Сейсенбі, 05 мамыр, 01:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 (2245)
05.05.2026
PDF мұрағаты

Үздіксіз еңбек жеңіске жетелейді

05.05.2026

23 0

Білекке емес, білімге сенген заманда өрісі кең жастардың шоқтығы қашанда биік. Тұрар Рысқұлов атындағы №222 мектептің шәкірттері де осы үдеден шығып, облыстық білім бәйгесінде топ жарып келеді. Солардың бірі  қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен өткен облыстық олимпиадада жүлделі ІІ орын иегері атанған 9-сынып оқушысы Жанель Елдес. Жанель 7 сыныптан бастап олимпиадаға жүйелі дайындалғанын айтады.

– Биыл қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен олимпиаданың облыстық кезеңінде екінші орын иелендім, дегенмен одан да жоғары нәтиже күткен едім. Менің дайынды­ғым 7 сыныптан басталды. 7 сы­ныпта оқып жүрге­німде қала­лық кезеңде I орын алдым, дегенмен дайын­дықтың жеткі­ліксіздігінен облыстық кезеңде орын ала алма­дым. Былтыр 8 сы­ныпта бар күшімді салып, жетекшім Гаухар Кенжебекқызының қолдауы­мен дайындалдым. Со­ның нәтижесінде 2024-2025 оқу жылында пәндік олимпиаданың қалалық және облыстық кезең­де­рінде I орын иеленіп, республикалық кезеңде облыс намысын қорғап, жүлделі III-орынды қанжығама байладым, – дейді Жанель Елдес.

Жетістік жолында қиындықтар да аз болмаған. Кейбір тапсырма бойынша үздіксіз ізденгенін айтады.

– Дайындық барысында эссе жазу және көр­кем шығармаларды талдау қиындық туғызды. Себебі мен қазақ тілінің грамматикасына, тілдік талдауларға көбірек бейім болдым. Биылғы облыс­тық кезеңдегі бәсекелестік өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болды. Себебі әр қатысушы тыңғылықты дайындықпен келді, – дейді ол.

Жанельдің пәнге деген қызығушылығының оянуына басты себепкер жетекшісі Гаухар Кенжебекқызы.

– Жетекшімнің маған артқан сенімі мен қолдауы қанат бітіргендей болды. Олимпиада шыңын бағындырған құрдастарымды көргенде: «Менің де солардың қатарынан табылуыма не кедергі?» деп ойлайтын едім. Олимпиадаға дайындық барысында жетекшім екеуміз нақты дайындық жоспарын құрдық. Бос уақытымда жетек­шіммен бірге тұрақты дайындалып отырдым. Жетістіктерімнің басты себебі – аз-аздан болса да, үздіксіз еңбек ету, – дейді Жанель.

Гаухар Кенжебекқызы шәкіртінің бойындағы қабілетті ерте байқағанын айтады.

– Кез келген мұғалім әр оқушының бойындағы қабілетті көруге тырысады. Шәкіртім Жанельдің бойында 5-сыныптан бастап өз-өзіне деген сенім­ділігін, жауапкершілігін байқадым. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен білімділігін де әр сабақ сайын көрсетіп жүрді. Сонымен қатар шәкіртімнің есте сақтау қабілетінің мықты екенін байқадым. Жанель – тіл білуге қызығушылығы бар ізденімпаз оқушы, – дейді жетекшісі.

Ұстаздың айтуынша, олимпиадаға дайындауда дайын үлгіге сүйену жеткіліксіз. Әр оқушының болмысын, ойлау жүйесін, білім деңгейін ескергенде ғана нәтиже болады.

– Олимпиадаға дайындық барысында, ең алдымен, оқушы­ның ерекшелігін, білім деңгейін, ойлау қабілетін ескеру қажет. Әр оқу­шыға бірдей әдіс қолда­на алмаймыз, сондықтан дайындықты оқушының талпынысына қарай жоспарладым. Алды­мен олимпиада тап­сырмаларын талдап, қай бағыттар бойын­ша әлсіз тұстары бар екенін анықтадық. Со­ған сәйкес жүйелі жоспар құрдық. Дайын­дық барысында бірнеше тиімді әдісті қолдандым. Біріншіден, жүйелі қайталау мен терең талдау әдісіне сүйендік. Тек теорияны жаттап қана қоймай, әр тақырыптың мазмұнын терең түсінуге жұмыс жасадық. Екіншіден, салыстыру, дәлелдеу, талдау, қорытынды жасау дағдыларын дамытуға ерекше мән бердім. Себебі олимпиада тек білімді тексермейді, ол оқушының логикалық ойлауын, өз пікірін нақты жеткізе алуын да бағалайды. Сонымен қатар жеке консультация, деңгейлік тапсырмалар, уақытқа жұмыс істеу, қателермен жұмыс, кері байланыс беру әдістерін қолдандым. Әр дайындықтан кейін оқушымен бірге оның жіберген қателерін қарап, нені жетілдіру қажет екенін нақтылап отырдық. Бұл әдіс оқушының өз қатесін көруіне және келесіде оны қайталамауына көмектесті, – дейді Гаухар Кенжебекқызы.

Оқушыны шыңдауда жетекшінің рөлі айрық­ша. Мұғалімнің пікірінше, оқушыға тек жарысқа қатысушы ретінде емес, болашақ жеңімпаз, толыққанды тұлға ретінде қарау қажет.

– Әріптестеріме айтар кеңесім – оқушыға тек жарысқа қатысушы ретінде емес, жеке тұлға және болашақ жеңімпаз ретінде қарау. Әр баланың бойында белгілі бір қабілеті болады, сол қабілетті дер кезінде байқап, дұрыс бағыттау – ұстаздың шеберлігі. Әрине, олимпиадаға дайындықты жос­парлы және жүйелі түрде жүргізу керек. Тек соңғы сәтте дайындалу нәтиже бермейді. Дайындықты ертерек бастап, кезең-кезеңімен білімді тереңдетіп отырған дұрыс. Олимпиадада жетістікке жету бір күннің немесе бір аптаның еңбегі емес. Ол – үздіксіз ізденіс, қайталау, жаттығу және төзімділік нәтижесі. Олимпиадаға дайындау мұғалімнен терең білімді, жаңашылдықты, табандылықты талап етеді. Сондықтан мұғалімнің өзі де үнемі ізденісте болып, білімін жетілдіріп отырғаны абзал. Нағыз жеңіс тек диплом алу емес, баланың бойындағы сенімді, талпынысты, мақсатқа ұмтылысты ояту, – дейді ол.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: