Жұма, 04 қазан, 06:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№78-2088
01.10.2024
PDF мұрағаты

Белкөлдің рухани мәйегі халқының ізетінде жатыр

06.08.2022

1568 0

Қазақ тарихында кез келген ел мен жердің атауы тегіннен-тегін қойылмаған. Оның солай аталуына нақты тарихи дерекнамалар дәлел болады. Бүгін қалаға жапсарлас орналасқан Белкөл кентінің рухани мәйегін сөз етпекпіз.

Неге Белкөл атанған?

Аймақтың шығыс беткейінде орна­ласқан кенттің аумағы үлкен. Мұнда жыл сайын қоныстанушылар саны да артып келеді. Белкөл атауына байланысты түрлі дерек айтылады. Ел аузында ай­тылған деректерге сүйенсек, кент аума­ғы бірыңғай құм болғаннан кейін халық ырымдап алдағы уақытта су мол болсын көгерсін, өнсін, көбейсін белден көл болсын деген ниетпен «Белкөл» деп атанғаны айтылады. 

Ал тағы бір мағлұматтарда Белкөл атауы бел – «асу, кезең», «аласа асу» мәніндегі географиялық термин есебінде айтылған. Бұл жайтты ескерер болсақ, Белкөл атауы «бел, асу» астындағы, «белді асқан жердегі көл» деген мағынаны білдіреді. Егер белсөзінің қосымша мағынаға да ие екенін еске алсақ, Белкөл– «басты, негізгі, ең үлкен көл» деген мағынаға да ие деп аталған көрінеді.

Бірқазан…

Ал кентке қарасты Бірқазан станса­сы атауының шығу тарихы жайлы мынандай әңгіме бар. Біз бұл деректі Сағат Жүсіптің мақаласынан алдық. Автордың айтуынша, 1903-1905 жыл­дары теміржол салынған кезде аталмыш стансасының ашылуына үлкен орыс шенеунігі келсе керек. Ол кезде бұл стансаның маңы айдыны шалқыған көлі көп, ұшып-қонған қаңқылдаған қаз-үйректі мекен екен. Көп құстың арасында алыстан ерекше әдемілігімен, сұлулығымен, ірілігімен көзге түскен, бұрын-соңды мұндай құсты бірінші көрген шенеунік «бұл қандай құс?» деп сұраған көрінеді. «Бірқазан» деген жауап алған шенеунік «олай болса, осы стансаның аты да Бірқазан болсын» депті.

Елді мекен одан көп жылдар бұрын да осылай аталып келгеніне күмәні­міз жоқ. Оған орыс зерттеушілері мен әскери адамдардың күнделікте­­рі, олардың Петербургке жазған қатынас хаттары мен жолдамаларында, одан бұрын ата-бабаларымыз сауда жасап, осы маңмен жүрген керуен жолдар­дың атаулары жайлы әңгімелерінде, жазбаларда Бірқазан атауының болғаны дәлел.

Білім – азық, өнер – алтын қазық

Руханияттың алтын арқауы – ауыл­дық мәдениет үйі. Елдің рухани ордасы кенттегі клуб үйінде көпшілік шаралар өткізіледі. Биылғы жарты жылдықта жиырма бес мәдени шара өткен. Сонымен қатар кентте түрлі деңгейдегі республикалық, облыстық, қалалық байқаулардың жеңімпаздары атанып жүрген жастар қатары артып келеді. Мәдениет мәйегі өнері өмір­шеңдігімен өлшенеді деп танысақ, клуб үйіндегі келелі істердің көкжиегі кең екендігін көреміз. Ауылдық клуб үйі жанынан төрт үйірме құрылған. Атап айтар болсақ, «Сыр маржаны» көркем сөз оқу, «Қарлығаш» ән айту, «Ақ бата» әжелер ансамблі, «Атамұра» дәстүрлі ән үйірмесі бар. Үйірмеге қатысатындардың жетістіктері де аз емес.

Жамбыл Жабаевтың 175 жылды­ғы­­на орай «ХХ ғасыр Гомері» атты қала­лық жыр мүшәйрасында Сымбат Жақсыбекова жақсы қырынан таны­лып, бас жүлде иеленді. Ақын Бозымбай Қоқыбасовтың 75 жылдығына орай «Өмірге арқау еткен сезім жыры» атты қалалық көркемсөз оқу шеберлері байқауын­да Нұржан  Нұрай  II орын иегері атан­ды. Бабаларымыздың ұла­ғатты сөздері ­мен тағылымы мол ғибратты әңгімелер­ді, ділмар шешен­дерден қалған аңыздарды жас ұрпақтың санасында жаңғырту мақсатында ұйым­дасты­рылған «Әңгіме айта білесің бе?» атты байқауда Арыслан Толыбек жүлделі III орын иеленді. Сондай-ақ «Жыр жазамын жүрегімнен» атты жас ақындар мүшәйрасында Сымбат Жақсыбекова I орын  алса, Жәлел Нұрсұлтан II орын, Мерей Жұмабаева ІІІ орынды місе тұтты. Кенттік клуб үйінде таланттарын ұштап, облыстық, республикалық байқауда да топ жарып жүрген жастар қатары қалың. Олардың дарындарын жетілдіріп, өнер көгіне қанат қағуына үйірме жетекшілерінің үлесі зор. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Етемін үміт жастардан»  атты мәнерлеп оқу шеберлерінің облыстық байқауында Ақерке Зейнулла алғыс хатпен мара­патталды. Сонымен қатар XXII респуб­ликалық Абай оқуларының қалалық байқауында Толыбек  Арсылан үздік атанды. Міне, мұның барлығы аядай ғана елден шыққан таланттардың бір шоғыры ғана. Болашақта бұдан да биік белестерді бағындырар өнер майталмандары шығарына сенім кәміл.

Кенттегі «Әл-Әзиз» оқу орталығында 35 оқу­шы үйірмеге қатысады. Оның ішінде «Қарлығаш» хор үйірмесіне 25 оқушы, «Вокал» үйірмесіне 10 оқушы тіркелген. Үйірме арқылы жас жеткіншектер өнер жанрларының қыр-сырын толық меңгеріп, Сыр өнерінің өрістеуіне өз үлестерін қосуға талпынуда.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруы­мен өткізілген «Ел іші – өнер кеніші» атты дәстүрлі байқау қорытындысымен Белкөл кентінің клубы жүлделі үшінші орынмен марапатталды. Кенттік клуб үйінің өнерпазы Аянұр Нұрлан «Өнер­лі бүлдіршін» аталымымен марапат­талды. «Жез­таңдай» ән үйірмесінің мү­шесі Толыбек Арсылан Қазақстан және КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы  Роза Бағланованың туға­нына 100 жыл толуына арналған «Іңкарім-ай» атты қалалық әншілер байқауында жеңімпаз болды. «Балалар жылы» аясында  ұйымдастырылған «Ең сүй­кімді бүлдіршін-2022» байқауында Назым Сәулебек І орын иеленді. Соны­мен қатар «Сыр маржаны» көркем сөз үйірмесінің мүшелері де әртүрлі деңгейде өткен жарыстарда ел мерейін үстем етіп келеді. Үйірмеде дарынды жастар жетіліп келеді. Соның бірі – Бектай Ұлықбек. Ол қатысқан әрбір байқауда жеңімпаз атанып жүр. Атап айтар болсақ, Тасбөгет кенті әкімдігі ұйымдастырған ақын Омар Сейтпенбетұлының 105 жылдығы ая­сында оқушылар арасында өткен «Текті сөздің төресі» тақырыбындағы жыр мүшәйрасында және ұлт ұс­тазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай 8-9 сынып оқу­шылары арасында өткен «Арда туған Алаштың арыстары» атты жас ақындар мүшәйрасында жеңімпаз болды.

Кітап – қымбат қазына

Өскелең ұрпақты рухани-адамгер­шілік тұрғысында тәрбиелеуде кітап оқудың да маңызы зор. Осы талап үдесінен шығатын мұндағы №14 кітап­ханада жергілікті оқырмандар үшін кітап қоры молынан қамтылған. Мұнда жалпы оқырманға арналған 12774 кітап бар. Оның ішінде 8474 дана кітап қазақ тілінде. Кітап қатары жыл сайын жаңа басылымдармен толықтырылады. Сонымен қатар жаңа технологияларға негізделіп, оқу үдерісі интернет желісі­мен де қамтамасыз етілген. Онда­ғы көп кездесе бермейтін көркем әдеби шығармалар, классик ақын-жазушы­лардың туындылары жергілікті халық­тың көкірек көзін ашып, жаңалық жаршысына айналған. 

Дарындылар мекені

Белкөл кенті және оған қарайтын Бірқазан ауылынан аймаққа ғана емес, елге танымал тұлғалар шыққан. Со­лардың бірі – республикаға танымал азамат Тәжен Елеуов. Ол – қазақ-кеңес тарихшысы, тарих ғылымының докторы, профессор, азамат соғысы тарихын зерттеуші, еліміздің бірқатар министрліктерінде басшылық қызмет атқарған. Қазақ Совет энциклопедиясын құрастырушылардың бірі – профессор Мүсілім Базарбай. Алматыдағы Абай атындағы университеттің тарих ғылы­мының докторы, пофессор Күзек Назханов. Қазақстанның партия, совет қайраткері Ибрагим Еділбаев. Республикаға танымал дәрігер-ғалым Әлмырза Тәшпенбетов. Ұлы Отан соғы­сының ардагері, «Құрметті темір­жолшы» Кәкім Әбдіқадыров сынды даңқты азаматтарымен бүгінде елі мақтанады.

Р.S. Белкөлдің бағыты айқын, мүддесі биік. Кенттің мақсатынан тың серпін байқалады. Біз қаламен қанаттас орналасқан орталықтың руханиятына кеңінен тоқталуға тырыстық.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: