Бейсенбі, 28 наурыз, 19:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Әнге айналған Қызылорда

24.09.2022

1500 0

Туған жеріне жыр арнамаған ақын жоқ шығар, сірә?! Тіпті қолына қалам ұстап, шығарма жазуға шамасы келгенде әрбір бала ең алдымен туған жер туралы жазатыны заңдылық. «Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі» деген емес пе? Дарияның жағасындағы қаланы әнге қоспаған ақын кемде-кем. Қызылорда туралы ән-жырға сан жетпес. Дегенмен ел ішіндегі танымал әндерге тоқталғанды жөн көрдік. Сырдария мен Қызылорда егіз ұғым десек артық айтқандық емес. Сырдың жағасындағы ел Қызылорданы жырлағанда, Сырдарияны айналып өтпейтіні де сөзсіз. Сондықтан да туған жерге арналған әндердің ішінде Ә.Тәжібаевтың «Сырдария» атты өлеңінің шоқтығы биік. Бала күнімізден жадымызда жатталып қалғаннан болар, біреу тосыннан келіп «Туған жер туралы қандай өлең білесің?» десе, тіл ұшына алдымен абыз ақынның «Сырдариясы» орала кетері анық.

«Білем сені, сүйем сені,

Сырдың сұлу қарт анам.

Сенсің мені әлдилеген,

Туған сенен мен балаң» –

деп басталатын Әбділдә ақынның өлеңі жүректен-жүрекке жеткен, тез жатталатын елге белгілі өлеңдердің бірі. Бұл өлеңге белгілі композитор Бексұлтан Байкенжеев ән жазып, уақытында ел арасында жиі айтылса да, бүгінгі толқынға танымал ән деп айта алмаймыз. Дегенмен аға буын бұл ән шырқала қалса, көмбеден алтын қазына тауып ал­ғандай қуанып, қосыла шырқайды десек, артық айтқандық емес.

Қызылорда деген қала бар екенін бір ғана өлеңімен танытқан ақын Махмұтбай Әміреевтің «Қызылорда вальсі» атты өлеңі де аға буынға кеңінен танымал.

«Баулары жайқалған қызыл алма,

Бақтары жайқалған қызыл ол да…»

Бала күнімізде жиі айтылатын, санамызда жатталып қалған өлең жолдары. Тіпті әр баланың жүрегіне туған жеріне деген махаббатын оятқан ән бұл. Үлкендер жағы мереке-тойларда ән шырқаса, осы ән міндетті түрде айтылады. Әннің жатталып қалғанынан бөлек, алыстағы ауыл баласына дария жаға­сындағы бір ғажайып қаланы елестетіп, қиялына қанат бітіреді. Шынында да, бұл ән көптің аузында шырқалып жүрген кезде ауыл баласына қалаға келу бір арман еді. Сөйтсек, бұл ән сырбойылықтарды ғана емес, барша жұртты тамсантып, білмейтіндерге Қызылорда атты қаланы көруге ынтықтырып, ғашық еткен екен. Сөздің құдіретін осыдан-ақ біле беріңіз.

Бұдан жарты ғасырдан аса уақыт бұрын жазылған «Қызылорда вальсі» әнінің кейбір жолдары әлі күнге дейін ел есінде жатталып, тіпті сырбойылықтардың ескірмейтін тақырыбына, жұртшылықтың сырттан келетін қонағына «баулары жайқалған Қызылорда» дейтін өлеңде айтылған қала ғой» деп мақтанатыны әлі бар.

Дария жағасындағы желі көз аштырмайтын, аптап ыстығы шыдатпайтын қаланы сұлу сөзбен суреттеп, өзгенің «аузын ашып, көзін жұмдырған» бұл өлең уақытында Қызылорда атын аспандатты. Бұл өлең қаланы баршаға танымал еткені сияқты, осы жолдардың авторы ақын Махмұтбай Әміреев есімін елге танытты. Ақынның қаламынан одан кейін қанша жыр туса да, бүгінгі күнге дейін оның аты аталса, «Қызылорда вальсі» қоса айтылады. Талай шығармашылық кездесулерде ақынға «Қызылорда вальсі» арқылы сізді таныдық деген белгілі есімдердің, аға буынның ақынға деген құрметіне тілші ретінде куә болып жүрміз.

Алайда бүгінде бұл өлең де сахнада орындала бермейді. Мүмкін, өлеңнің кейбір жолдары бүгінгі уақытқа тосын шығар. Себебі, ақын өлеңге қосқан комбинаттың ізі де жоқ. Баулары жайқалған, бақтары толған қызыл алма деген де бүгінгі қала тынысына келмейтін болар. Дегенмен Сырдың танымал әншісі Самал Байсейітова бұл әнді нақышына келтіріп орындап жүр. Әнші өлеңнің кейбір сөзін бүгінгі уақытқа бейімдеп, алмастырса керек. Сергек бір тыңдарман мұны да байқап қалыпты. «Қызылорда вальсін» тыңдап өскен буыннан болса керек. Дегенмен әнші өлеңнің кейбір жолдарын сәл өзгертіп, қайта жаңғыртқанына шын қуандық. Қалай айтсақ та, қызылордалықтардың әнұранына айналған «Қызылорда вальсі» ғой!

Белгілі ақын-композитор, әнші Елена Әбдіхалықованың «Сыр елім» деп аталатын өлеңі де елге танымал. Әнін де, сөзін де өзі жазған Елена бұл әнді өзі нақышына келтіре орындайды. Ел Елена десе, «Сыр елім» дейді. Өлеңнің танымалдығын осыдан-ақ байқай беріңіз.

«Сыр елім менің,

Жыр елім менің.

Түлеткен тұлпар

Түбегім менің» деп басталатын бұл өлең Сыр елінің қасиетті өлке екенін ұғындырған өлең. Туған жердің қасиетінен өрілген өлең Сыр елінің мәртебесін көтеріп тұр. Тыңдаған сайын тыңдай бергің келетін жып-жылы ән.

Туған жер туралы ән шырқала қалса, бүгінде жиі айтылатын әннің бірі – ақын Назгүл Бердіқожаның «Сырдария» атты өлеңі. Өлеңге ән жазған Роза Әлқожа бұл әнді көпке танымал етті. Сыр елі-жыр елі екенін тағы бір рет өлеңмен паш еткен өлең мен әннің үйлесім табуының нәтижесінде Сырдария ән болып шырқалды.

Сондай-ақ сөзін де, әнін де жазған ақын-композитор Шынберген Сүлейменовтің «Сыр елім» әні көпшілік жылы қабылдаған, тіпті халық арасында танымал әндердің бірі. Бұл ән әнші Төреғали Төрәлі, Күлән Қалымбетованың орындауында елге танымал бола түсті.

«Тамыры терең, тарихы кенен

Жыр қонған Сырдың даласы» деп шыр­қалатын ән Сырдың даңқын асқақтатқан әндердің қатарында.

Қызылордалықтар жатқа білетін танымал әндердің қатарында Қызылорда – туған жерім» атты ән де бар. Ақын Сейтмұрат Ембергеновтің өлеңін әнмен әрлеген белгілі композитор Рамазан Тайманов болса, жерлесіміз, әнші Мәдина Сәдуақасова әннің танымал бола түсуіне үлесін қосты.

Қала күні мерекесі қарсаңында Қызылорда­ның даңқын шығарған танымал әндер туралы сөз қозғадық. Бір сөзбен айтқанда, жақсы ән жүректен-жүрекке жетеді, ел ішінде жатталып қалады. Жас буынды отаншылдыққа, туған жерді сүюге тәрбиелейтін жақсы ән көбейе берсін деген тілегіміз бар.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: