Жұма, 03 мамыр, 11:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

7 қабатты 504 пәтер ел игілігіне берілмек

25.07.2023

404 0

Соңғы жылдары қалада тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. Тұрғындарды баспанамен қамтуда жыл сайын бірнеше көпқабатты үйлердің іргесі қаланып, ел игілігіне берілуде. Бұл бағыттағы жұмыс күні бүгінге дейін жалғасын табуда.

Қала аумағы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Мұны түрлі құрылыс нысандарының бой көтеруінен-ақ байқауға болады. Әсіресе сол жағалаудағы құрылыс жұмысы қызу жүруде.

Биыл өңірде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында барлық қаржыландырудың есебінен 692 300 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал  соңғы алты айда 318 мың шаршы метр болатын тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындар қолданысына берілген.

Жыл сайын баспаналы болатын тұрғындардың қатары көбейгенімен, тұрғын үй құрылысы тоқтаған жоқ. Қазіргі таңда аймақта 27 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның тоғызы аудандарда бой көтерсе, қалған 17 үй қалалықтар игілігіне салынуда.

Шаһардың сол жағалауында қазір 16 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Оның ішінде алты тұрғын үй жеті қабатты болса, қалғаны 5 қабатты үйлер. Бір ерекшелігі, бұл тұрғын үйлердің барлығы заманауи бағытта және жаңа технологиялардың көмегімен салынуда. Құрылысы жүріп жатқан 7 қабатты тұрғын үй – 84 пәтерлі болса, 5 қабатты үйлерде – 470 пәтер қамтылмақ.

Тұрғын үйлердің құрылысы келер жылы аяқталуы тиіс. Бұйыртса, жаңа жыл қарсаңында өз баспанасының кілтін алатын тұрғындар саны тағы еселене түседі деген сөз. Бұдан бөлек, республикалық бюджеттен мың пәтер әлеуметтік осал топ­тағы азаматтарға сатып алу құ­қығынсыз берілетін бола­ды. Бұл да өз кезегінде атал­ған санаттағы азаматтарды баспанамен қам­тамасыз етудегі бірден-бір қолдау болмақ.

Қалада салынып жатқан тұр­ғын үй құрылысындағы басты ерекшелік – 7 қабатты тұрғын үйдің бой көтеруі болып отыр. Бұл аймақ бойынша алғаш рет жүзеге асырылып отырған жоба. Сондықтан жаңа жоба құрылысы мамандар тарапынан егжей-тегжей тексеріліп, 7 рет өлшеніп кесілген шешім. Сәулетіне күн санап сән кіре бастаған облыс орталығының ажарын айшықтай түсетін жобаға республика бюджетінен 1 млрд 604 млн теңге қаражат бөлінген. Қазіргі таңда 7 қабатты бірінші үйге «Аман құрылыс» ЖШС мердігер мекемесі құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Ақпан айында іргетасы қаланған нысанның жалпы ауданы 3,4 гектарды құрайды.

Бұдан бөлек 5 үйдің құры­лысын «Орион ЛТД» ЖШС, «Риголит» ЖШС,  «Промстрой­сервис Е» ЖШС, «Абу-Сер» ЖШС мердігер мекемесі жүр­гізеді. Жоспар бойынша 7 қабатты зәулім үйлер келер жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Бүгінде инженерлік желіле­рінің жобалық-сметалық құ­жат­тамасына сараптаманың оң қоры­тындысы берілген 7 қа­бат­ты тұрғын үйде үлкен қа­ладағы­дай ыстық, салқын суы орталықтандырылған, тұрғын­дардың аулада еркін жүріп-тұруына, жайлы өмір сүруіне барынша жағдай жасалады деп жоспарланған. Ол үшін ин­женерлік желілерін жүргізуге 1395,3 млн теңге қаражат керек. Оның ішінде ауызсу және кәріз желісіне 104,5 млн теңге, электр желісіне – 377,6 млн теңге, жылу жүйесіне – 518,8 млн теңге, газ жүйесіне – 55,7 млн теңге және телефон мен абаттандыруға – 338,7 млн теңге қаржыға бюджеттік өтінім ұсынылған.

Тұрғын үй 7 қабатты бол­ғандықтан әрі аймақ сейсмикалық аумаққа енгендіктен жоба құ­рылысының қауіпсіздігі де ес­керілген. Құрылыс аяқталған соң тұрғын үй ипотека арқылы берілетін болады.

Жалпы сол жағалау аумағы ерекше үлгіде дами түспек. Әу баста, шығыс стилінде са­лынуы тиіс жаңа шағын аудан зәулім-зәулім ғимараттарымен көз тартатын болады. Мұнда пайдалануға берілген 74 тұрғын үй мен жеке мектеп, балабақша, жастар орталығы, «Болашақ» университеті сынды әлеуметтік нысандар бой көтерген.

Ал алдағы уақытта облыс­тық қан орталығы, көпбейін­ді аурухана, физика-матема­тика мектебі де сол жағалау тұрғындарының игілігіне бері­леді. Қазіргі таңда атал­ған денсаулық, білім ғимарат­тарының іргесі қаланды.

Сол жағалаудың көркін ашып, ажары өзіне тартар әсем ғимараттар салу мұнымен тоқ­тамақ емес. Шағын ауданға қоныс аударушылар саны күннен-күнге артып келеді. Сондықтан мұнда тұрғын үйге деген сұраныс артпаса, кемімейді. Себебі тиісті сала мамандары бұл маңнан алдағы уақытта 9 қабатты тұрғын үйдің де құрылысы жүретінін айтуда. Одан бөлек халық сұранысына сай түрлі нысандар салынады деп жоспарлануда.

Бұған дейін облыс орталығын 5 қабатты тұрғын үйлер қамтыған еді. Осы орайда көпшілік 5 қабаттан жоғары зәулім үйлердің салынбайтынын жиі айтатын. Сәтін салса, көп ұзамай 7 қабатты тұрғын үйдің де кілті тұрғындарға табысталып, баспана тойын той­лар күн келеді. Бұл да халық сұранысына құлақ асқан биліктің ел игілігі жолындағы қызметі.

А.СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: