Сәрсенбі, 17 сәуiр, 04:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Адал еңбек жемісі

15.10.2022

1008 0

Игі дәстүр бойынша биыл да «Алтын дән – 2022» мерекесі облыс орталығында өз дәрежесінде аталып өтті. Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық драма театрында өткен диқан еңбегін дәріптеген іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, құттықтады.

– «Қала күні» мерекесін тойлау әрбір жерлесіміз үшін маңызды әрі мерейлі сәт деп санаймын. Бір ай көлемінде түрлі сипаттағы ауқым­ды іс-шаралармен жалғасқан думан­ды басқосулар берекелі күз­дің «Алтын дән» мерекесімен сабақтасты. Ри­зық несібесін жер­ден терген дала ең­беккерлері су тапшылығының қиын­дығына қа­рамастан биыл 188500 гектар жерге егін ексе, оның ішінде негізгі дақыл – күріштің көлемі 78592 гектарды құрап, әр гектардан 56,7 центнерден өнім алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей қолдауының нәтижесінде өңірде су көлемі өткен жылғыдан көбейді. Биыл егісті ерте бастадық. Соның нәтижесінде өнім деңгейі артып отыр. Суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суару тәсілін жолға қойып келеміз. Алдағы уақытта өнім көлемін арттыру жос­парымыз бар. Қазақтың ата кәсібі мал шаруашылығына да көңіл бөлініп отыр. Азық түлік бағасын төмендетуде нәтижелі жұмыс жүргізілуде. Ала жаздай төккен тері мен аянбай еткен еңбегінің жемісін көрген барша диқан қауымның жанкешті еңбегіне аймақ жұртының атынан шынайы алғысымды біл­діремін. Қамбамыз дәнге толып, құт берекеміз арта берсін, – деді аймақ басшысы.

Салтанатты кеште ауыл шаруа­шылығы саласын дамытуға ай­рықша еңбек сіңірген қоғам қай­раткері Жарылқасын Шәріпов, «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атанды.

Сонымен қатар «Алтын дән – 2022» мерекесі аясында өңір дамуы­на еңбегі сіңген еңбек ардагерлеріне Қызылорда облысы әкімінің «Құр­мет» грамотасы табысталды.

Сондай-ақ жоғары көрсеткіш­терге қол жеткізген бір топ өндіріс озаттарына демеушілер тарапынан жеңіл автокөліктер табысталды.

«Озат егін шаруашылығы» но­минациясы бойынша бірінші орын иегері болып «Ақтөбе и К» ЖШС танылды. Екінші орын «Ер-Әлі»  шаруа қожалығына берілсе, үшінші орын «Алтын дән Шиелі» ЖШС-на табыстал­ды.

Агроөнеркәсіп кешенін дамы­туда ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген «Үздік аудан» но­минациясымен Сырдария ауданы марапат биігінен көрінді. Бұл аудан ауылшаруашылық саласында 9 ай­дың қорытындысымен жал­пы өнім көлемі 15,0 млрд теңге­ге жетіп, өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 14,3 про­­центке артып, оның ішінде егін шаруашылығы өнімі 19,9 про­центке, мал шаруашылығы өнімі 1,6 процентке артқан. Егіл­ген 20728 гектар күріштің әр гек­тарынан 64 цент­нерден өнім алуды қамтамасыз еткен.

Ауыл шаруашылығы өнімде­рін өңдеу саласы бойынша ет, сүт және балық өнімдерін өңдеуде жоғары көрсеткіштерге жеткен Қазалы ау­даны үздіктер қатарынан көрінді.

Мал шаруашылығы саласын­да мал басы санының өсу дина­микасын қалыптастырған және мал өнімдерін өндіруде жоғары жетістіктерге жет­кен Арал ауданы үздік екенін айта кету керек. 

Егін шаруашылығы саласын­да егістікті әртараптандыру бағытын­да, су үнемдеу және цифрландыру технологияларын өндіріске енгі­зу­ді ұйымдастырып, жоғары өнімділік­ті арттырған Шиелі ауданының аты аталды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: