Жексенбі, 28 сәуiр, 08:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Ауылым сұлу сырдың жағасында

26.09.2023

675 0

Аймақтың 85 жылдығы мен қала күні мерекесі аясында шаһар іргесінде орналасқан Ж.Махамбетов ауылының 95 жылдық мерейтойы тойланды.
Жақыпбек Махамбетов ауылы – Қызылорда қаласына жақын орналасқан мекеннің бірі. Ауыл әкімі Нұрболат Бақытовтың айтуына қарағанда, округте 12 мыңнан аса тұрғын бар көрінеді. Жақында ғана спорт кешені салынған ауыл соңғы жылдары ерекше қарқынмен өсіп келеді. Ресми деректерде соңғы 5 жылдың өзінде көлемі 1,5 есе ұлғайғаны айтылады. Ауылдағы жаңа мешітті айтпағанның өзінде орталық алаңы анау-мынау қаланыкінен кем емес. Тұрғындары мерейтойды да ерекше ілтипатпен ұйымдастырған. Орталық алаңға тігілген ақ шаңқан киіз үйлер алыстан мен мұндалайды. Айрықша безендірілген сахнада жыраулар термелетіп, жырдан шашу шашты. Одан төменірек орынға боз кілем жайылып, елдің мықты балуандары белдесті. Бұдан бөлек қой көтеру, арқан тартыс сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті. Бір сөзбен айтқанда, нағыз думанды мереке.
Ауылды дүбірге бөлеген шараға арнайы қатысқан қала әкімі Асылбек Шәменов тұрғындарды қабат келген мерейтойлармен құттықтады.
Негізі Жақыпбек Махамбетов ауылы кезінде көкөніс және сүт өндіріп, бидай, күріш, жоңышқа егу және мал шаруашылығымен айналысуға таптырмас мекен саналды. 1997 жылдан бері Қызылорда қаласының құрамына енген өнегелі ауыл соңғы 5 жылдықта бір жарым есеге ұлғайып, өрісі кеңейді.
Бүгінде аймақ басшысының қолдауымен елді мекенді көркейту, ауылда сапалы тұрмыс жағдайын жасауды көздейтін түрлі жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Аталған игі істердің бірі де бірегейі – биыл округке газ желісі тартылып, тұрғындар көгілдір отынға қосылды. Құны 4,8 млрд теңгені құрайтын бұл жоба баршамызға үлкен қуаныш сыйлады.
Береке-бірлігі, тату тірлігімен аймақтың өзге өңірлеріне үлгі болып отырған Жақыпбек Махамбетов ауылында республикалық, облыстық және қалалық бюджет есебінен 971,9 млн теңгенің жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімінің сөзінше, келер жылы да ауылда құны 2 млрд 400 млн теңгені құрайтын ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Жуырда ғана ауылда «Samruk-Kazyna» демеушілігімен 240 млн теңгеге спорт кешені салынып, пайдалануға берілді. Ел ішінде кәсіпкері көп ауыл саналатын іргелі мекеннің бүгіні мен болашағына бей-жай қарамаған азаматтары демеушілік жасап, орталық алаңды абаттандырып, көркейту-көгалдандыру шараларына үлесін қосты.
Салтанатты шарада өңір дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген бірқатар кәсіпкерлер мен әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері және жыраулар фестиваліне қатысқан жыршылар қала әкімінің арнайы алғыс хатымен марапатталды.
Думанды шара өнерпаздардың мерекелік концертіне ұласып, ауыл тұрғындарына керемет көңіл-күй сыйлады.

А.АҚЫЛБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: