Сенбі, 04 мамыр, 01:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Ақсуат аяқсуға мұқтаж

04.04.2023

492 0

Қала іргесінде орналасқан Ақсуат ауылдық округі тұрғындары ауылға табиғи газ тарту мәселесін бірнеше жыл көлемінде қаузап келді. Бүгінде халықтың базынасына айналған мәселесі оң шешіліп, жуырда ақсуаттықтар «көгілдір отынның» игілігін көрмек.

Ауылдық мәдениет үйінде өткен кездесуде қала әкімі Асылбек Шәменов тұрғындарға жақсы жаңалықты жеткізді.

Былтыр қала басшысы ақсуат­тықтармен 3 рет кездесу өткізген. Онда нақты 7 мәселе көтеріліп, назарға алын­ған. Бүгінде соның 3-еуі орын­далғанын жеткізген қала әкімі қалған 4 мәселенің шешімін табатын күн алыс емес екенін мәлім етті.

Биыл ауылдың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жобалар іске аспақ. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарлама­сы аясында Ақсуаттағы 16 көшеге орташа жол жөндеу, асфальттау жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар 13 көшеге жарық бағанасын орнату жоспарлануда. Ә.Құдабаев көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынып, жаңа қонысқа электр желілері тартылады.

Жиында ауыл халқы қала әкімінің жұмысына оң баға берді. Десе де ауылда тұрғындарды толғандырған жайт жетерлік. Соның бірі – көшелердің тарлығы. Жұртшылық мұндағы негізгі көшеден бастап барлық аумақтағы көшелердің тар екендігін, тіпті екі көлік қатар жүре алмайтындығын айтты. Әсіресе үлкен сыйымдылықтағы қоғамдық көліктердің де жүруіне ке­дергі келтіреді. Тар жерде жүйткіген көліктер жол апатын тудыруда. Сол себепті жылдамдық шектеу, басып озуға рұқсат жоқ сынды белгілер орнатып, орталық Адыранова көшесінің бойына бейнебақылау орнатса деген тілектерін жеткізді. 

Жол мәселесі тек бұл ғана емес. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің бойында орна­ласқан ауыл халқына қалаға шығатын үлкен жолға жету үшін Сабалақ сая­жайы немесе Наурыз шағын ауданы арқылы өту керек. Айналма жолмен өту біршама уақытты алатын болғандықтан тұрғындар ауылдан тура шығуға мүм­кіндік жасалса дейді. Бұл ретте қала әкімі халықаралық жол болғандықтан өзіндік талабы барын тілге тиек етті. Дегенмен алдағы уақытта дәліз жолын Ақтөбе қаласына дейінгі аралықта кеңейту жоспарлануда. Қазіргі таңда техникалық-экономикалық жобасы әзір­леніп, қаржысы қаралған. Осы жоба жүзеге асар тұста тұрғындардың өтініші де ескерілетін болады.

Ақсуаттықтар қозғаған тағы бір мәселе – аяқсу жайы. Тоғыз тоғанның ортасында орналасқан ауылдағы аяқсу тапшылығы жергілікті халықтың мұқ­тажына айналған. Ішкі су жолдары, егесіз су арналары талай жылдан бері тазартылмағандықтан осындай жағ­дай туындап отыр. Бұл мәселеге байланысты табиғатты қорғау сала­сының маман­дарына ұсыныс бе­ріледі. Арнайы ко­миссия құрылып, су арналарын тазарту жұмыстары да жүргізілетін болады.

Кездесуде көтерілген мәселелер күн тәртібіне енгізіліп, тиісті сала басшы­ларына нақты тапсырмалар жүктелді.

Жиында жұртшылық бұдан бөлек ауылға пошта қажет деген тілектерін де жеткізді.

Айдана СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: