Жексенбі, 28 сәуiр, 14:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Ғалымжан Еркебай, қала әкімінің орынбасары: Қаланы көркейту үшін бар күш-жігерімізді салып жатырмыз

04.01.2024

1271 0

Қоян жылы қаламызда атқарылған жұмыс аз емес. Бірнеше ғимарат пен тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілді. Сондай-ақ жаңадан автокөліктер келіп, қолданысқа берілді. Осы орайда қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебаймен сұхбаттасып, атқарылған жұмыстарды сараладық.

– Өзіңізге белгілі, соңғы жылдары Қызылорда қаласы құрылыс алаңына айналды. Жыл қорытындылар тұста қала құрылысының жай-күйіне тоқталсаңыз?

– Қалада соңғы жылдарда құрылыс саласында ауқымды жобалар көбейді. Өткен жылы сол жағалаудың №2 шағын ауданында 5 қабатты 10 тұрғын үй салынса, оның жанында орналасқан 7 қабатты тұрғын үйлердің құрылысын аяқтау биылға жоспарлануда. Сондай-ақ өткен жылы Тасбөгет кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілсе, Белкөл, Талсуат ауылдық округтерінде 150 орындық клуб салынып, Ақсуат ауылдық округі мен Қосшыңырау ауылдық округіне газ құбыры тартылды. Бұл – аймақтағы құрылыстың қарқынды жүргізілуінің дәлелі.

– Тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстары бойынша түрлі пікір көп. Модернизация жұмысына көңіл толмаушылық басым. Бұл туралы не айтасыз?

– Тұрғын үйлерді қайта жаңғырту бойынша ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 30 сәуірдегі №473 қаулысымен бекітілген «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған», «Өңірлер­ді дамыту 2020» және «Нұрлы жер 2020-2021» бағдарламалары мен ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес Қызылорда қаласында орналасқан 205 көпқабатты тұрғын үйге 2011-2023 жыл аралығында кондоминиум объектісінің ортақ меншіктегі мүлік­теріне күрделі жөндеу жүргізіліп, меншік иелеріне пайдалануға берілді. Егер құрылыс мекемесі көпқабатты үйлердің қайта жаңғырту жұмыстарына салғырт қарайтын болса, оған сот органдары тарапынан тиісті шара көріледі. Осыған сәйкес тұрғындар тарапынан келіп түскен арыз шағымдар кепілдік мерзім аралығында қайта жүргізіледі.

– Жалпы қаладағы үй кезегінде тұрған азаматтардың қарасы қалың. Кезек қалай жылжуда?

– Қазіргі таңда тұрғын үйге мұқтаж адамдардың тізімдегі жалпы саны бойынша 27 031 отбасы кезекте тұр. Оның шініде біреуі ғана ардагер болса, қалғаны жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратындар. Сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқа» алған, бұрын «Батыр ана» атағын иеленген немесе I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылардан бөлек, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары да үй кезегінің тізімінде. Сонымен апаттық жағдайда тұрған үйлердің тұрғындары да үй кезегін күтуде. Осы санаттағы азаматтар үй кезегінің ретілігі бойынша жылжиды. Айта кетейік, ҚР заңына сәйкес белгіленген тәртіппен өткен жылдың наурыз айында апаттық жағдайдағы 40 отбасына тұрғын үй кезегінің реттілігі бойынша пәтер табысталды. Мұнан бөлек 2023 жылдың тамыз айында тұрғын үй кезегі реттілігін түгендеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 2276 азамат тұрғын үй кезегінен шығарылды.

– Шыны керек, коммуналдық саланың мәселесі бітпейді. Әсіресе қазіргідей қыс мезгілінде түрлі мәселелер орын алып жатады. Мәселен, тозығы жеткен тұрғын үйлерде жылу жүйесіне шағым айтатындар көп. Бұл мәселе қалай шешімін табуда?

– Қызылорда қаласы бойынша барлығы 815 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 711-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған, ал 104 үй автономдық блокты модульдік қазандықтар арқылы жылытылады (қатты, сұйық және газ отынымен). Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерді жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін арнайы жұмысшы топ құрылып, олар қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жылу жүйелерін тексеріп, аралау жұмыстарын жүргізді. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде 58 көпқабатты тұрғын үйдің өжірілеріндегі жылу жүйелерінде ақау анықталды. Осы мәселені қалпына келтіру мақсатында оған жауапты сала маманы, коммуналдық мекемелер мен дербес бөлім басшылары және пәтер иелері кооперативтерінің, мүлік иелерінің бірлестігінің төрағаларына жиналыс өткізіп, тиісті тапсырмалары берілген. Қазіргі таңда 58 көпқабатты тұрғын үйдің өжірелеріндегі жылу жүйелерінің ақаулары қалпына келтірілді. ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 32 бабының 1 тармағына сәйкес пәтерлердің, тұрғын емес үйжайлардың меншік иелері кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізуді қоса алғанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіпұстау және оның қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қолдануға міндетті делінген. Осыған сәйкес көпқабатты тұрғын үйлердің жылу жүйесінде ақау болған жағдайда меншік иелері және кондоминиум обьектісін күтіп ұстаушы органдар бірлесіп, тиісті жұмыстарды жүргізуі қажет.

– Әлеуметтік желіде орталық алаңның жайы да сөз болып жүр. Қазір орталық алаңда құрылыс жүріп жатқаны белгілі. Орталық алаң қалай өзгереді?

– Жобаға сай абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Орталық алаң халық демалатын, уақыт талабына сай көркейген орынға айналады.

 – Қаламызда жеті қабатты үйлер пайдалануға берілмек. Бес қабатты үйдің мәселесі аз емес, 7 қабатты үйдің жағдайы қалай болар екен?

 – Өңірімізде алғаш рет 7 қабаттан тұратын 84 пәтерлі 6 т ұ р ғ ы н ү й құрылысмонтаждау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыстың жалпы құны 9927 млн теңгені құрайды. Оның шаршы метрі – 37283,4 болса, ал пәтер саны – 504. Жалпы 7 қабаттан тұратын көпқабатты үй лифтмен қамтылатын болады. Оның құрылыс жұмыстары биыл аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Алдағы уақытта ешқандай мәселе туындамайды деген ойдамыз.

– Соңғы жылдары құрылысты өзгелер емес, жергілікті құрылыс компаниялары салуда. Нәтиже қалай?

 – Жоба-сметалық құжаттамалары әзірленгеннен кейін сатып алу конкурсы жарияланады. Конкурс нәтижесінде жеңімпаз мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын екі жақты келісім-шартқа сәйкес жүргізеді. Қазіргі таңда қаламызда құрылыс монтаж жұмыстарын жергілікті мекемелерімен қоса басқа да жергілікті емес мекемелерде құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Жергілікті мекемелер құрылыс жұмыстарын жүргізгенде жергілікті мамандар жұмыспен қамтылады және осы арқылы өңіріміздің экономикасы артады.

– Қоғамдық көлік мәселесіне келейікші. Автобустың жүру уақытына шағым айтатындар көп. Бұл мәселе бойынша не айтасыз?

– Өздеріңізге белгілі, Қызылорда қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту және қала тұрғындарының негізгі мәселелерін шешу мақсатында көптеген жұмыс атқарылды. Мәселен, 2022 жылы заманауи үлгідегі, сыйымдылығы үлкен 150-дана автобус алынған. Бүгінде ол қалаішілік бағыттарда халыққа қызмет көрсетуде. Ал өткен жылы аймақ басшысының тікелей қолдауымен қосымша 150-автобусқа өтінім беріліп, оның 50-автобусы келіп жұмысқа қосылды. Қалған 100 автобус жақында келеді. Жеке тасымалдаушылардың иелігіндегі, аз қамтылған №10, 12, 13, 15, 16, 28, 29, 30 ,31 бағыттар жаңадан келген автобустармен толықтырылып, пандемия уақытында жабылып қалған №3, 19, 20, 22, 23, 33, 34 бағыттар қайта ашылды. Қазіргі таңда жүру уақытын «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-дағы диспетчерлік орталықта бақылау жүргізілуде. Айта кететін жайт, жолаушылар арнайы Яндекс және 2ГИС қосымшасы арқылы қоғамдық көліктердің жүру сызбасы мен аялдамаға келу уақытын біле алады.

– Қызылорда қала­сының сәулеттік келбетіне қандай баға бересіз?

– Қаламызда сәулеттік келбетін дамыту бағытында «Қалалық сәулет және қала құрылысы» бөлімі 2023 жылдың басынан 95 эскиздік жоба әзірлеп, қала әкімдігіне ұсынылды. Олар – Қызылорда қаласындағы бірқатар даңғыл мен көше бойындағы 26 және 32 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттерін қайта жаңғырту жобасы, Вокзал аумағындағы 2 қабатты тұрғын үйлердің сыртқы қасбетін әрлеу және қаламыздағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру жобасы. Сондай-ақ 20 әкімшілік ғимараттың қасбеттерін қайта жаңғырту мен 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» алаңын салу және аллеялар, саябақтар сияқты тағы басқа жобалар әзірленді. Қаламыздың көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттерінің құрылыс жұмыстары заманауи материалдарымен қапталды. Cонымен қатар қаламызда бірнеше нысанның құрылысы басталып, «Неке сарайы», «Анаға тағзым» және мектептер пайдалануға берілді. Жаңа өнер ордасында симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар мен түрлі форматтағы қоғамдық ісшаралар өткізілетін «Өнер орталығы» құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Өңірде қан орталығы ғимаратының да құрылысы қарқын алды. Алдағы уақытта сол жағалауда қасбеттері заманауи талаптарға сай 7-9 қабаттан тұратын тұрғын үй мен физика-математикалық мектептің ғимараты бой көтерсе, балаларға тарту ретінде жаңадан «Оқушылар сарайы» салынады деп жоспарлануда. Бұған қоса аймақта Болат Өтемұратов қорымен бірге 11 млрд теңгені құрайтын заманауи жолаушылар терминалы және қуаттылығы 240 мегаватқа жететін жаңа жылу электр стансасының құрылысы салынады. Жалпы қаланы көркейту үшін бар күш-жігерімізді салып жатырмыз.

         – Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Нәзира МҰҚАТАЕВА,

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: