Жұма, 29 наурыз, 10:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Елден сұрақ, әкімнен жауап

31.05.2022

1203 0

«Елден сұрақ, әкімнен жауап» айдары арқылы бұған дейін қалаға қарасты кенттер мен ауылдардың әкімдері тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Бүгінгі кезекте Қосшыңырау ауылдық округ тұрғындарының сауалына ауылдық округ әкімі Сейдуали Әбдіқадыров жауап берді.

Ауыл тұрғындары үшін қоғамдық көлік мәселесі әлі де шешілмей келеді. Ауылға үлкен сыйымдылықты автобус қашан беріледі?

Қосшыңырау ауылдық округіне қарасты Абай және Досан елді мекендері бойынша қоғамдық көлік қатынасы үздіксіз жұмыс істеп келеді. Орта сыйым­дылықтағы қоғамдық көліктер жұмыс күндері  сағат сайын таңғы  7-00 ден кешкі 19-00 ге дейін он төрт рет, ал сенбі, жексенбі күндері  екі сағат сайын 7 рет жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетуде. 

Қазіргі таңда тұрғындардың сұранысына сәйкес, тасымалдау қызметіне үлкен сыйымдылықтағы қоғамдық көліктерді қосу жөнінде құзырлы мекемеге ұсыныс берілді.  

Ауыл тұрғындарының арма­ны – көгілдір отынға қол жеткі­зу. Бұл қашан жүзеге асады?

Ауылдық округі көгілдір отынмен қамтамасыз ету – өзекті мәселенің бірі. Бұл мақсатта жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге бюджеттен 11 млн 688 мың теңге қаржы қаралып, қазіргі таңда толық құжаттары дайындалды. Құрылыс жұмыстарына қажетті қаржы 665 млн теңгені құрады. Аталған қаржыны бөлу жөнінде жоғарғы тұрған құзырлы мекемелерге бюджеттік өтінім өткізілді.

Мектепке күрделі жөндеу жұ­мыстары жүргізілгелі жа­­тыр. Оған қанша қаржы бө­­лінеді? Мер­дігер компания кім? Сенімді ме?

Абай ауылында орналас­қан № 138 орта мектеп 1987 жылы пайдалануға берілген. Аталған білім ордасына бүгінгі күнге дейін күрделі жөндеу жүргізілмеген. Осы мақсатта биыл күрделі жөндеуге бюджеттен 584 млн 895 мың теңге қаржы қаралды.

Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Тұрғындар үшін жарық өзекті мәселеге айналып тұр. Екі күннің бірінде жарықсыз отырамыз. Осы  мәселенің көтерілгенніне қан­шама жыл болды. Бірақ әкімшілік тарапынан нәтижелі жұмысты көре алмаудамыз. Подстанцияны жаңарту жоспарда бар ма?

Округке қарасты Абай ауылында 2020 жылы қосымша бір трансформатор орналастырылып, электр қуаты талапқа сай беріліп, мәселе шешімін тапқан болатын.

Ал Досан елді мекеніндегі жаңа қоныс аума­ғындағы 23 көшеге талапқа сай электр бағаналары мен қосалқы электр станцияларын орнатуды қажет етеді. Осы мақсатта  жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін қалалық бюджеттен – 10 млн  теңге бөлініп, бүгінгі таңда бұл құжаттар әзірленуде.

Өз кезегінде жоба-сметалық құжаттары толық дайын болса, құрылысына қажетті қаржыны бөлу жөнінде құзырлы мекемелерге ұсыныс берілетін болады.

Дегенмен, бүгінгі таңда Досан ауылына электр қуаты үздіксіз берілуде.

Ауылдағы бірнеше көше жарықпен қамтылған. Ендігі жарықтандыру қай көшеге жүргізіледі?

Елді мекеннің көшелерін жарықтандыру жұмыстары жыл сайын атқарылып келеді. 2022 жылға Абай ауылындағы «Сиыр фермасына» баратын жолға және Досан ауылындағы 17-ші көшеге жарықтандыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

«Балалар жылына» орай ауылда қандай жұмыстар жүзеге асуда?

Бүгінгі таңда Абай ауылындағы мәдениет үйінде 7 үйірме жұмыс жасауда. Оның ішінде «Балалар жылы» аясында «Ән шырқайық», «Қыл қалам»,  «Сөз маржан»  және  «Ай жұлдыз»  атты үйірмелер қосымша ашылып,  300 бала қатысуда.

«Балалар» жылына орай алдағы 1 Маусым – халық­аралық балаларды қорғау күніне арналған «Сәбидің күлкісі – әлемнің сыңғыры» атты мерекелік шара өткізу жоспарлануда.

Бұдан бөлек, балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында жазғы тынығу лагері балаларының арасында спорттық ойындардан жарыс, сонымен қатар, балаларға арналған отандық кинофильмдер көрсетілімі ұйымдастырылатын болады.

P.S. Өз ауылыңыздың әкіміне қояр сауалыңыз болса «Ақмешіт апталығы» газеті редакциясына хабарласыңыз.

Телефон: 8 (7242) 40 11 10.   

E-mail: akmeshit.kz@mail.ru

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: