Сәрсенбі, 24 сәуiр, 17:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Елден сұрақ, әкімнен жауап

12.07.2022

638 0

«Елден сұрақ, әкімнен жауап» айдары арқылы бұған дейін қалаға қарасты кенттер мен ауыл әкімдері тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Бүгінгі кезекте Талсуат ауылдық округі тұрғындарының сауалына ауыл әкімі

Айбек Жылқыбай жауап берді.

– Талсуат ауылы қалаға жақын орналасқан елді мекеннің бірі. Әйткенмен ауылға қатынайтын қоғамдық көлік мәселесі қалай шешілген? Әлде, тұрғындар қалаға таксимен қатынайды ма?

– Талсуат ауылдық округіне «Талсуат-Арай-3» бағыты бойынша №31 қоғамдық көлік қатынайды. «М-Бывалый» ЖШС тендер жеңімпазы. Күнделікті қала мен ауыл арасына 10-11 мәрте коғамдық көлік қатынайды. Ара-қашықтығы 15 минуттан. Ал жексенбі күндері қоғамдық көлік 3 мәрте жүреді. Ара-қашықтығы – 40 минут. Көлік мәселесі шешілген. Тұрғындардың өз қажеттілігіне байланысты ауыл мен қала арасында таксиге мінушілер де бар.

– «Балалар жылына» орай ауылда қандай жұмыстар жүзеге асуда?

–Талсуат ауылында «Балалар жылы» аясында бірқатар  жұмыс қолға алынған. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен қалаға қарасты кент және ауылдық округтердегі жасөспірімдер арасында футболдан жарыс өтті. Ауыл балаларының уақытын тиімді пайдалану мақсатында мектепте және ауылдық клубта түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Үйірмеге қатысушы балалар республикалық, облыстық, қалалық байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленуде. Сонымен қатар ауыл әкімінің кубогына жаңадан құрылысы жүргізілген футбол алаңында футболдан жарыс өтті. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында «Дойбы» ойынынан жарыс өткізді. Жарысқа мүмкіндігі шектеулі балалар да тартылды. Алдағы тоқсандарда балалар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында іс-шаралар ұйымдастырылады деп жоспарлануда.

– Талсуат ауылының тұрғынымын. Ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қазылған жаңа су ұңғымасының мәселесі қалай шешіліп жатыр, тиісті мекеменің теңгеріміне қашан беріледі?

– Жаңадан құрылысы жүргізілген ауыз су жинау қоймасынан берілетін ауыз су сапасы мен тиісті мекеменің теңгеріміне беру жөнінде Қызылорда қалалық құрылыс бөліміне хаттар жолданды. Қазіргі таңда екі скважина да тазаланды. Тапсырыс беруші мекеме «Қызылорда қалалық құрылыс бөлімі» КММ теңгерімге алатын мекеменің ескертпесіне орай құжаттарына сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде.

– Қазіргі таңда Сырдария өзенінде су тапшылығы байқалады. Ауылдағы аяқ су мәселесі қалай шешілуде?

– Шынында да, аяқ су мәселесі болды. Биыл Талсуат ауылдық округіндегі А.Байкенжеев көшесінде 2 аяқ су ұңғымасы қазылып, аяқ су берілуде.

– Жаңа қоныстанушы аймаққа электр желісі қай кезде тартылады?

– Талсуат ауылдық округінде 13 көшені электр желілерімен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-іздестіру жұмыстары жүргі­зіліп, қалалық құрылыс бөлімі арқылы жоба-сметалық құжатын сараптамасымен әзірлеуге қалалық бюджеттен қаржы бөлуге бюджеттік өтінім тапсырылды. 2022 жылғы 18 мамырдағы қалалық мәслихаттың сессиясында қолдау тапты. Жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге және сараптамадан өткізуге қаржы қалалық құрылыс бөліміне отырғызылып, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіледі. 13 көшеге Қызылорда электр тарату тораптары компаниясына техникалық шарт алу үшін хат жолданды. 13 көшенің электр желілерімен жабдықтау нысанын жүргізу үшін Қазақстан Республикасының Жер Кодексінің 44-1-бабына сәйкес жер бөлу жөнінде Қызылорда қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімімен хат жолданып, жұмыстар жүргізілуде.

– Орталық көшелердің бірі Көкшетау көшесі қай кезде асфальтталады?

– Талсуат ауылдық округінде орналасқан 8 көшеге «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қалалық бюджеттік жоспарлау бөліміне бюджеттік өтінім тапсырылды. Көкшетау көшесі осы көшелердің қатарында. Алдағы уақытта қаржының бөлінуіне байланысты жұмыстар жүргізіледі.

– Ауылымызға жаңадан мәдениет үйі салынады дегенді естіп едік. Сол жұмыстар қалай атқарылып жатыр екен? Одан кейін ауылдың оң жағында жаңадан салынған үйлер өте көп. Жолдарының барлы­ғы тақтайдай тегіс, ризамыз. Бірақ балалардың барлығы сол жолды алаңқай есебінде пайдаланып, «ажалдың астында» ойнап жүр. Бүлдіршіндерімізге ойын алаңы салына ма?

–  2022 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Талсуат ауылдық клуб ғимаратының құрылысы басталды. Тапсырыс беруші – қалалық құрылыс бөлімі. Жобалаушы мекеме – «Крез-сервис» ЖШС, мердігер мекеме – «Өмірзақ» ЖШС. Қазіргі таңда мердігер мекеме клуб ғимаратының өжіре жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар ауылдық округте балаларға арналған екі ойын алаңы бар. Жаңа қоныс аймаққа балалар ойын алаңын салуға жоба-сметалық құжаттары дайын. Қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөліміне бюджеттік өтінім тапсырылды. Қаржының бөлінуіне байланысты жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар ойын алаңының құрылысы үшін жер учаскесі заңдастырылуда.

– Талсуат ауылында 3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бар. Осы мекемелерге Талсуат ауылынан қаншама ауыл тұрғындары жұмысқа «Қызылорда-Жалағаш» тас жолынан қатынайды. Осы жол бойына көше жарығы мен жаяу жүргіншілер жолы салынбай ма?

– 3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығына тұрғындардың жұмысқа қатынауына жаяу жүргіншілер жолы мен көше жарығын жүргізу үшін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне бюджеттік өтінім тапсырылды. Іздестіру-жобалау жұмыстары жасалды. Жоба-сметалық құжаттарын жасатуға қаржы бөлуге ұсынылды. Қаржының бөлінуіне байланысты жұмыстар жүргізіледі.

Дайындаған Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

P.S. Өз ауылыңыздың әкіміне қояр сауалыңыз болса «Ақмешіт апталығы» газеті редакциясына хабарласыңыз. Телефон: 8 (7242) 40 11 10.    E-mail: akmeshit.kz@mail.ru   WhatsApp 87029325225

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: