Бейсенбі, 25 сәуiр, 09:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Ақсуаттықтар айтқан мәселе

28.05.2022

934 0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «әкімдерге халықтың қалың ортасына барып, тұрғындармен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдап отыруы тиіс» деп ерекше тапсырма берген болатын. Барлық деңгейдегі әкімдер осы бағытта тұрғындармен кездесуде.  Қала әкімі Асылбек Шәменов Ақсуат ауылының тұрғындарымен еркін кездесу өткіз­ді. Қала басшысы тұрғындарға өзін таныстырып, кездесудің негізгі мақ­сатын түсіндірді.

– Әр ауылдағы жұмысты жоспарлау үшін ең алдымен проблемаларды білу керек. Сондықтан халықпен бет­пе-бет жүздесіп, ауылдағы тірлікті тұрғын­дардың өз аузынан естігенді жөн көр­дім. Бұл – біздің қызметтік міндетіміз, – деп атап өтті қала әкімі.                 

Күрмеуі қиын – күре жол

Ақсуат ауылының тұрғыны Шай­мұхамбет Әбсадықовтың айтуынша 2014 жылы Батыс Еуропа – Батыс Қытай күре жол бойынан Ақсуат ауылына қарай жол ашу мәселесі көтерілген екен. Алайда қанша жыл өтсе де бұл мәселе шешімін  таппаған.

– Ақсуаттықтардың басты мәселе­сі – жол. Жолдың жайын жүрген білер деген. Тұрғындар айналма жолдан шар­шап отыр. Бұл туралы ұсыныс-пікір айтылғанымен, нақты шешімі шыққан жоқ. Ауыл тұрғындарының өті­ніші бойынша күре жолдың күрмеуі шешілсе. Ақсуат ауылына  кіреберіс жол салынғанын қалаймыз. Айналма жол­мен жүру қиямет-қайым болып тұр тұрғындарға, – деді ауыл ақсақалы.

– Жол мәселесін тағы да ұсыныс тастап, алдағы жоспарға енгіземіз. Тұр­ғындардың талап-тілегі дұрыс. Сон­дықтан бұл проблеманы халық игілігіне шешу жолында жұмыстар істелуі тиіс, – деді қала әкімі.

«Ақсуаттықтарға от жақпайтын күн жақын» деп осыдан бірнеше жыл бұқа­ралық ақпарат құралдарында жазылған болатын. Дегенмен, көгілдір отынның жайы да көгермей тұр. Бүгінгі кездесуде бұл  мәселе тағы да айтылды.

«Ауылымызға газ қашан келеді?» – деген тұрғындарға қала әкімі жоспарға сай жұмыстың жүргізіліп жатқанды­ғын жеткізді.

– Негізгі жоба дайын. Жұмыстың жүргізілуі барысында өзгерістер болып жатыр. Ауылға газ тарту осы тұрғыдан кешігуде. Ақсуат, Ж.Махамбетов ауыл­дары мен «Наурыз» саяжайына газ тарту жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін нақты мәселелер оң шешімін табады. Халықтың игілігі үшін тиісті жұмыстар істеліп, газды қосу  бағытында тиянақты тірліктер болады, – деді қала басшысы.

Жүгенсіз автобустар жөнге келсе

Ақсуат ауылдық округінде айшықты істер бар. Ауыл тұрғындары күннен күнге көбейіп, жаңадан қоныс аударғандар бар. Сондықтан да инфрақұрылым мәселесі назардан түспей тұр. Жаңадан көше қосылғандықтан жол мен жарықтан қиындық болады. Кездесу барысында инфрақұрылым төңірегінде сұрақтар қойылды.

– «Жарық бағаналарын орнатуға қар­жы қаралуда. Әр үй өзі орнатып алған электр сымдарын ретке келтіру қажет. Мұны ауыл әкімі қадағалап отыруі тиіс» – деген қала әкімі ауыл әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаевқа тапсырма берді.

Тұрғындарды қоғамдық көліктің де мәселесі шаршатып отыр. Жарты сағат­тап күтетін №12 бағыттағы көліктің уа­қыты реттелгенін қалайды. Расында, қа­ладан ауылға қатынап жұмыс істейтін ақсуаттықтар көп. Сондықтан қаладан ауылға қатынайтын қоғамдық көліктер уақыты реттелсе деген талаптары орынды. Сондай-ақ жүгенсіз кеткен автобустардың жүргізушілері де жөндерімен жүрсе…

Бүгінгі кездесуде ақсуаттықтардың кө­кейінде жүрген көптеген мәселеге тиісті сала басшылары жауап берді. Қала әкімі маңызды мәселелерді шешу жолында бір­лесе жұмыс істеуге шақырды.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: