Бейсенбі, 25 сәуiр, 20:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Әкім есебінен

21.05.2022

1100 0

ҚОСШЫҢЫРАУҒА ҚАШАН ГАЗ КЕЛЕДІ?

Қала әкімі Асылбек Шәменовтің кезекті есепті кездесуі Қосшыңырау ауылдық округінде жалғасты. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселелеріне зейін қойып тыңдаған шаһар басшысы өзектілігіне қарай тиімді шешу жолдарын қарастыру қажеттігін атап өтті.

Бұл елді мекенде жер мәселесі өзекті болып отыр. Ауыл тұрғындарының айтуынша, ертеректе осында жұмыс істеген «Үміткер» шаруашылығы төрағасы тұрғындардың жерлерін заңсыз өз атына рәсімдеп алған. Енді ол жерлерді үлескерлер өздеріне қайтарғысы келеді. Бұл мәселеге қатысты қала әкімі алдағы уақытта архив құжаттарын қайта көтеріп, заңдылығына сәйкес тұрғындар талабы ескерілетінін жеткізді.

– Мәселемізді айтып, меселіміз қайтып отыр. Соған жәрдем жасасаңыздар. Сонымен қатар ауылға тезірек газ кірсе деген тұрғындар тілегі бар, – деді Мәриам Айтанова есімді зейнеткер.

– Жақында Энергетика министрі Сыр еліне келеді. Сонда сіздердің ауылға «көгілдір отын» кіргізу жөнінде ұсыныс айтылады. Ал жер мәселесі арнайы комиссия арқылы жан-жақты терең зерттеліп, халықтың үлесі қайтарылады, – деді қала әкімі.

Елді мекенде өткен жүздесуде жергілікті тұрғындар Досан ауылына жаңадан дәрігерлік амбулатория салынса, «Алтынбай» каналының көпірі жөнделсе деген ұсыныс тілектерін де жеткізді.

Кездесуде қала әкімі қалаға қарасты елді мекендерге мемлекет тарапынан барынша қолдау жасалынатындығын, айтылған әрбір ұсыныстың ескерусіз қалмайтындығын жеткізді. Сондай-ақ Досан ауылындағы 17 көшеге және Қосшыңырау ауылдық округіндегі емханаға дейінгі аралыққа жарықтандыру жұмысы жүргізілетіні айтылды.

БЕЛКӨЛДІКТЕРДІҢ БАЗЫНАСЫ ҚАНДАЙ?

Қалаға іргелес орналасқан Белкөл кентінің бағдары айқын, келешегі кемел. Мұнда халықтың көпшілігі теміржол саласында жұмыс істейді. Кентішілік мәселелер де жоқ емес. Оның жай жапсарын талқылап, елмен етене болу мақсатында шаһар басшысы Асылбек Шәменов Белкөл кентіне барды.

Қала әкімі алдымен тұрғындарға жаңадан сайланған кенттің жаңа әкімі Жасұлан Сәдуді таныстырып, оған халықпен тығыз байланыс орнатуды жүктеді. Ол белкөлдіктерге жақсы таныс, кент әкімдігінде ұзақ жылдан бері қызмет атқарып келеді.

Содан соң кенттегі №189 орта мектептің мәжіліс залында қала әкімінің есепті кездесуі өтті. Жиында қаланың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен биылға жоспарланған міндеттері жөнінде баяндалып, кент тұрғындарының ұсыныс пікірлері тыңдалды.

– Біз осы өлкенің байырғы тұрғынымыз. Кезінде аты дүркіреп республикада танылған кентіміздің бүгінгі бет бейнесі жаман емес. Дей тұрғанмен «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деген халық мақалы бар. Барлығын жамап жасқап, жақсы дегеннен жұмыс бітпейді. Сондықтан сіздерге айтар ұсынысымыз медициналық қалдықтар өртелетін орынды басқа аумаққа көшірілсе құба-құп болар еді. Халықтың тағы бір түйткілді мәселесі қоғамдық көліктің аздығы болып отыр. Кентке қатынайтын №16 маршурт ғана. Оның өзі арасы ұзақ. Тіптен таңертең немесе кешкі уақыттарда сыймай қалып жатамыз. Осыны бір ретке келтіріп берсеңіздер, – деді кент тұрғыны Сартай Қайруллаев.

Қала әкімі Асылбек Шәменов медициналық қалдықтар өртелетін орын халыққа зиян келмеуі керектігін атап өтіп, оның жақын арада шешілу жолдарын қарастыратынын жеткізді. Сонымен қатар бұл мәселеге қатысты арнайы бөлім басшыларына тапсырма жүктеп, оның орындалу барысын өзі қадағалайтынын айтты.

Бұқара мен билік арасындағы ашық диалог алаңына шығып, сөз сөйлеушілер қатары қалың болды. Бәрінің мұң мұқтажы ортақ. Ел ішіндегі ескерілер істерді бірігіп шешсек деген ниет.

– Халық көтерген мәселелер орынды. Біз бұл ұсыныстардың барлығын ескереміз. Өздеріңізбен келісе отырып, тиісті шаралар қабылдаймыз. Сол бір мүдде жолында жұмыс істеуге шақырамын, – деді шаһар басшысы.

Кентте көп жылдан бері халық көтеріп жүрген мәселенің бірі – мәдениет үйі. Бұл жолы да белкөлдіктер әкім назарына осы мәселені ұсынды.

– Халқымызда «Ел іші – өнер кеніші» деген даналық сөз бар. Арнайы мерекелік шаралар өткізетін бірден-бір орын осы клуб үйі. Қазір ол жердің жағдайы аса мәз емес. Іргесі сонау кеңес заманында қаланған. Бүгінде ескірген ғимарат жастардың мәдени шаралар ұйымдастырып өткізуіне қолайлы болмай отыр. Осы жағын жөнге келтіріп берсеңіз, – деді Дариха Бегалиева.

Қала әкімі Асылбек Өмірбекұлы бұл мәселені білетіндігін, ғимарат құрылысына қатысты республикалық бюджетке өтінім жолданатындығын жеткізді. Кездесуде жергілікті тұрғындар, жол, жарық, тұрғын үй секілді әлеуметтік маңызы бар мәселерді көтерді. Оған тиісінше билік тарапынан қолдау көрсетілетіні айтылып, кезең-кезеңімен іске асатыны жөнінде жауап берілді. Жаңа форматтағы жүздесу соңында тұрғындар қала әкімінің жұмысына сәттілік тілеп, мұндай ашық жиындар жиі өткенін қалайтындықтарын білдірді.

ҚЫЗЫЛЖАРМАҒА ОЙЫН АЛАҢЫ ҚАЖЕТ

Қала әкімінің кезекті кездесуі Қызылжарма ауылында жалғасты. Қазіргі таңда бұл ауылдық округте он төрт мың халық тұрады. Ауыл аймағы үлкейіп, тұрғындар қатары артқан.

– Елмен жүздесудің негізгі мақсаты – биліктің ашықтығын түсіндіру. Халықпен жариялы түрде пікір алмасу. Президент Жарлығына сәйкес жергілікті тұрғындармен кездесіп келемін. Жиында айтылған әрбір мәселені өзектілігіне қарай реттілігімен шешетін боламыз. Жасыратыны жоқ, қазір елдің ахуалы жаман емес. Негізгі капиталға салынған инвистиция артты. «Отбасы банк» арқылы көппәтерлі тұрғын үйлер табысталды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Халықтың сұранысына сай арнайы жоспарлы жұмыстар іске асуда. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жұмыстар жүруде. Қызылжармадағы қызу тіршілік болашақта да жандана бермек, – деді қала әкімі.

Атап өту керек, ауылдық округтің аумағы жаңадан қоныстанушылар санының артуына байланысты едәуір ұлғайған. Бұл әрине, инфрақұрылымды дамытуды талап етеді. Осы мәселеге орай ауыл әкіміне ең қажетті шаралар қабылдау жүктелді.

– Кешегі күн бүгінге, бүгінгі күн болашаққа өлшем бола алмайды. Ендеше елімізге ертеңгі нұрлы болашағымыз жас жеткіншектердің көзімен қарау керек. Соларға қажетті деп танылған спорт алаңы немесе балалар ойын алаңы салынса, – деді Жаңагүл Шағырова есімді тұрғын.

Сонымен қатар жиын барысында қала әкіміне көшелерді жөндеу, ауыз су қысымын күшейту, аяқ су айдауға насос орнату сынды ұсыныстар айтылды. Қала әкімі Қызылордаға қарасты елді мекендерге мемлекет тарапынан барынша қолдау жасалынатынын, айтылған әрбір ұсыныстың ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: