Жұма, 03 мамыр, 02:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

«Ауыл – ел бесігі»: елді мекендер көркейеді

18.04.2023

814 0

Ауыл-аймақтағы тұрмыс-тіршілік енді бұдан да жақсарып, жұмыстар жүзеге асып, тұрғындардың талап-тілегі орындала түспек. Оған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы себеп болмақ. Мемлекеттік бағдарлама аясында былтыр қалаға қарасты ауылдық округтерде біраз іс атқарылса, биыл да осы бағытта бірқатар шара қолға алынды. Осыған орай біз «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл атқарылатын жұмыс барысының біршамасына тоқталғанды жөн көрдік.

Осы жылы қалада тұрғын үй құрылысын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға ұлттық қордан, республикалық және облыстық бюджеттерден барлығы 53 млрд теңге бөлініп, ірі жобалар жүзеге аспақ. Осы жобалардың ішінде ауылдық елді мекендерде атқарылатын игі істер қамтылған.

Жақында қала әкімі Асылбек Шәменов қалаға қарасты ауылдық округтер мен қос кентті аралап, тұрғындармен кездесіп, талап-тілегін тыңдап қайтты. Сол кездесулерде шаһар басшысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қолға алынатын жұмыстарды саралады.

– Биыл ауылдарға ерекше көңіл бөлінуде. Тұрғындардың талап-тілегіне сәйкес, қажетті шаралардың барлығы атқарылады деп жоспарлануда. Бұл жұмыстар мұнымен тоқтап қалмайды. Жедел әрі жүйелі істің нәтижесінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді, – деді қала басшысы.

Қай ауылда қандай жұмыс атқарылмақ?..

Игілікті бағдарлама аясында Қызыл­өзек ауылдық округіндегі 2 көшеге асфальт және 4 көшеге малта тас төселеді. Бөлінген қаржы көлемі – 173,8 млн теңге. Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттен қаралған 4,5 млн теңгеге түнгі жарық бағаналары орнатылады. «Қожақ» автомобиль көпірі де алдағы күндері жөнделеді. Оның жоба-сметалық құжаттарына 5,2 млн теңге қаражат бөлінді. Оған қоса балаларға арналған спорттық-ойын алаңы салынады. Оған да қаржы қарастырылды. Ал электр желілерін қайта жаңғырту үшін 6 млн теңгеге жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.

Қарауылтөбе елді мекенінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген 274,4 млн теңгеге 150 орындық ауылдық клуб үйінің құрылысы жүргізілуде. Округтегі жаңадан қоныстанушы аумақ­тағы жалпы ұзындығы 9 ша­қырымды құрайтын 12 көшеге қиыршық тас төсеу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, мердігер меке­ме анықталуда. Ал кіре беріс жол­дың бойындағы R-1 каналына жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысы үшін жоба-сметалық құжаттамасы мен мемлекеттік са­раптама қорытындысы дайындалуда. Округ бойынша 8 КТПН, электр бағаналарын орнату жүргізілсе, жаңа қоныстанушы аумаққа техникалық су тарту ұңғымасын бұрғылауға 14,7 млн теңге қаралды.

Талсуатта да биыл қызу жұмыс жүреді. Яғни «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде республи­калық бюджеттен бөлінген 65,2 млн теңгеге 8 көше жөнделеді. Жергі­лікті бюджеттен қаралған 2,1 млн теңгеге ауылдағы 7-ші көшеге жарық бағаналары орнатылады. Өткен жылы іргетасы қаланған 150 орындық ауыл­дық клуб мамыр айында ашылады деп күтілуде.

Биыл қос ауылда атқарылатын ау­қымды істің бірі – Абай және Досан елді мекендерін газдандыру жобасы. Бұл газдандыру жүйесін ауыл тұрғындары да көптен күтті.

– Жақында қала әкімі ауылға келіп, халықпен жүздесті. Биылғы атқарылатын жұмыс барысын толық жеткізді. Соның ішінде ауылымызға «көгілдір отын» келетінін естіп риза болдық. Жалпы барлық ауылдың осылай көркейгені көңіл қуантады ғой, – деді Абай ауылының тұрғыны Әлібек Темірханов.

Иә, мәселе оң шешімін тауып, республикалық бюджеттен 663 млн теңге қаржы қаралған. Сондай-ақ республикалық бюджеттен бөлінген 56,5 млн теңгеге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Досан ауы­лындағы 5 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары мен 3,8 млн теңгеге №1 көшеге жарық бағаналары орнатылатын болады. Абай елді мекеніндегі «Сиыр фермасы» учаскесіндегі 1 көшеге қиыршық тас төселеді.

Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қызылжарма, Ақсуат, Қарауылтөбе, Қосшыңырау, Талсуат, Қызылөзек ауылдық округтерінен барлығы 46 көшеге, Ұлттық қордан бөлінген қаржыға Қарауылтөбе ауыл­дық округіне қарасты кіре беріс жолдың бойында орналасқан жаңа қоныс аумағына, қала мен Жезқазған тас жолының бойындағы 150 гектар жерге, сонымен қатар қаланың Сарысу көшесі бойындағы Шорғазы тұйығына және кенттер мен ауылдық округтердің 26 көшесіне қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізіледі.

Оған қоса қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, қала мен оған қарасты кент және ауылдық округтердегі 106 көшеге облыстық бюджеттен орташа жол жөндеуге 1 752, 6 млн теңге қаралып, қала бойынша 76 көшеге, Бөлкөл кентінен 6 көшеге, Тасбөгет кентінен 14 көшеге және Сабалақ саяжайынан 10 көшеге асфальт төселінбек.

Қалаға жақын орналасқан ауылдың бірі Ақсуат елді мекені сәуір айының алғашқы онкүндігінде «көгілдір отынға» қосылады деп жоспарлануда. Ақсуат ауылдық округінің әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаевтың айтуынша, бұл ауылда да тірлік қарқынды.

– «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 79,9 млн теңгеге 2,9 шақырым болатын 3 көше жөнделеді. 10,4 млн теңгеге 1,6 шақырым болатын 2 көшеге түнгі жарық бағаналары орнатылады. Мұнан өзге, 68,7 млн теңгеге 1,4 шақырым болатын Ә.Құдабаев көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салуға және түнгі жарық бағаналарын орнатуға ұлттық қордан 89,8 млн теңге бөлінді. Ал 1 млрд теңгеге жаңадан қоныстанушы аумаққа электр желілерін жүргізу құрылысына облыстық бюджеттен 200 млн теңге қаралды. Қосымша 5 көшеге асфальт төсеуге 590,9 млн теңге берілді. Бұдан бөлек, тағы қосымша 3 көшеге асфальт төселеді деген жоспар бар, – деді ауыл әкімі.

Тілші түйіні

Бағдарлама аясында бірқатар игі істер атқарылмақ. Тіпті осы кездің өзінде құрылыс жұмысы басталып кетті. Енді тек қолға алынған жұмыс өз мәресіне жеткенше сапалы орындалып, ауқымды жоба ауылдағы ағайынға берекелі болса деген ниет бар.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: