Сенбі, 25 мамыр, 01:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№41 – 2051
25.05.2024
PDF мұрағаты

Депутаттар құрылыс жұмысын бағамдады

25.04.2023

541 0

Қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев депутаттармен бірге қаладағы су арналарының тазалығы мен Бәйтерек шағын ауданындағы көпір құрылысын бағамдап қайтты.

Ел ішіндегі ахуалды көзбен көрмек мақсатта халық қалаулылары ұзындығы 7,8 шақырым болатын Қызылжарма арнасын тазалау жұмыстарымен танысты. Бұл арна қаланың шет аймақтарын аяқ сумен қамтамасыз етеді. Сондықтан тазарту жұмыстары сапалы әрі тиянақты істелуі қажет. Істің барысын бақылаған қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев арналарды тазалау барысында автокөлік көпірлерінің астындағы құбырлар ішін толыққанды тазалау керектігін ескертті. Сондай-ақ депутаттар бұдан бөлек темір жол асты аяқ су баратын құбырларды тазарту, тазалау жұмысына арнайы техникалар тарту керектігін айтып, осы іс-шараны мамыр айына дейін аяқтап, ел игілігіне берсе деген ұсыныстарын жеткізді. Қазіргі таңда аталған арнадағы тазарту жұмысы «Ақмешіт сарқырама» мердігер мекемесі жауапкершілігінде.

Мұнан соң Бәйтерек шағын ауданына ат басын бұрған халық қалаулылары ондағы көпір құрылысымен танысты. Қала мен шағын аудан арасын жалғайтын ұзындығы 47 метр болатын көпір құрылысы тамыз айында аяқталады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда бәйтеректіктер қалаға Жезқазған тас жолына шығатын жалғыз көпір арқылы қатынайды. Тұрғындар жаңа көпір пайдалануға берілсе қатынас жолы оңтайланар еді дейді. Бастысы, тұрғындар тілегі деп көпірдің салынғанына риза болмай, құрылыс талаптарына сай болуын қадағалау. Бұл ретте депутаттар магистральды арна арқылы өтетін суға кедергі келтірмеу жақтарын қарастыру, көпірдің құрылысын мерзімінде аяқтау, жаңа көпірден Бәйтерек шағын ауданына өтетін автокөліктерге оңтайлы жағдай жасау мақсатында екі жақты жолды стандартқа сай сәйкестендіру қажет екенін айтты.

Бәйтерек шағын ауданы тұрғындары осы орайда депутаттарға бірқатар мәселенің түйінін тарқатты. Оның ішінде қоғамдық көліктердің жол сызбасын шет көшелерге дейін созу, тұрғын үйлерді орталық кәріз жүйесіне қосу, ауыз су қысымын көбейту, қалып қойған жерлерді газдандыру, негізгі көшелерді жарықтандыру, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту туралы сөз болды.

Сонымен қатар осы аумақтан сайланған депутат Ә.Әбләзімұлы арна үстінен аяқ жол көпірін салу, тұйық көшелерге жол салу, тұрғын үйлерді кәріз су желілеріне қосу және басқа да мәселелерді шешу бағытында жұмыстар істеліп жатқанын жеткізді.

Депутаттық аралауда атқарылып жатқан жұмыстар барысын тиісті сала мамандары түсіндірді. Оларға халық қалаулылары тарапынан көтерілген мәселелерді шешуде нақты ұсыныстар айтылды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: