1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл мереке түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан мемлекеттің басты құндылықтарын айқындайтын күн. Бірлік, татулық, өзара құрмет – тек мереке күндері айтылатын сөз емес, өміріміздің мәніне айналған құндылық. Осы орайда, Қазақстандағы корейлері қауымдастығы жанындағы жастар қозғалысының жұмысы айрықша назар аудартады. Бұл қозғалыс 1998 жылдан бері жастар ұйымы ретінде тұрақты жұмыс істеп келеді. Республикалық жастар қозғалысы тек бір этнос жастарының басын қосатын ұйым ғана емес, белсенді, бастамашыл, ел дамуына үлес қосуға ұмтылатын жас буынның ортақ алаңы. Мұнда жастар өз мәдениетін сақтап қана қоймай, өзге этностардың дәстүріне құрметпен қарауды, қоғамдық өмірге араласуды, ортақ мақсат жолында бірігуді және Қазақстанның көпэтносты қоғамындағы жауапкершілікті сезінуді үйренеді. Қазіргі таңда Қазақстандағы корейлердің жастар қозғалысы аясында жастар форумдары, мәдени кездесулер, шығармашылық кештер, тіл үйрену және білім беру жобалары, волонтерлік акциялар, қайырымдылық шаралары, сондай-ақ этномәдени бірлестіктермен бірлескен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Әсіресе түрлі диаспора өкілдері арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған бастамалардың маңызы зор. Наурыз мерекесі, Достық фестивальдері, мәдениет күндері, жастар кездесулері арқылы қозғалыс өкілдері корей мәдениетін таныстырып қана қоймай, қазақ халқының тарихына, тіліне, салт-дәстүріне деген құрметті де нақты іспен көрсетеді. Бүгінде жастардың алдында үлкен міндет тұр. Аға буын қалыптастырған татулық пен келісім дәстүрін сақтап қана қоймай, оны жаңа заман талабына сай жалғастыру. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан Қазақстандағы корейлер қауымдастығы жанындағы жастар қозғалысының төрағасы Валерий Конмен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Бұл күннің мәні тек салтанатты іс-шаралармен шектелмейтіні анық. Осы тұрғыдан алғанда, аға буынның тәрбиесі мен отбасылық дәстүрлер бүгінгі жастардың бірлік, татулық және этносаралық келісім туралы түсінігіне қалай әсер етуде?
– Жастардың этносаралық келісімді сақтауы ұлттық тәрбиеде жатыр деп ойлаймын. Аға буын санамызға дұрыс пайым мен ізгілікті қабылдаудың негізін қалап берді. Олардың өнегелі ісіне қарап, түрлі ұлт арасындағы достық пен сыйластықты көрдік. Бала күнімізден қазақтың ет тамағы мен корейлердің салаты бір дастарханда қатар тұратын берекелі ортада ер жеттік. Дәл осы ортақ дастархан біз үшін тек дәм тататын орын емес, бауырластық пен ынтымақтастықтың айнымас символына айналды. Мұндай сабақтастық – бүгінгі қоғамның тұрақтылығы мен бірлігінің кепілі.
– Жастар қозғалысындағы еңбек жолыңыз 2023 жылы Астана қаласында басталды. Бүгінге дейін жинаған тәжірибеңіз бүгінде республикалық ұйымның тізгінін ұстауға қаншалықты көмектесуде?
– Республикалық корей жастар қозғалысына 2023 жылы белсенді ретінде қадам басып, кейін оның тізгінін ұстау үлкен жауапкершілік жүктеді. Өзімнен 8-10 жас кіші буынмен тығыз жұмыс істей отырып, мен түрлі ұрпақ өкілдерімен тіл табысу және ортақ құндылықтар төңірегінде бірігудің маңызын тереңірек түсіндім. Бұл жұмыс маған жастармен жұмыс істеудің, олардың ой-пікірін тыңдаудың, бастамаларын қолдаудың және сенім білдірудің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Әр өңірдің жастары әртүрлі, олардың қызығушылығы, көзқарасы, тәжірибесі де бөлек болуы мүмкін. Бірақ бәрімізді біріктіретін ортақ құндылық бар. Ол – елімізге деген құрмет, елдің болашағына бейжай қарамау және қоғамға пайдалы іс атқаруға деген ұмтылыс.
– Қозғалыстың басты мақсатының бірі – ел аумағында ұйымшыл әрі біртұтас команда қалыптастыру. Түрлі аймақтардағы жастар өздерін осы ортақ істің ажырамас бөлігі ретінде сезінуі үшін қандай нақты қадам жасалуда?
– Бұл мақсатқа Қазақстан корейлері қауымдастығының жан-жақты қолдауымен қол жеткізуді көздеп отырмыз. Қауымдастық ұсынып отырған мүмкіндіктер жастарды біріктіруші негізгі күшке айналмақ. Өйткені кез келген ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін ең алдымен өзара сенім, ауызбіршілік және ортақ жауапкершілік қажет. Біз аймақтар арасындағы байланысты нығайтып, әрбір жастың үні естілетін және олардың әлеуеті толық іске асатын ортақ экожүйе құруды жоспарлап отырмыз. Жастар қозғалысы және Қазақстан корейлері қауымдастығының қолдауымен осы мақсатқа жетуге бағытталған түрлі байқаулар өткізіледі. Соның бірі – 9-11 сынып оқушылары арасынан көшбасшыларды анықтауға арналған «Жас көшбасшы» байқауы. Сонымен қатар қазіргі уақытта жас стартаперлерге арналған «Green Field» байқауы әзірленіп жатыр. Мұндай жобалар жастарды тек жарысқа қатыстыру үшін ғана емес, олардың бойындағы көшбасшылық қабілетті ашу, жаңа идеяларды жүзеге асыру және қоғамға пайдалы бастамаларды қолдау үшін қажет. Түптеп келгенде, біздің мақсатымыз – әрбір жас өзін үлкен әрі біртұтас отбасының ажырамас бөлігі ретінде сезінетіндей бірлікте болу. Бұл бірлік тек ұйым ішінде емес, барлық қазақстандық жастар арасында нығаюы тиіс.
– Этносаралық байланысты нығайтуда жастар жобаларының рөлі қандай?
– Қазіргі таңда жастармен кездесу, мәдени кештер, форумдар, волонтерлік және қайырымдылық акциялары, тілдік әрі танымдық жобалар өткізіліп келеді. Сонымен қатар түрлі байқаулар, білім беру сипатындағы кездесулер де ұйымдастырылады. Бұл іс-шаралардың барлығы жастардың белсенділігін арттыруға, олардың қабілетін ашуға және қоғамдық өмірге араласуына мүмкіндік береді. Мұндай кездесулерде жастар тек жаңа дағды үйреніп қоймай, бір-бірімен еркін араласады, тәжірибе алмасады, ортақ жобалар туралы ой бөліседі. Жақында Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Қазақстан корейлері қауымдастығының қолдауымен және «Ассамблея жастары» мүшелері үшін бірлескен экскурсия өткіздік. Осындай бастамалар жастар арасындағы өзара түсіністікті нығайтып, түрлі этнос өкілдерін ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіреді.
– Корейлер қауымдастығының жастар қозғалысы жалпыұлттық жобаларды жүзеге асыруда қаншалықты үлес қосуда?
– Қозғалыс жастары жалпыұлттық жобаларға белсенді қатысады. Біз республика бойынша «Таза Қазақстан» акциясына тұрақты қатысамыз, ағаш отырғызамыз, сенбіліктерге шығамыз, балалар үйлеріне барамыз, мұқтаж отбасыларға көмек көрсетеміз, қарттарға қолдау білдіреміз. Сонымен қатар этносаралық жобаларда да волонтер ретінде белсенді атсалысамыз. Балаларға арналған мәдени-білім беру кездесулерін ұйымдастыру да біздің жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі. Мұндай іс-шаралар жас буынның дүниетанымын кеңейтіп, оларды мейірімділікке, жауапкершілікке және қоғамға пайдалы болуға тәрбиелейді. Ел дамуына қосып отырған басты үлесіміз жастар арасында дұрыс ойлау жүйесін қалыптастыру деп санаймын. Өйткені елдің болашағы бүгінгі жастардың қандай болуына тікелей байланысты. Бұған дейін қозғалыс аясында қазақ тілін үйренуге арналған бағдарлама болды. Алдағы уақытта мемлекеттік тілді үйрену жұмысын жаңа бағытта қайта жандандыруды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде біз жастар арасында қазақ тілін білу маңызды екенін үнемі айтып келеміз.
– Жергілікті этномәдени бірлестіктермен тікелей диалог орнату жоспарыңызда бар ма?
– Аймақтардағы жастармен кездесу, олардың ұсыныстарын тыңдау, бастамаларымен танысу және этномәдени бірлестіктермен байланыс орнату қозғалыстың дамуы үшін өте қажет. Себебі республикалық деңгейдегі жұмыс өңірлердегі нақты жағдаймен, жастардың шынайы сұранысымен ұштасқанда ғана нәтижелі болады.
Қызылорда облысы туралы айтар болсам, мен «Ассамблея жастарының» өңірлік жетекшісі Елена Пакпен байланыстамын. Оның іскерлігі мен бастамашылдығы Сыр жастарының шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін толыққанды іске асыруға кепіл боларына сенімім кәміл. Жергілікті этномәдени бірлестіктермен иық тіресе отырып, тығыз қарым-қатынас орнату – біздің ортақ мақсаттарға жету жолындағы басты басымдығымыз болып қала бермек. Біз үшін әр өңірдің дауысы маңызды. Әр қала мен облыстағы жастар өздерін республикалық қозғалыстың бір бөлігі ретінде сезінуі тиіс.
– Жас таланттарды қолдау мен ұлтаралық татулықты нығайтудағы ұйымның рөлі қандай деп ойлайсыз?
– Басты миссиямыз – әрбір жастың әлеуетін ашуға жағдай жасап, олардың бастамалары мен Қазақстан корейлері қауымдастығының мүмкіндіктері арасындағы алтын көпір болу. Әр жас өзінің қабілетін танытып, қоғамға пайдалы бола алатынына сенуі керек. Жас таланттарды қолдау бұл тек өнер немесе білім саласындағы жетістікке көмектесу ғана емес. Бұл – жастарға сенім арту, олардың идеясына құлақ асу, бастамасын жүзеге асыруға мүмкіндік беру. Ал ұлтаралық татулықты нығайтуда жастардың рөлі ерекше.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!