіршілік тіні үзілмеуі үшін су шаруашылығы саласында тер төгіп жүрген еңбек адамдары құрметке лайық. Суды қорғап әрі оны үнемдеу жолында еңбек етіп жүрген, жауапкершілік жүгін адал еңбегімен арқалап келе жатқан су маманы Кеңес Нағашыбайұлын бүгінгі күннің батыры десек те артық емес. Себебі өз еңбегімен ерлік жасау тек адал азаматтың ғана қолынан келеді.
Балабек Ибрагим,
«Әйтек су торабы» өндірістік учаскесінің диспетчері
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!